"Болашақ" амбассадоры: "Болашақ" баршаға қолжетімді!

Елнұр Бақытқызы

  • 31.05.2021

Таңшолпан Ахмадиева "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияың Глазгоу қаласындағы Стратклайд (Stratchclyde University) университетінде "процестерді жетілдіру бойынша инженерлік басқару" (Engineering Management for process Excellence) мамандығының магистратурасында оқиды. Таңшолпан Ахмадиева 2021 жылдың ақпанынан бері "Болашақтың" амбассадоры, ол "Болашақ" бағдарламасын таныстырып, үміткерлерге шетелде оқуға түсу мен оқу процесінің қалай өтетінін әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндіреді. Таңшолпан елге оралған соң, үнемді өндіріс жобаларын басқару бойынша алған білімін өзі жұмыс істейтін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының еншілес ұйымында қолдануды жоспарлап отыр. Таңшолпан Ахмадиева Malim.kz-ке берген сұхбатында "Болашақ" бағдарламасының іріктеу кезеңдері, шетелде оқу ерекшеліктері мен Ұлыбританиядағы білім беру жүйесі туралы айтып берді.

– Таңшолпан, ең алдымен "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға қалай түстіңіз, іріктеуден қалай өттіңіз, сол жайлы айтып берсеңіз.

– "Болашақ" бағдарламасына құжаттарды 2019 жылы тапсырдым. Ол уақытта іріктеу басқа жолмен өтетін. Байқауға "жалпы конкурс" категориясы бойынша қатыстым. Қазақ тілі мен ағылшын тілін білу деңгейін көрсететін IELTS емтихан өзім алдын ала тапсырдым. Ал іріктеудің бірінші кезеңінен өту үшін ұсыныс хат пен мотивациялық хат жазуым керек болды. Мотивациялық хатты қалай жазатынын білмегендіктен, түрлі мамандардан ақыл-кеңес алып, оны жазу жолдарын үйрендім. Қазір оны жазуды меңгергенім сонша, басқа үміткерлерге университетке мотивациялық хатты қалай жазу керектігін түсіндіріп көмектесемін. Осылайша, іріктеудің келесі кезеңі  – кешенді тестілеуге өттім. Бұл кезеңде интеллектуалды деңгейді анықтайтын тест пен психологиялық тест, тарих пен Конституция бойынша сұрақтар қойылады (қазіргі кезде "Болашақ" бағдарламасының іріктеу ережесі өзгерді.  Іріктеу үш кезеңнен тұрады, құжаттары дұрыс, талапқа сай келетін үміткерлер бірден кешенді тестілеуге жіберіледі, екінші кезеңде тәуелсіз комиссия мүшелерімен сұхбаттасады, үшінші кезеңде шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссия үміткерлер тізімін анықтайды – ред.). Кешенді тестілеудің сұрақтары қиын емес, үміткерлердің басым бөлігі тестілеуден құламай келесі турға өтеді.

Байқаудың келесі кезеңі – тәуелсіз комиссия мүшелерімен сұхбат. Шынын айтқанда, байқаудың осы кезеңінен қатты қорықтым. Өйткені бұл жерде адам факторы бар, комиссиядағы адамдар саған қандай сұрақтар қоятынын еш уақытта білмейсің. Бірақ өзіме сенімді болуға тырыстым. Шетелде оқу маған не үшін керек, оған неге лайықпын, елге қандай пайда әкелетінімді айтып бердім. Үстел үстінде менің құжаттарым жатты, онда Мәскеудегі инженерлік-физикалық институтты қызыл дипломмен бітіргенім көрсетілді. Оны былай қойғанда, өндірісте үш жыл жұмыс өтілім бар болды. Сондықтан комиссия мүшелері маған құрметпен қарайтынын сездім. Бұл маған одан бетер сенім бітірді. Комиссия мүшелері маған бірнеше сұрақ қана қойды. Кейінірек байқау нәтижелері шыққанда, тізімнен өзімді көрдім.

