«Амал жоқ! Түрмеде барлық қабілетің ашылады»

Заң бұзып жазықты болғандардың кейбірі түрмеден қауіпсіздігі барынша төмен ЛА-155/13 мекемесіне ауысып, еңбек етіп жүр.

Айшолпан КЕРІМ

  • 26.04.2021

Заң бұзып жазықты болғандардың кейбірі түрмеден қылмыстық атқару қызмет мекемесіне ауысып, еңбек етіп жүр. Malim.kz сайтының тілшісі Айшолпан Керім сондай жандармен сөйлесіп келді.  


Енді керемет қызметті армандайтын жайым жоқ  – Мұса

   Зейнетақы қоры бөлімдерінің бірінде басшы болдым. Бір құжатқа қолым қойылды деп есептеліп кеткен соң, «шектен тыс қаржы жаратты» деген айып тағылды. Бұған дейін бес жыл жазамды түрмеде өтедім, осы жерге ауысқаныма жарты жыл болды. 

Мұса бөлім басшысымен

Мұса бөлім басшысымен

   Құжаттағы қол менікі емес екені сот медициналық сараптамада дәлелденді. Алайда сот оны салмақты бір дәлел деп есептемеді. Қазіргі таңда 5 миллиард теңгенің тек 1 миллиардын өтеп болдым.

   Енді керемет қызметті армандайтын жайым жоқ. Жазамды өтеп шыққан соң 5 жыл бойы мемлекеттік мекемеде жұмыс істей алмаймын. Бостандыққа шыққан соң, амал жоқ, отбасын асырау керек. Аяққа тұрып алғанша, осы қара жұмыста жүре тұрармын. Кейін қаражат жинап, жеке кәсіп ашқаннан басқа амал жоқ.
Мұса сұхбат бойы «Амал жоқ» дегенді көп айтты. Мекеме кітапханасының қорына көңілі толмайтын ол қазір жасырын талантты ашу жолдары жайлы кітап оқып, бостандыққа шығуға дайындалып жүргенін  байқатты.

   «Таңертең ерте тұрып, сап тізіп, таңғы ас ішіп, жұмысымызға кетеміз. Кешке келіп, қайта сапқа тұрамыз. Алматының әр жерінде жұмыс істейтіндіктен, түгендеу түнгі тоғызда өтеді. Жігіттердің бәрі жиналғанша кітап оқимын. Бұл жердегі кітаптар өте ескі, сол үшін сырттан алдыртамын. Бірақ барлық кітапты бірдей ішке кіргізе алмайсың. Қызметкерлер кітап мазмұнын толық тексеріп, құжат толтырған соң ғана қолыңа береді. Қазір Сен-Сир Денің жасырын қабілетті шыңдау жайлы кітабын оқып жатырмын. Басқа амалым жоқ, бұрынғы бар қабілет тек мемлекеттік мекемеде қызмет етуге жарайтын. Ал түрмеде адамның бар қабілеті ашылады екен» (күліп)

Қамаудағы жандардың бір қабілеті қылмыстық кодексті жатқа білетіні болса керек. Жөн сұрай бастасаң, қылмыстық кодекстегі баптар мен тармақтардың нөмірін ғана айтып, бетіңе қарап тұрады. Не қылмыс жасағанын жай сөзбен айтпайды.  
 

Кез келген жас кәсіпкер бизнестен опық жейді. Кейбірі ғана сотталады – Елдос

   190-бап, 4 тармақ бойынша (алааяқтық ісі-ред.) 6 жыл, 8 айға сотталдым. Қазір сол мерзімнің жартысын өтедім. 
   Астанада құрылыс және қызмет көрсету бойынша үш фирмам бар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын теңге құнсызданып, бизнесіміз құлдырай бастады. Сондай қиын сәтте серіктесіммен келісе алмай қалдық. Дағдарысқа төтеп бере алмай, ол кәсіпке құйған инвестициясын кері сұрады. Ол ақша айналымға салынғандықтан, сол уақытта кері қайтару мүмкін емес еді. Ал серіктесім ақша алып, кері қайтармағанымды айтып, сотқа берді. Жаза алдым, мойныма 200 миллион теңгеден аса қарыз ілінді.

Елдос Қазақбаев
   Минималды режимге ауысып келген алғашқы кездері айлығым 42 мың 500 теңге еді. Ал қазір айлығым – 50 мың теңге. Оның 20 мың теңгесін сол қарызды өтеуге жұмсаймын, қалғанын өз шығыныма, ұлымның балабақшасын төлеуге, отбасыма жіберіп отырамын. 

   Кәсіп бастай сала осындай сәтсіздікке ұшырасам да, бостандыққа шыққан соң, бәрібір жеке кәсіппен айналысқым келеді. Тек бағытты өзгертемін. Серіктес таңдауда абай болғаным  жөн екен.

   Кінәсізбін дегеннің өзінде, қазір осы жерде жүргенімнің басты себебі – жастығым. 25 жастағы жігіт үшін 3 фирманы басқару оңай емес. Жалпы мен сияқты кез келген жас кәсіпкер бизнесте опық жейді, тек бәрінің ісі бірдей сотқа жете бермейді. 

   Қазір апта сайын үйіме, отбасыма барып тұрамын. Сот ісі басталғанда ұлым 2 жаста еді, қазір жасы алтыда. Жақында мектепке барады. Бірақ ештеңеге қарамастан, түрмеде өткізген бірнеше жылды қамақ деп атамас едім. Осы уақытқа дейінгі тірлікті ой елегінен өткізуге, жеке қабілетті дамытуға, өз ойымен оңаша қалуға берілген  уақыт деп қабылдадым.

