457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Павлодарда оңтүстіктен көшкендерге арналған қаржы талан-таражға түскен

Павлодар облысында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған қазақтарға бөлінген қаржыны қалтаға басқан шенеуніктердің ірі алаяқтық схемасы әшкере болды деп хабарлайды Malim.kz Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.

Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлерден көшіп келген тұрғындарға баспана сатып алу үшін әр отбасына 4 миллион теңгеге дейінгі өтемақы қарастырылған.

Алайда, Успен аудандық Карьералық орталығының қызметкерлері қоныс аударушыларға арзан бағадағы үй тауып беріп, құжат жүзінде баспана құнын екі еселеп көрсетуді міндеттеген.

Мәселен, нақты бағасы 4 миллион теңге болатын үйлер қағаз жүзінде 8 миллион теңгеге бағаланған. Шенеуніктер тұрғындарды «бағдарлама талабы осы» деп сендіріп, пайда болған айырмашылық соманы өздері иемденіп отырған.

Прокуратура өкілдері аталған алаяқтықтың кесірінен бюджетке 144 миллион теңге көлемінде шығын келгенін мәлім етті.

Сот ісі бойынша екі адамға үкім шықты: бір шенеунік бес жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісінің үш жылға бостандығы шектелген.

«Оңтүстіктен солтүстікке көшіру» бағдарламасы тұрғындарды жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтады.

Сарапшылардың пікірінше, мәселе қаржының қолды болуымен шектелмейді. Бұл тұтас мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне нұқсан келтіріп, халықтың көші-қон бастамасына деген сенімін әлсіретіп отыр.

«Мемлекеттік қолдаудың қаражатын өз қалтасына басып, халықтың сенімін саудалаған шенеуніктердің әрекеті қылмыс қана емес, моральдық қиянат», — деп жазып жатыр желідегі жұрт.