Миллиард теңге жымқырған экс-шенеунік Қожағапанов 3 жылға сотталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған Ерлан Қожағапановқа үкім шығарды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Экс-шенеунік лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ауыр салдарға әкелгені үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Қожағапановқа мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапанов 2023 жылғы 1 наурызда ұсталып, қамауға алынған болатын. Сот үкіміне сәйкес, оған тағайындалған үш жылдық жаза мерзімі есептелген кезде тергеу изоляторында отырған әрбір күні 1,5 күн ретінде есепке алынады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтейтін болады.
Антикоррупциялық қызмет Қожағапановты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деп айыптады. Ресми мәліметке сәйкес, ол 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру үшін бір коммерциялық ұйымның мүддесін қорғап, сол компаниямен келісімшарт жасауға ықпал еткен. Форумның сметасы екі есе артып, нәтижесінде бюджет қаржысы жөнсіз жұмсалған.
2024 жылғы шілдеде тергеу аяқталып, мемлекетке келтірілген залал көлемі 1 миллиард теңгеден асқаны хабарланды.
Қожағапанов туралы не белгілі?
Ерлан Қожағапанов 1968 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Қарағанды мемлекеттік университетін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Ресей кеден академиясын бітірген.
1989 жылдан бастап еңбек жолын бастаған. 1990-1994 жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан. 2007-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. Кейін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы және Футбол федерациясының президенті қызметтерін атқарды. 2017-2020 жылдары Мәдениет және спорт вице-министрі, кейін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ал 2021 жылы қайтадан вице-министр қызметіне оралды. Бұдан бөлек, ол "Астана" футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы болған.
Қазір экс-шенеунік өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Фото: Liter.kz

Ең көп оқылған