– "Болашақпен" оқуыңыз туралы айтып берсеңіз. "Болашақ" бойынша оқитын мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Магистратура бағдарламасы бойынша Шотландияның Глазго қаласындағы Стратклайд университетінде "процестерді жетілдіру бойынша инженерлік басқару" (Engineering Management for process Excellence) мамандығында оқып жатырмын. Оқу онлайн болғандықтан, Лондон қаласында тұрып жатырмын. Бұл мамандық өнеркәсіп өндірісін басқаруға бағытталған. Біз кәсіпорынды логистикадан бастап үнемді өнеркәсіп жобаларын жасап, сапалы басқаруға дейінгі дүниелерді өтеміз. Неліктен бұл мамандықты таңдадым дегенге келсек, елде "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының еншілес ұйымының өндірісінде жұмыс істедім. 2017 жылы үнемді өндіріске көшіп, кеніште қызықты жобаларды іске асыра бастадық. Осы кезде жұмысшылар мен инженерлерді оқыту үшін Ресейден үнемді өндіріс жобалары жөніндегі маман келді. Сөйтіп, үнемді өндіріске қызығушылығым оянды. Бірақ екінші жағынан мамандарды Ресейден алдыртып жатса, демек, Қазақстанда үнемді өндіріс жобаларын басқаратын тапшы деген қорытынды жасадым. Осы салада жобалар жасадым, кейінірек үнемді өндіріске түбегейлі ауысамын деп шештім.

– Жалпы, іріктеу артта қалды, өзіңіз қалаған мамандық бойынша оқып жатырсыз. Ал "Болашақ" бағдарламасы қаншалықты қолжетімді, бұл туралы не дейсіз?

– "Болашаққа" таныстар арқылы түседі" дегендей алыпқашпа әңгімені естігенім рас. Алайда менің де, ата-анамның да ешқандай таныстары жоқ. Өз күшімізді сынап көрсем деп құжат тапсырып көрдім. Сөйтіп, іріктеудің ашық, әділ екеніне көз жеткіздім. Осы себепті "Болашақпен" оқып жүргендіктен, басқа адамдарға бұл стипендия баршаға қолжетімді екенін жеткізгім келеді."Болашақпен" оқыңыз келсе, қорықпай, қаймықпай, құжат тапсырып, бақ сынап көріңіз. Қазір мен білетін, өзім аралас-құралас болып жүрген "болашақтықтардың" бәрі қарапайым отбасынан шыққан. Олар осы мақсатқа жету үшін еңбектеніп, күш салып, "Болашаққа" құжат тапсырып, өз бағын сынап көрді. Ал қазір әлемнің жетекші оқу орындарында оқып жатыр.

"Болашақтың" баршаға қолжетімді екенін түсіндіргім келгендіктен, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" биыл қаңтар-ақпанда жариялаған "Болашақ" амбассадоры" байқауына қатыстым. Іріктеу нәтижесінде әділқазылар қазіргі кезде "Болашақпен" оқып жатқан 11 стипендиатты амбассадор ретінде таңдады. Олардың арасында мен де бармын.

Амбассадор ретінде "Болашақ" шәкіртақысын көпшілікке таныстырып, әлеуметтік желідегі парақшамда адамдардың қызығушылығын ояту үшін бағдарлама қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндіремін. Оқу қалай ұйымдастырылатынын, емтихан қалай өтетінін көрсетемін. Өзім саяхаттаған жерлерден сурет салып, барған-көрген жерлерім туралы жазба қалдырамын.

Пандемияға байланысты көптеген университет оқуға түсу талаптарын жеңілдетті. Мысалы, көп университет бұрын тек IELTS емтихан нәтижесін қабылдаса, қазір Duolingo тест нәтижесімен қабылдап жатыр. Duolingo IELTS-тан үш есе арзан, ал нәтижесі әлдеқайда тез шығады. Сондықтан тіл емтиханынан университетке қажет балды бірден жинай алмай қалсаңыз, тағы бірнеше мәрте тапсырып көруге болады.

"Болашақ" амбассадоры ретінде шетелде оқуға түсемін деуші үміткерлерге құжат жинаудан бастап университеттен оқуға шақырту алуға дейінгі сұрақтарға жауап беріп көмектесемін. Өз тәжірибемді бөлісемін.

– "Болашақ" бойынша оқуға түсемін деушілер қалай дайындалуы керек? Дайындықты неден бастаған дұрыс?

