Міндетті түрде біреу өлу, құрбан болу керек...
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 4 қаңтар күні журналист Амангелді Батырбековке шабуыл жасалып, оның ұлы Дінмұхамед Батырбеков жарақаттанған болатын. Полиция журналисті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховпен оның сыбайластарын ұстаған. Malim.kz тілшісі Батырбековпен тілдесіп, оның қазіргі жағдайын білді.
-Балаңыздың қазіргі жағдайы қалай? Ауруханадан шықты ма?
-Баламның жағдайы жақсы, шүкір Аллаға. Қазір үйде емделіп жатыр.
-Осы іске тапсырыс берді күдікке ілінген адам жайлы сіз көптеген материалдар жазып, жемқорлық әрекеттері туралы ашық айтқан екенсіз.
-Жалпы Сарыағаш ауданындағы білім саласындағы жемқорлық қаншалықты күрделі мәселе?
Мысалы, Сарыағаштың бюджеті жылы 50-55 миллиард болатын болса, соның 70%-ын білім бөлімі жаратады. Осыдан-ақ баға беруге болады. Яғни ол жерде көп ақша айналады. Ол жерде тендерлер жарияланып жатады. Ыстық тамақ, кітап алу керек дейді, барлығы ақша. Одан бөлек, мұғалімдердің айлығынан жинайды. Ақшаның бәрі сол жерде болғандықтан жемқорлар да, сыбайластар да етек-жеңін түріп айналасында жүреді.
Майрихов деген жаңағы мені өлтіруге тапсырыс берді деп күдікке ілінген. Ол осы жұмыстан бірнеше мәрте қуылса да қайтып келеді. Тас кенедей жабысып алған. Неге? Барлығы жаңағы мен айтқан ақшаға келіп тіреледі.
-Ол кісі ұзақ мерзім бойы білім саласында лауазымды қызметтер атқарған екен, иә?
2011 жылы осы білім бөліміне жұмысқа келген. Білім бөлімінің басшысының орынбасары болған. 2014 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін менің сынымнан бірде бір рет түспеген кейіпкер.
-Не сіз осынша уақыт бойы «жемқорлық» әрекеттерін ашып келген адам қызметтен кеткен жоқ. Министрліктен, басқа да басшылықтан ешқандай әрекет болмады ма?
-30 жыл бойы бұл салада қате жүйе болған. Себебі аудандық білім бөлімі профильді министрлікке тікелей бағыну керек қой. Ал бізде аудан әкімдігіне бағынады. Оған Білім министрлігі не айта алады? Жұмыстан шығаратын да, жұмысқа тағайындайтын да аудан әкімі. Бұны қандай адам ойлап тапқанын түсінбеймін. Былтыр ғана аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасына өтті. Бірақ ол басқарманы облыс әкіміне байлап қойған. Сорақылық деген осы. Ал бұндай жүйеде міндетті түрде сыбайлас жемқорлық фактісі орын алады.
Министрліктен қайта-қайта айтып жатады қателіктер туралы. Алайда оны жұмыста алып қалатын мына жердегі әкім.
-Мұғалімдерден Білім бөліміндегі жемқорлыққа байланысты арыздар түсе ме?
-Түсе ме, түспей ме деп сұрағанның өзі қателік. Міндетті түрде түседі. Ылғи түседі.
-Олар да қорқыныш бар ма?
-Әрине бар. Өз аттарын ашық айта алмайды. Мысалы, мектептің директорлері Майриховті соңғы рет жұмысқа тұрғызу үшін әрқайсы 200 мың теңгеден берген. Оны бір директорлер айтады «Менің айлығымның өзі 200 мың теңге мен қалай жинаймын» деп. Олар да ақымақ емес қой. Мұғалімдерге салық салады, айлықтарынан жинап береді. Мен соны жаздым. «Майрихов әр директордан жеке-жеке 200 мың теңгеден алып жатыр екен» деп. Ол директорлер маған келіп, ақша жинап жатқаны туралы айтқан. Бірақ өздері «Біз ашық түрде шықпаймыз, амал жоқ болған соң, сізге айтып жатырмыз. Егер ашық қарсы шықсақ, жұмыстан айырыламыз. Бұған ешқандай тосқауыл жоқ екенін білеміз» деді.
-Яғни олар амалсыздан пара беру керек болып тұр ғой?
-Иә, «амал жоқ, жинап береміз» дейді. Енді ойлаңыз, 200 мың теңгеден жинағанда жалпы соммасы 18 миллион теңге жиналған.
Ауырып жатқан адам ғана заңды түрде жұмысқа келмей-ақ қойса болады. Басында Майриховты білім басқармасы заңды түрде жұмыстан шығарған. Алайда Түркістан қалалық сотының төрайымы не заңнан, не Құдайдан қорықпастан, «ауруханаға барды» деген анықтаманы алып, «бұл барған, Ковидпен ауырғанда» деп орнына қайта қойып береді. Осындай жүйенің барлығы аяғында қарапайым адамдарды біреу үшін ақша жинап беруге мәжбүрлейді.
-Мектеп директорлары бірігіп, арыз жазу деген пікір болған жоқ па?
-Сіздің айтып отырғаныңыз мультфильмде болатын жағдай. Шынайы өмірде бұндай жағдай болмайды ғой. Ондай жағдай болған күннің өзінде оларды бір-бірлеп әңгімеге шақырады да, ақыр аяғында біреуі ғана жауапты болып қалады, қалғанының бәрі секіріп кетеді.
-Сізге жасалған шабуыл саяси немесе құқықтық өзгерістер алып келді ме? Мұны сұрап отырған себебім, көптеген мемлекеттік телеарналар осы шабуыл туралы ашық айтып жатыр.
-Билікте көптеген өзгерістер болып жатыр ғой дәл қазірдің өзін де. Журналистер де «ойпырмай, осыны көрсеттік ілігіп кетпейтін шығармыз» деген күдікпен болса да, осындай мүмкіндік бар кезде ашық көрсетіп алған дұрыс деп ойлап жатқан сияқты. Бірінші, Жаңаөзенде басталған кезде «Жаңаөзен - өзгерістің бастауы» екені көрінді. Алайда менің басымда болып жатқан жағдайды ашық көрсетуде бір саяси астар бар дегенге сенбеймін. Менің басымда болған жағдайды жария ету саясаттан гөрі коррупцияны ашық көрсету мақсатында жасалып отыр деп ойлаймын. Бұның саясатқа аса үлкен қатысы жоқ.
-Білім саласындағы жемқорлық туралы айтылған бірінші ауызға ілігетіні Түркістан облысы. Бұның себебі неде?
-Бәлкім басқа облыстарда бұл туралы ашық айтылмайтын шығар. Оны ашып жазатын адамдар жоқ болар. Бірақ жемқорлық жағынан Түркістан облысына ешқандай облыс жетпейтіні белгілі ғой.
-Осы жағдайдан шенеуніктердің журналистерге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін бе?
-Әрине өзгереді. Қазір бұл республикалық деңгейдегі үлкен резонансқа айналды. Бұл туралы барлық БАҚ өкілдері жарысып жазып жатыр. Біз де қоғам тек осындай жағдайдан кейін өзгереді ғой. Міндетті түрде біреу өлу, құрбан болу керек. Сонда барып, осындай мәселе бар екен деп назар аударылады.