Олигарх Клебановқа тиесілі компания заңсыз сатып алумен айналысқан

Олигарх Александр Клебанов ірі акционерлерінің бірі болып саналатын «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясына» (ЦАЭК) қарасты «Павлодарэнерго» АҚ сатып алу саласында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, «QazkovEnergy» ЖШС-нің өтініші негізінде «Павлодарэнерго» АҚ-ның 2025 жылы жүргізген сатып алуларына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Тексеру барысында Қазақстан Республикасының "Табиғи монополиялар туралы" заңындағы 26-баптың 2-тармағының 18-тармақшасы мен табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларының 135 және 152-тармақтарының талаптары бұзылғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Заңбұзушылықтар сатып алу рәсімдерін өткізу тәртібінің сақталмауымен байланысты. Осыған орай, монополист мекемеге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Компанияға 3 145 600 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, уәкілетті орган сатып алу нәтижелерін жою және оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қайта өткізу туралы нұсқама берді.
Фото: 24.kz

Ең көп оқылған
