«Балалардың жағдайын сұрап жатыр». Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман сот үкімі туралы ойын айтты
Қуандық Бишімбаевтың екінші некеден үш баласы бар
Жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман сот үкіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл отасқан. Олардың екі ұл, бір қызы бар. Сот процесі кезінде Назым бірнеше рет сұхбат беріп, экс-күйеуінен көрген зорлық-зомбылықты баяндаған еді. Сот үкімінен кейін балалары бұл шешімді қалай қабылдағаны жөнінде пікірін айтты.
Қазір көпшілік балалардың жағдайын сұрайды. Балалардың жағдайына байланысты көп сұрақ келіп жатыр. Мен балаларыммен мақтанамын. Олар кішкентай ғана басына түскен ауыртпашылықты қайыспай көтеріп жатыр. Өкінішке қарай, барлық ата-ана балаларына үлгі бола бермейді. Оған қоса, өз балаларын осылай қиын жағдайға қалдырады, біреудің ғана емес, өз өмірін де жалмайды. Қазіргі маңызды нәрсе, мен және балаларым әрі қарай өмір сүруді жалғастырамыз. Басты мақсатымыз осы. Барлығына қолдау білдіргені үшін алғысымды айтамын, - деді Назым Қаһарман Instagram парақшасында.
Сондай-ақ Назым Қаһарман Tengrinews.kz-ке берген пікірінде сот процесі кезінде өзіне де, балаларына да қиын болғанын атап өтті.
Бір жағынан әйел ретінде, осы елдің азаматы ретінде ашық сотты қолдадым, өйткені бұл процесті қоғамның сауығуы мен терапиясына қадам ретінде қабылдаймын. Екінші жағынан, сот балалар мен маған күйзеліс болып тиді. Өйткені онда адам шошырлық мән-жайлар белгілі болды. Балалар мұны қабылдап, әрі қарай да өмір сүруі керек. Әлемдегі бірде-бір балаға мұндайды тілемеймін. Сондықтан бәрі аяқталғанына жеңілдеп қалдық, - деді Назым Қаһарман.
Ол алқабилердің шешімімен толықтай келісетінін жасырмады.
Менің ойымша, алқабилер соты істің барлық ашық және жабық материалын қарап, саналы және дұрыс шешім қабылдады, - деді ол.
Фото: Видеодан скрин