Қайырымдылыққа жиналған әр тиынның есебі бар

Қайырымдылық жасау – халықтың бірлігін күшейтеді, берекесін арттырады. Үлкендердің жақсылық жасап жарысқанын көрген жастар мейірімді болып өседі, қиянатқа, жаманатқа бармайды. 

  • 25.11.2023

Соңғы жылдары ел ішінде осындай игі істердің көбейгенін көріп, жүрек жылиды. Әрине, қолында жоқты қолдау, шарасыз қалғанды демеу – жекенің ісі. «Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмей қалсын» дегенді ұстанатындар жасаған қайырымдылығын жасыруға тырысады. Бұл дұрыс та. «Жақсылық қылсаң, жасыр, Жақсылық көрсең, асыр» деген бабалар сөзі осындайда дөп айтылған.

Қайырымдылық жасау – әр адамның өз қалауы. Айналасына ізгілік нұрын сепкісі келгендердің әрекеті қандай да бір құқықтық құжатпен шектелмейді. Ал көпшілік бірігіп жасаған қайырымдылық шаралары арнайы заңмен реттелетінін ұмытпауымыз керек. Өйткені, халықтың ұйымдасып, топтасуымен құрылған қайырымдылық қорларының, шараларының барлығының жұмысы барынша ашық болып, қаржылық түсімдердің қозғалысы бойынша нақты ақпараттың көпшілікке берілуі аса маңызды. Мұның бәрі 2015 жылдың 16 қарашасында қабылданған «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының заңында жан-жақты қарастырылған.

Заңның 2-бабында дәйектелгендей, қайырымдылықтың мақсаты қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, қолдауға және нығайтуға бағытталған.

Құжаттағы қайырымдылық қағидатына байланысты тәртіп те назарда ұсталатын негізгі тетіктің бірі. 3-батпа көрсетілгендей, қауырымдылық жасаушылар жариялылық қағидатын сақтауы тиіс. Бұл қағидат қайырымдылық жасаушының, қайырымдылық ұйымының ізгілікті іске ашық түрде қатысуын, қатысу нәтижесін бұқаралық ақпарат құралдарында ашық әрі еркін жариялауын, сондай-ақ қайырымдылыққа қатысты салық, қаржылық және бухгалтерлік есепті бүкпесіз көрсетуін міндеттейді.  

Заңда жіктелгендей қайырымдылықтың 4 түрі бар. Олар филантропиялық, демеушілік, меценаттық қызмет және кіші отанға қолдау көрсету түрінде бекітілген. Соның ішінде қазақстандықтардың  филантропиялық қолдауға көп бірігетінін байқауға болады. Бұл көмекке мұқтаждар тізімін заңның 22-бабынан табуға болады. Яғни, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, төтенше жағдайдан зардап шеккен және өздеріне қайырымдылық көмек көрсетілуіне мұқтаждар,  мүгедектігі бар адамдар; арнайы медициналық мекемелерде есепте тұрған науқастар; Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және шетелде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж жеке тұлғалар көмектен үміттене алады.

Қайырымдылық шараларын қолдауға, игі істің басы-қасында жүргендердің құқығын қорғауға мемлекет те мүдделі. Оның тетігі заңның «Мемлекет және қайырымдылық» деп аталатын 6-бабында дәйектелген. Осы бапта мемлекет қайырымдылық субъектілері мен пайдаланушылар құқығын қорғауға кепілдік берген. Сонымен бірге, қайырымдылық субъектілерінің ісіне мемлекеттің, мемлекет ісіне қайырымдылық субъектілерінің заңсыз араласуына жол берілмейді. Бұл жерде әсіресе мына мәселеге назар аударған дұрыс. Мәселен қайырымдылық қорларының көмегімен баспана алғандар енді мемлекеттен де жәрдемақы ала ма деп сауал қоятындар жиі кездеседі. Заңда бұл сауалға нақты жауап берілген. Яғни, 6-баптың 4-бөлімінде «Қайырымдылық көмек алу Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған көмектің, төлемдердің немесе жеңілдіктердің қандай да бір түрлерін шектеуге немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды» деп нақтыланған. Сондай-ақ заңға сай мемлекеттік органдардың бюджет қаражаты есебінен қайырымдылықпен айналысуына жол берілмейді.

