«Ақыры бәріне унитаз кінәлі деп жазатын шығар»: Бишімбаевтың сотында тергеуге белгісіз хат оқылды
Хаттың мәтіні судья Айжан Көлбаеваны таңғалдырған сынды.
Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы бүгін де жалғасып жатыр. Экс-министрді қорғаушы тарап соттан Салтанат Нүкенова жазған мәлімдемені іс материалдарына тіркеуді сұрады. Алайда Нүкенованың туыстарының адвокаттары бұл хаттың Салтанаттың жазғанына күмән келтіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотталушының адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов Бишімбаевтың блокнотына жазылған жазбаны оқыды. Оның айтуынша, Салтанат Нүккенова кезінде Қуандық Бишімбаевтың атына жазған.
Ол (Салтанат) оған (Бишімбаевқа) өтініш жазды. Мәлімдеме дәл осы жағдайларға қатысты. Ол өзара сенімді қалпына келтіруге уәде береді. Атап айтқанда, оның дәптерінде Нүкенованың өз қолымен жазған жазбасы бар, - деді Ғазымжанов.
Осыдан кейін қорғаушы хатты оқыды:
Мен, Салтанат Нүкенова, Қуандыққа деген сенімді қалпына келтіруге уәде беремін. Оған сенемін, қызғанбаймын деп уәде берем. Психологқа үнемі баруға, өзіммен жұмыс істеуге серт етем. Мен шын жүректен, мойынсұнып, Қуандықты құрметтейтін болам. Отбасы ошағын қорғайтын, сүйіспеншілікке толы әрі қамқор әйел болам. Боқтамаймын, әңгіме шығармаймын. Егер сондай жағдай болса, түсіністікпен қараймын әрі өзімді ұстаймын, ант етем. Мен оның пікіріне сенем әрі ол маған жақсылық тілейді деп сенем. Мен сүйікті Қуандыққа қамқорлық жасауға, құрметтеуге, әрқашан қолдау көрсетуге міндеттенемін. Мен Қуандықпен бірге намаз оқимын, санаммен жұмыс істеймін, рухани өсем әрі Алланың көмегімен үйім мен махаббатымызды қорғаймын".
Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат Нүкенованың жазған хаты Бишімбаевтың оны азаптады деген нұсқаны жоққа шығарады деп санайды.
Хаттың мәтіні судья Айжан Көлбаеваны таңғалдырған сынды.
Әйелі күйеуіне осындай міндеттеме алатынын жазған ба? Мұны қалай түсінуге болады? Әйелінің күйеуіне осындай хат жазғанын бірінші рет естіп отырмын, - деді Көлбаева.
Қорғаушы тарап соттан хатты іс материалдарына тіркеуді сұрады. Сот процесі барысында бұл хаттың тергеу органдарына берілмегені айтылды. Бишімбаев бұл өтінішті қолдап, екінші сотталушы Бақытжан Байжанов сот шешіміне қалдырды.
Зардап шеккен тараптың адвокаты Игорь Вранчев өтінішке кекесінмен қарады.
Басты сот талқылауының соңында Салтанат Нүкенованың, бәлкім, сот пен алқабилердің атына бірден "бәріне унитаз кінәлі" деген хаты шықса таңғалмаймын, - деді Вранчев.
Судья Көлбаева Бишімбаевтың адвокаттарына айтылған арызды іс материалдарына қосудан бас тартты.
Фото: time.kz