Мәскеуде танымал стендап-комик Нұрлан Сабуров ұсталды

Танымал стендап-комик Нұрлан Сабуров Мәскеудегі Шереметьево әуежайында көші-қон заңнамасын бұзды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz SHOT Telegram-арнасына сілтеме жасап.
«Нұрлан Сабуров Шереметьево әуежайында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұсталды», – делінген хабарламада.
SHOT-тың мәліметінше, Сабуров Мәскеу маңындағы көші-қон бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда оған адвокат жіберілген. Егер оның кінәсі дәлелденсе, қазақстандық комикті елден депортациялау қаупі бар.
Ресми органдар әзірге оқиғаға байланысты түсініктеме берген жоқ. Сабуровтың Ресейде болу тәртібін нақты қай жағынан бұзғаны туралы да мәлімет әлі жарияланбады.
Айта кетейік, Қазақстанның Степногорск қаласының тумасы Нұрлан Сабуров соңғы жылдары өнерімен Ресейде кеңінен танылған стендап-комик.
Фото: әлеуметтік желі