457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Автобустар тозған; жүргізушілердің ұйқысы қанбайды – Сәбит Аманбаев

Автобустардың апатқа ұшырау қарқыны үрейлі. Ал жолаушылар тасымалы саласында маман жетпеуі өршіп тұр деп хабарлайды Malim.kz.

 

Соңғы кездері жолаушылар автобусы - еліміздің басты жаңалықтарына айналып жүр. Тағы бір жүргізушінің рульге ие бола алмай, апатқа ұшырағаны туралы хабар өңірлерден жиі тарап жатады. Олардың ішіндегі қазіргі ең бастысы әрине, Астанадағы қайғылы оқиға болып отыр. Бүкіл ел, бағанға соққан автобуста екі аяғынан айрылған қыздың тағдырын бақылап отырды. Апаттың жүйелі түрде болып жатқаны анық болды.

 

"Қазақстан автотранспортшылар одағы" ЗТҚ - ҚР көлік министрлігіне, қалалардағы автобус парктерінің жұмысын жақсарту туралы ұсыныстарын жолдаған. Бұл туралы сол ұйымның жетекшісі Сәбит Аманбаев malim.kz тілшісіне айтып берді.

Сәбит Амантаев

 

- Автобустардың апатқа жиі ұшырауына кім кінәлі: жүргізушілер ме, әлде автопарк па?

 

- Алдымен, тасымалды ұйымдастыру кезеңіндегі олқылықтарды жоюдағы жүйелі жұмыстың жоғы кінәлі. Бұл жерде заңдар үлкен рөл ойнайды. "Жол жүрісі туралы" заңда жолаушылар тасымалымен кәсіпорын айналысады деген жалпылама ғана сөздер бар. Бірақ ол қалай жүзеге асады? Бұл жағынан нақты заң актілері жоқ. Ендеше, кәсіпорындарды бақылау да жоқ. Нормативтік құжатта автобус парктері, автокөлік кәсіпорындары ерекше аталу керек. Мысалы, көлік санына шаққанда қажет жол қауіпсіздік инспекторларының саны нақтылануы тиіс. Қазір, жүргізушілердің, түрлі жағдайда - ауа райы, т.с.с. ахуал кезінде қалай әрекет етуін сипаттайтын инструкциялар жоқ. Бұл - орасан, кешенді жұмыс және ол - жоқ.

 

Екінші мәселе - мамандардың жетпеуі. Бұл дегеніміз - автобус жүргізушілері барлық жерде нормадан артық жұмыс істеп жүр деген сөз. Заң бойынша жүргізуші әрі кеткенде 9 сағат жұмыс істеу тиіс, басқа уақытта демалуы керек. Жүргізушінің демалуы мен қалпына келуі өте маңызды, бұл, реакция сияқты басты қасиеттерінің мұқалмауы үшін қажет.

 

- Сонда, жүргізушілер жолаушылар автобусында жұмыс істеуге құлықсыз болғаны ма?

 

- Әрине, жүргізушілер көбіне тас әлде нан тасығанды құп көреді. Ондай жерлердер жалақы да көп, жүйкесі де қатты тозбайды. Адаммен жұмыс істеу қиын екенін түсінесіздер. Жолаушылардың ағыны толастамайды. Бұл психика және эмоция тұрғысынан өте қиын. Бұған қоса, бұл – кәдімгі қара жұмыс. Ерте тұрып, кеш жату керек. Көбінің ұйқысы қанбайды. Оның үстіне, жалақылары аз. Жүргізушінің жалақысы өңір бойынша орташа есеппен алынады. Ал ондай жалақы нарықтағы ұсыныстан төмен. Сондықтан, жүргізуші нормадан артық жұмыс істеуге мүдделі болады. Ол қайғылы жағдайларға әкеліп соғады. Соңғы кездері біздің көріп жүргеніміз - осы. Рас, жүргізуші 700 мың теңге жалақы алатын мысалдар бар. Бірақ тіпті мұның өзін жүргізуші арқалаған жүкке лайық төлем деп айта алмас едім.

 

Иә, кейбір автобус парктері бұл бағытта әлдебір шаралар жасап жатыр, бірақ кадр тапшылығы ешқайда кеткен жоқ. Ереже бойынша, 1 автобусқа кемінде 2 жүргізуші болуы тиіс. Бір жерлерде бұған қол жеткізді, алайда жалпы алғанда жағдай, әсіресе өңірлерде - мәз емес. Мамандықтың қадірі де кетті.

 

- Сіздің одақтың көлік тасымалын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын айтыңызшы?

 

- Жақында премьер-министр көлік министрлігіне көлік тасымалын жетілдіру туралы бағдарламаның жобасын жасауды тапсырды. Біздің одақ сол жобаға автобус жүргізушілерін дайындаудың дербес мемлекеттік бағдарламасын жасауды қосуды ұсынды. Ол бағдарламада саладағы қазіргі кемішіліктердің барлығы ескерілуі тиіс. Мысалы, дуалды оқытуды жандандыру керек. Сонда кәсіпорындар білім беру ұйымдарына дайындалуы тиіс жүргізушілер санын нақты беретін болады. Оның үстіне, біз мамандықтың мәртебесін көтеру жөніндегі бірқатар шаралар кешенін ұсынамыз.

Мысалы, совет кезеңінде жүргізушілер ең көп жалақы алып қана қоймай, зейнетке 58 жасында шығатын. Әрі, кәсіпорын атынан курорттар мен санаторийлерге жолдама берілетін. Осындай және басқа шаралар автобус жүргізушілерін мәртебелі мамандық иесі деңгейіне көтерген болатын.

 

- Елімізде үлгі боларлықтай автобус парктері бар ма?

 

- Мардымсыз қаржыландырудың кесірінен жалпы ахуал көңіл көншітпейді, сондықтан үлгі аларлық кәсіпорындар жоқ деп ойлаймын. Бірақ, өте мығым әрі қуатты автопарктер жоқ емес. Ал Қазақстандағы ең мықты автопарк деп Қарағанды қаласының №3 автопаркін айтар едім. Ол жерде бұрыннан қалған дәстүр жалғасын тауып келе жатыр.

 

Сапардың қауіпсіздігі мен сапасына әсер ететін тағы бір фактор - парктің жаңаруы. Көп өңірде автобустың тозуы мәселесі ушығып тұр. Екі жыл бұрын осы мәселе жөнінен Қостанай алға шығып еді: оның 90% автобусы тозған болып шықты. Қазір ахуалдың түзелетіндей сыңайы бар. Бірақ мәселені көлік министрлігі ерекше бақылауға алғаны дұрыс болады.

 

Темирлан Куспаев, malim.kz