– Ең алдымен шет тілін қажет деңгейде меңгеру керек. Өйткені біз бірден шетелге келіп, магистратура бағдарламасын оқуды бастап кетеміз. Академиялық оқу кезінде эссе, диссертация жазу керек болады. Сондықтан IELTS деңгейі кемі 6-6,5 шамасында болғаны жөн.

Екіншіден, мақсат айқын болуы тиіс. Яғни бұл оқуға не үшін түсесіз, елге қайтып оралған соң алған білімді қалай қолданасыз, осыны нақты түсініп, айқындау керек. Себебі елге қайтып оралған соң оқыған мамандығыңыз бойынша республикалық маңызы бар қалаларда 5 жыл, аймақтарда 3 жыл жұмыс істеуіңіз керек. Сондықтан өзіңізге қызықты және Қазақстанға пайда тигізетін, үлес қосатын мамандық таңдаған жөн. Ал университет таңдау, қала таңдау, оқу бағдарламасын таңдау тәрізді келесі қадамдарды асықпай жасауға болады.

Ал іріктеуге келсек, кешенді тестілеу қиын емес, Ең бастысы, тәуелсіз сарапшылар комиссиямен сұхбатта өзіңізді сенімді ұстаңыз, шетелде не үшін оқығыңыз келеді, неге белгілі бір университетті таңдадыңыз, соны айқын түсіндіріп беруіңіз керек. Ең бастысы, шетелге барғанда шетелдіктер саған қарап еліңді танитынын естен шығармаған дұрыс. Яғни еліңді қалай таныстырасың, егер шетелдіктер елің туралы сұраса, оларға не айтасың дегенді де ойластырған жөн.

– Университетті қалай таңдаған едіңіз? Оқу орнын таңдағанда рейтингке қарадыңыз ба, әлде оқытылатын пәндерге ме? Бәлкім, профессорлық-оқытушылық құрам да маңызды болған шығар?

–  Ең алдымен университетті мамандыққа қарай таңдадым. Қазір менімен байланысқа шығып, ақыл-кеңес сұраушылар "Лондонда тұрғым келеді, қандай оқу орнын таңдағаным жөн?" дейді. Асылы, универсиетті мамандыққа қарап таңдаған дұрыс. Мысалы, мен таңдаған мамандықты оқытатын оқу орындарының саны аз. Ал "Болашақтың" жоғары оқу орындары тізіміндегі осы мамандықты оқытатын университеттер тіпті аз. Әрине, оқу орындарының рейтингісіне де қарадым. Бұдан бөлек мен таңдаған университеттің оқу бағдарламасы, тәжірибеге көп көңіл бөлетіні маңызды болды.

Стратклайд университетінде мен оқып жатқан магистратура ғылымнан гөрі тәжірибеге көңіл бөлетін бейіндік бағыттағы бағдарлама. Мысалы, біз топтық жұмысты Ұлыбританиядағы компаниялардың бірінде жасадық. Бұл капсулды кір жуатын машиналардың жаңа түрін шығаратын Lock Electronics компаниясы. Біз топпен бірге осы компанияға арналған операциялық менеджмент жоспарын жасадық. Яғни өнім Қытайдағы өндірістен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі бүкіл қадамдарды ойластырдық. 

Екіншіден, дипломдық жұмыс та жұмыс істеп жатқан компанияға қатысты жазылады. Қазіргі кезде компрессор шығаратын халықаралық компаниямен осы бағытта жұмыс істеп жатрымын. Бейінді магистратура болғандықтан, оқу кезінде алып жатқан білімімді тәжірибеде қолдана алу мен үшін маңызды болды.

– Бакалаврды Ресейде оқыдым дедіңіз. Егер Ресей мен Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім беру жүйесін салыстырсаңыз, негізгі айырмашылықтар қандай?

– Ресейдегі білім беру жүйесіне тоқталсақ, онда білім беру Совет жүйесіне ұқсас. Яғни семестр бойы оқисың да, семестр соңында емтихан тапсырасың. Емтихан кезінде билеттегі сұрақтарға жазбаша жауап беріп, артынша жауаптарды оқытушы алдында қорғауың керек.