Айлығым 42500 теңге, тамақтан артылмайды – Илья 

   307-бап бойынша (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру-ред.) ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде ұсталдым. Таныстарыммен бірігіп, жасырын казино аштық. Сотталмастан бұрын 2 жыл осы кәсіпте, оған дейін банктің бірінде жұмыс істедім. Жаңа іспен айналысып көргім келді, жеке кәсібім болса дедім. Сүйтіп жүріп, осы салаға түсіп кеттім. 5 жыл 6 айға сотталдым. Минималды режимге ауысқалы 1 жыл болды. 

Илья
   Техникалық жөндеу орнында жұмыс істеймін. Қарызым жоқ. Айлығым – 42500 теңге, бәрін өз қажетіме жаратамын. Қажетім дегенде, ол ақша тамақтан артылмайды ғой, басқа ештеңеге жетпейді.

   Жеңіл жазадағылар айлық аз дегенімен сотталғандардың бәріне жұмыс беріле бермейді екен. Мәселен, жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Әділ Әділханов түрмеден ауысып келгендер бірден жұмысқа тұрмайтынын айтады.  

Әділ Әділханов  сотталғандарды жұмысқа орналастыру бөлім басшысы

   ҚР еңбек кодексі бойынша жазасын өтеп жатқандарды жұмысқа орналастырамыз. Қазір таңда біздің бөлімде 142 адам бар, оның 131 жұмыс істейді. Сотталушы бізге ауысқан соң, 15 күн карантинде болады. Осы уақыт ішінде біз де оның жеке ерекшеліктерін, жұмысқа икемі мен білімі, үкімін зерттеп үлгереміз. Мамандығымен автоэлектрик, аспаз, құбыр тазалаушы болып жұмыс істеп жатқандар бар. Бірақ, дипломы бар екен,  білімі жоғары екен деп, басшылық қызмет бере алмаймыз.

   Заңға сәйкес, жұмыс істейтіндердің бәрі кем дегенде 42 500 теңге жалақы алады. Ресми жұмыс болған соң зейнетақы қорына да жарнасы аударылады. Бізге келетіндердің көбі алааяқтықпен істі болғандар. Әдетте дәл осы азаматтардың қарызы көп.  Сол қарызды өтеу үшін олардың еңбекке ертерек араласуы дұрыс.

   Бірақ жазаны өтеудің жеңіл режиміне – біздің мекемеге ауысу үшін сотталушы түрмеде өзін барынша жақсы жағынан көрсетуі шарт.

Сотталғандарды ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Эльвира Дюсупова

   «Бізде бос жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілердің тізімі бар. Жалпы жұмысқа орналастыру процессіне 15 күн жетеді. Азамат бірден ресми жұмыскер болмайды, алғашында 2 ай төленетін сынақ мерзімінен өтеді» - дейді сотталғандарды ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Эльвира Дюсупова.  

Қылмыскерді жұмысқа алудан жұмыс берушіге қандай пайда?

   Жұмыс беруші үшін еңбек ақысы арзан жұмысшы алады. Айлығы аз болғанына қарамастан сотталушы ол жұмысты дұрыс істеп, өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады, себебі, ондай жетістігі бостандыққа ертерек шығуға мүмкіндік береді. 

   Жұмыс берушілерге арнайы түсіндіру сағаттары, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Ал жұмысшы өзін жақсы жағынан көрсете алмаса, алдымен ескерту жасалады. Екінші рет қайталанса, тәртіптік изоляторға бірнеше күнге ауыстырылуы мүмкін. Одан кейін олар қайта жұмысқа тұра алмайды. Бұл азаматтың сот істерін де қиындатады. Бірақ мұндай жағдай өте сирек. Былтыр ондай жағдай тіркелмеді - дейді Эльвира Дюсупова.

  Қылмыскер болған соң, құжаты жоқтар да кездеседі. Ондай жағдайда, ХҚКО барып, құжаттарын жасап беруге көмектесеміз.

Дюсупованың сөзінше, сотталушылардың арасында өзге ел азаматтары да бар, оларға ЖСН мен төлқұжат дайындалады.

P.S. Айтпақшы біз сөйлескен кейіпкерлердің бәрі бостандықта жүргенге ештеңе жетпейді дейді.

Байланысты жаналықтар

Адам өліміне кінәлі «5:32» сериалының продюсері сотталды

29.11.2024

Бассейнге батқан 10 жасар қыздың өліміне кінәлі құтқарушы сотталды

27.11.2024

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

27.11.2024

142 азамат кешке көшеге шығамын деп түрмеге қамалды

26.11.2024

Ақтөбеде тасқын болып жатқанда 600 мың теңге пара алған

26.11.2024

Изолятордан қашу. Жауапсыздық танытқан 2 қызметкер жұмыстан шығарылды

21.11.2024
MalimBlocks
Адам өліміне кінәлі «5:32» сериалының продюсері сотталды

Салдарынан 16 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты

Бассейнге батқан 10 жасар қыздың өліміне кінәлі құтқарушы сотталды

Құтқарушы қызды бассейндегі ересектерге арналған жүзу залына өткізген

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

Олар міндеттерін бұзғаны, Президенттің немесе президент Әкімшілігінің тапсырмаларын орындамағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, тәртіп пен әдепті сақтамағаны үшін жазалануы мүмкін

142 азамат кешке көшеге шығамын деп түрмеге қамалды

321 адамның үйінде бар-жоғы тексерілген

Ақтөбеде тасқын болып жатқанда 600 мың теңге пара алған

Пара берген компания басшысы да жазасыз қалмады

Изолятордан қашу. Жауапсыздық танытқан 2 қызметкер жұмыстан шығарылды

Бұдан бөлек, 12 қызметкер жазаланды