Мемлекет қайырымдылық жасаушыларға деген алғыс, ризашылығын арнайы марапат тағайындап, ынталандыру тетіктері арқылы жеткізе алады. Оның тәртібі заңның 6-бабы 6-бөлімінде тұр. Соған сүйене отырып Мемлекет қайырымдылық жасаушыларға Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен тәртіппен мемлекеттік наградаларды, сондай-ақ қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы қайырымдылықты ынталандыра алады. Бұл тетіктің енгізілуі қоғам үшін маңызды. Себебі, жақсылық жасаған адам марапат күтпегенімен, ізгі істің басы-қасында жүргендерді мемлекеттің елеп-ескеруі, марапаттауы өзгелерді де жақсы шараға жұмылдыруға ықпал етері талассыз.

Негізі қайырымдылыққа байланысты келіспеушіліктер, өкпе-реніштер көбінесе ақпараттың ашық еместігіне орай туындайды. Сондықтан, азаматтардың мұндай қорларға дегені нығаюы үшін әрбір түскен қаржының есебі беріліп, оның қайда жұмсалғаны түгелдей жасырмай айтылуы тиіс. Мұны заң да құптайды. «Қайырымдылық туралы» заңның 7-бабы 2-бөлімінде нақтыланғандай, қайырымдылық ұйымы кірісінің мөлшері мен құрылымы, сондай-ақ оның мүлкі, жұмыскерлер саны мен құрамы, олардың еңбекақысы коммерциялық құпия болмауы тиіс. Және ең бастысы, Қазақстан Республикасының аумағында қайырымдылық қызметін жүзеге асыратын шетелдік және халықаралық ұйымдар жыл сайын отандық бұқаралық ақпарат құралдарында өз құрылтайшылары, кірістің қалыптасу көздері және ақшаны қайда жұмсағаны туралы мәліметтерді жинақтап, арнайы есеп жариялауға міндетті. Өкінішке орай, біздің елімізде мұндай есепке көп көңіл бөліне бермейді. Халықтан қаржы жинағандар алынған баспананы, берілген ақшалай көмектің көлемін көпшілікке ұсынумен шектеледі. Ал нақты қанша сома жиналғаны жайлы мәлімет ұсыныла бермейді. Ең қызығы, жақсы іске үлесін қосқан азаматтар да қаржының есебін сұрауға аса ынталы емес. Бұл біздің елімізде ортақ істің есебін білуге деген немкеттіліктің жойылмай келе жатқанын көрсетеді. Негізі өзің атсалысқан іске қатысты қаржы қозғалысын сұрағанның еш айыбы жоқ. Осындай істің басы-қасында жүргендер заң бойынша мұндай есепті беруге құқылы. Қайырымдылық қорлары мен ұйымдарына салықтық жеңілдік қарастырылғанын да ұмытпауымыз керек.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық қарастырылған. Мұның тәрібі заңның 31-бабында көрсетілген. Яғни, қайырымдылық шарасын өткіземіз деген желеумен қалың жұртшылықты алдағандар, қорға түскен ақшаны есепсіз жұмсағандар, қордағы қаржыны жымқырғандар, азаматтардың сеніміне қиянат жасағандар еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық кодекстеріне сәйкес жауаптылыққа тартылады.

Садақа беру, көмек сұрағандарды қолдау – сауапты іс. Ал осындай сауапты іс жасағысы келгендердің қаржысын жымқырып, қалтасын тоқтағысы келгендерге тегеурінді тосқауыл керек-ақ. Ол үшін әркім өзі берген тиынның есебін сұраудан қысылмауы керек.