Есіл өзенінің суы бір тәулікте 5 метрге көтерілген
Солтүстік Қазақстан облысында күннің жылынуымен қар қарқынды еріп, өзендердің суы қауіпті деңгейге дейін күрт көтерілу қаупі бар, деп хабарлайды Malim.kz.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өткен тәулікте Сергеев су қоймасының су деңгейі 75 см-ге көтеріліп, бөген 107%-ға толды. Кешеден бері суы ернеуінен асып, төгіліп жатыр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінің суы бір тәулікте 492 см-ге көтерілді. Мұндағы қауіпті деңгей – 1 800 см, қазір 1 202 см-ге жетті. Крещенка елді мекені маңында орналасқан гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің 194 см-ге өзгергенін анықтады.
Есіл ауданының Покровка елді мекенінің маңында 67 см-ге, Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекенінің жанында Есіл өзені 36 см-ге көтерілген.
Шағын өзендердің де су деңгейі біршама артқан: Ақанбұрлық өзені Возвышенка ауылының маңында – 172 см-ге, Ковыльное елді мекенінің маңында 132 см-ге, Рузаевка елді мекенінің маңында Шарық өзені 145 см-ге, Гусаковка ауылының маңында Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі 129 см-ге көтерілді. Десек те, қауіпті деңгейге әлі жете қойған жоқ.
Фото: qyzyljarnews.kz