Болатбек Оразбаев: қазақ екінші сортты елге айналды

Олжас Қасым

  • 17.11.2020

«Тілеуханұлымен сұхбат» бағдарламасының кезекті қонағы Болатбек ОРАЗБАЕВ болды. Айтыскер ақын елдегі қоғамдық-саяси жағдайларға қатысты ойларымен бөлісті. Әдетте, айтыскерлер айтқанымызды эфирден қиып тастайды деп жатады. Айтыскердің бір ауыз сөзіне де қиянат жасалмады. МӘЛІМ КЗ сайты сұхбаттан үзінділер ұсынады. Толық нұсқасын «Жаңа Алаш» ютуб каналынан көруге болады. 

Шенеуніктердің алдында арнау айтпаймын

Өмірімде бір рет арнау айтып көрдім. Содан кейін тоқтаттым. Бір жылдары Алматыдағы өзім тұратын «Думан» ауданында «Наурыз» мерекесі өтетін болды. Ақсақалдар “ұлттық мейрамда жырдан шашу шашсаң” деп қолқа салды. Үлкендердің сөзін екі ете алмадым. Сонымен мейрам басталды. Әкімдер де келді. Мен арнауымды екі шумақ қайырғанда, алдында отырған әкім-қаралар, ақсақалдар үдере орындарынан тұрып кетті. Бәрін көріп тұрмын. Олар дастархан жайылған қазақ үйге кіріп кетті. Мен арнауымды аяқтап, сахнадан түсіп келе жатыр ем, әкімнің көмекшісі жүгіріп қасыма келіп: “Жүріңіз, әкім киіз үйде отыр. Арнауыңызды сол жерде айтыңыз”, - дейді.

- Арнауды әкімнің артынан іздеп жүріп айтатын адам емеспін. Сүйек тастаса, сумаңдап кететін ит екен деп ойлама мені. Тыңдайтын болса, бағана сахнада айттым ғой. Егер шынайы ақынды тыңдайтын әкім болса, - деп кетіп қалдым. Содан бері әкім-қаралардың алдында, мансапты адамдардың алдында арнау айтпаймын. Әйтпесе екі күннің бірінде түрлі шақыртулар түседі. Саяси жиындарға да арнау айтуға шақырып жатады.

Мұхамеджан Тазабеков «Асыл арнаға» шақырды

«Асыл арнаға» сұхбаттарға барып жүретінмін. Сол кезде ондағы жұмыс істейтін адамдардың діни жолдарының бөтендеу екенін көргенмін. Мұхамеджан Тазабеков жұмысқа шақырғанда бірден-бір себебі осы. Жақында Мұхамеджан Тазабеков адасқанын мойныдады ғой. Адамдардың бет бейнесі өзгерген. Сақалдарын қауғадай. Сүнетти киім деп ұзын киім киіп алған. Сөздері біздің діни басқарма айтатын әңгімелермен үйлеспейді. М. Тазабековтің маңайындағы Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов сынды әріптестеріммен бірақ пікірлеріміз келіспейді. Мұхамеджан Тазабеков ел алдында өзінің адасқанын ашық мойындады ғой. Енді қасындағылар да ел алдында өз сөздерін айту керек.

Патша жайлы уағыз тыңдамаймын

Қазір уағыз тыңдамайтын болдым. Діни басқарманың жолымен жүреміз ғой. Бірақ барлық уағыздарын қабылдай алмаймын. Себебі саяси астары бар уағыздар да бар. Патшаға қарсы шығуға болмайды, сабыр сақтайық, шүкір етейік деген әңгімелер көп айтылады. Сабыр мен шүкірдің жақсы екенін білеміз. Бірақ сабырды сақтайтын да бер бар, сақтамайтын да жер бар. Шүкір ете отырып та жақсы нәтижеге жетуге болады ғой. Шүкір ет деп бізді өзімізден төмен Қырғызстанмен салыстырады. Бірақ біз неге одан да жақсы өмір сүруге талпынбауымыз керек. Біз неге Катар сияқты болмауымыз керек. Бізде де мұнай бар ғой. Одан бөлек жер асты байлықтар жетеді. Президентке қарсы шықпау керек деп айта береді. Ешкім президеттке қарсы емес. Президент бастысы халық мойнына артқан амантқа адал болсын. Біздікі пікір білдіру. Кеше алқа билер де хандарға өз пікірлерін айтқан. Одан хандардың шаңырағы ортасына түскен жоқ қой. Керісінше ел мүдесі жолындағы еңбектері жемісті болды. 

Қазақ екінші сортты ел болып қалды

Қордай, Сарыағаш, Шоңжы, Шелекте болған оқиғаларды білеміз ғой. Ол жақта не болғанын да. Қазақ қазір өз елінде тұрып екінші сортты болып қалды. Ұлтаралық кикілжің болып қалса бірінші қазақ сотталады. Тарихты қарайтын болса өзге этникалық топтарға ата-әжелеріміз қолындағы барын берген. Тірі қалуларына септесті. Асымызды ішіп, аяғымызға түкіріп жатқандар бар. Қазақтың қонақжайлықтан шегіп жатқан зардабы аз емес. Бір- екі ауыз қазақша сөйлегенді төбемізге шығарып күтеміз. Ертең олар қызымызды алады, байлығымызға ортақтасады.

Депутаттардың 700 мың айлығы және 50 мың жәрдемақы

Құдайға шүкір бес балам бар. Сол бес балаға үкіметтен елу-ақ мың теңге беріледі. Ал депутаттардың орташа айлығы 700 мың теңге. Ал іргедегі Қырғызстанның депутаттары  167 мың теңге алады екен. Бізде бір депутатқа бір жылға бюджеттен 90 миллионға жуық қаражат бөлінеді. Олардың қызметтік баспанасы, көлігі, жүріп-тұруы тағысы, тағы. Оларға біз 700 мың теңгені не үшін төлеуіміз керек? Басыңда үйің, көлігің жұмысың және өзге де отбасы мүшелері еңбек етсе 200 мың айлық жетеді ғой. Қазақтың көбеюіне үлес қосып жүрген аналардың жәрдемақысын қысқартқанша, депутаттардың айлығын кескен оңтайлы шешім болады деп ойлаймын.

https://www.youtube.com/watch?v=lLnM1B-K3Fw&t=1463s

Фото: Жаңа Алаш

MalimBlocks
Шеше көрмеген... Қабылбек «ұстазға» тоқтам қоятын кім бар?

Ол "шеше деген балаларын тастап кеткен әйел" дейді.