Мүгедектерден заңсыз салық ұстағандар анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында 366 мүгедектігі бар қызметкерден заңсыз салық ұсталуы анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұзушылықтар Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша аудандарында, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарында тіркелген. Жұмыс берушілер мүгедектігі бар қызметкерлерден жалпы сомасы 16,9 млн теңге көлемінде жеке табыс салығын заңсыз ұстап қалған. Алайда заң бойынша олар бұл салықтан босатылады.
Есіл ауданында Білім бөлімі қызметкерлері 24 мүмкіндігі шектеулі баланың заңды өкілінен негізсіз түрде 1,7 млн теңге салық ұстаған.
“Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде мемлекеттік кірістер органдары 6,2 млн теңгені қайтаруды қамтамасыз етті. Кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапқа тарту шаралары қабылданып жатыр”, – делінген хабарламада.
Қалған сома бойынша қаражатты қайтару жұмыстары жалғасуда.
Фото: freepik.com


Ең көп оқылған