Ұлыбитаниядағы білім беру жүйесі мүлде басқа. Ресейде көбіне теория оқытылып, тәжірибелік жұмыстар аз берілсе, Ұлыбританиядағы білім беру тәжірибе жұмыстарына көбірек сүйенеді. Әрбір пән бойынша дерлік нақты мәліметтерді қолданып, топтық жұмыс орындадық. Мысалы, бір компанияны алып, сапаны бағалау жүйесін салыстырыңыз дегендей тапсырма беріледі.

Тағы бір айырмасы, Ресейде техникалық білім алғандықтан, көбіне есептер шығару, оны шешу жолдарын түсіну, жаттауға көбірек мән берілетін. Ал Ұлыбританияда сыни ойлауға көп көңіл бөледі. Әр пән бойынша академиялық эссе жазу тапсырмасы беріледі. Эссе жазуға үйренбегендіктен, бастапқыда қиын болатын. Эссе жазу үшін көптеген әдебиет пен ғылыми мақала оқып, оны сыни ойлау елегінен өткізіп, талдап, қорытып жазып шығу керек. Екінші жағынан жаңа нәрсе үйрендім.

Сондай-ақ оқытушының әрбір өткізген жұмыста кеткен қателерді талдап, қай тұсы дұрыс жазылғанын айтып, кері байланыс беретіні ұнайды. Келесі жұмысты осы кері байланысты ескере отырып жазуға болады. Оқытушылар жазған жұмысты белгілі бір критерийлер бойынша бағалайды. Ол критерийлер шкаласы анық беріледі. Мысалы, сыни ойлау, эссе құрылымы деген критерийлер шкаласы беріледі. Оқытушы кері байланыста әр критерий шкаласы бойынша жұмысыңды қалай бағалағанын түсіндіреді. Мысалы, сыни ойлау үшін "5" деген балл алсаң, ол нені білдіретіні анық көрсетіледі.

– "Болашақ" бағдарламасы бойынша ай сайын алатын стипендия өмірге жете ме?

– Стипендия жетеді, тіпті молынан жетеді. "Болашақта" бұл жағы дұрыс ойластырылған. Мысалы, Лондон қымбат қала болғандықтан, онда оқитын студенттердің стипендиясы Ұлыбританияның басқа қалаларына қарағанда 300 долларға артық. Егер пәтер жалдап тұру мен жатақханада тұру салыстырсақ, жатақханадан бөлме жалдау анағұрлым қымбат. Дегенмен "Болашақ" стипендиясы тіпті жатақханада тұратын студенттерге де жетеді. Сондықтан стипендия жетпей қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ.

Ұлыбританияда студенттік визамен аптасына 20 сағатқа дейін жұмыс істеуге болады. Бірақ мен жұмыс істегенім жоқ, өйткені ондай қажеттілік жоқ, стипендиям жетеді, тіпті кейде саяхатқа да ақша артылып қалады.

– Ұлыбританияда университтегі онлайн оқу қалай жүріп жатыр?

– Ұлыбританияда офлайн оқымағандықтан, онлайн мен офлайн оқуды салыстыру қиын. Бірақ алып жатқан, берілуі тиіс білімге қарап, екеуінің арасында аса бір қатты айырма бар деп айта алмаймын. Сондықтан онлайн оқудың артықшылықтары бар деп айтар едім. Неге десеңіз, лекцияға қатыспай қалсам немесе лекция кезінде маңызды нәрсені жіберіп алсам, оны қайта көруге, қайта тыңдауға мүмкіндік бар. Онлайн оқуда берілетін тапсырма мен өтілетін сабақ тура офлайн оқумен бірдей. Өйткені оқу бағдарламасы жете ойластырылған. Сондықтан онлайн оқу білім беру сапасына әсер етті деп ойламаймын. Онлайн оқудың бір ғана кемшілігі бар. Ол – оқытушылармен, өзіңмен оқитын студенттермен араласып, олардың мәдениетімен таныса алмайсың. Бірақ Лондонда тұрып жатқандықтан, осындағы достарымның группаластарымен араласуға мүмкіндік бар.

– "Болашақпен" оқу, шетелде өмір сүру сізге қалай әсер етті?

– Әрине, шетелде өмір сүру дүниетанымға әсер етеді. Қазір өзімді шетелге келмей тұрған кезіммен салыстыру қиын. Әсіресе, Лондонда тұру қатты әсер етеді. Мұнда "Болашақпен" оқитын студенттердің қауымдастығы бар. Біз бір-бірімізді танымасақ та, көмек көрсетеміз, басқа қаладан келетін "болашақтықтарды" күтіп алып, қонақ қыламыз. Өзіміз тұратын қаланы көрсетеміз. Шетелге түсуден қорқақтайтын кей жастар "онда жалғыз жүремін" деп уайымдайды. Мұнда "болашақтықтардың" қауымдастығы бар, сондықтан жалғыз қалмайсыз. Біз Наурыз, тағы басқа мерекелерді тойлаймыз, ауызашар ұйымдастырамыз.

"Болашақпен" оқитын студенттердің бәрі ашық, көкжиегі кең, алдына мақсат қойып, оған жете алатын жастар.

– Ал "Болашақ" бағдарламасының үйлестірушісі –"Халықаралық бағдарламалар орталығы" тарапынан оқу кезінде қандай да бір көмек көрсетіле ме?

– Әрине, "Халықаралық бағдарламалар орталығындағы" кураторлар көмектеседі. Менің екі кураторым болды, екеуі де жақсы қолдау көрсетті.  Тіпті оқу кезінде бір пәнді тапсыра аламын ба, жоқ па деп күмәнданғанда кураторым психологиялық көмек көрсетті. Кураторлар үнемі бізбен байланыста.

Сондай-ақ университте де академиялық эдвайзер мен күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуге көмектесетін ментор бар.

– Оқуыңыз аяқталып, елге оралған соң не істейсіз? Алған білімді қалай қолданасыз?

– "Қазатомөнеркәсіптің" еншілес ұйымы – Технологиялар орталығы институтында жетекші инженер ретінде жұмыс істеймін. Сол жұмысқа оралып, білімімді қолданамын. Қазірдің өзінде бірнеше жоба бойынша идеям бар. Елге оралған соң "Қазатомөнеркәсіп" жүйесінде уранды қайта өңдеу өндірісіндені процестерді оңтайландыру және үнемді өндіріс бойынша жобалар жасаймын деген жоспарым бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Алматыда шаңды дауыл тұрып, нөсер жауын жауып жатыр

28.03.2024

Су тасқыны: Қауіпті аймақтардан 1 431 адам құтқарылды

28.03.2024

Бишімбаевтың сотын тікелей эфирде 47 мыңнан астам адам қараған

28.03.2024

Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың активтері туралы мәлімдеме жасады

28.03.2024

Қояндыда су тасқыны кезінде жолды жауып тастағандар айыппұл арқалады

28.03.2024

Қаңтар оқиғасы: Айкөркем Мелдеханның өліміне кінәлі әскери қызметкер 7 жылға сотталды

28.03.2024
MalimBlocks
Алматыда шаңды дауыл тұрып, нөсер жауын жауып жатыр

Алматыда кешкі уақытта жел күшейіп, шаңды дауыл тұрды. Салдарынан қалада шаң мен құмды көтерілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Су тасқыны: Қауіпті аймақтардан 1 431 адам құтқарылды

Өткен тәулікте су тасқыны қаупі бар аймақтардан 1 431 адам, оның ішінде 312 баланы құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бишімбаевтың сотын тікелей эфирде 47 мыңнан астам адам қараған

Жоғары соттың баспасөз қызметі азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың активтері туралы мәлімдеме жасады

Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан халқына үндеу жолдады. Агенттік олигарх Қайрат Боранбаевтың мемлекет пайдасына активтерді беруінің жалғандығын жоққа шығарады, деп хабарлайды Malim.kz.

Қояндыда су тасқыны кезінде жолды жауып тастағандар айыппұл арқалады

Ақмола облысында су тасқынынан кейін наразылық білдірген Қоянды ауылының тұрғындарына айыппұл салынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаңтар оқиғасы: Айкөркем Мелдеханның өліміне кінәлі әскери қызметкер 7 жылға сотталды

Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханды өлтірді деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұман жеті жылға сотталды, деп хабарлайды Malim.kz.