Қазақстанда исламдық банкингті дамыту үшін қай елдің тәжірибесіне сүйенген тиімді?

Ислам банкингінің тартымды болуының тағы бір қыры – оның ислам құқығы – шариғат қағидаларынан бастау алатындығы

  • 06.04.2023

Әлемде мұсылмандар санының артуы исламдық қаржыландыру үдерісінің де үлесін арттыруға септесіп жатыр. Біздің елде исламдық қаржыландыру тетіктері жұмыс істейді. Бірақ жалпы халықтық сипат ала қойған жоқ. Дегенмен қозғалыс бар және бұл сегменттің келешегі зор дейді сарапшылар.

Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың айтуынша, ислам банкингінің өміршең болуына экономиканың өзі мүдделілік танытып отыр. Ол бұл туралы Алматыда өткен ислам банкингінің еліміздегі даму болашағына арналған қаржы талдаушылары мен журналистердің кездесуінде мәлім етті.

«Дүниежүзілік банктің деректері бойынша халқының басым бөлігі мұсылман дінін ұстанатын елдердің экономикасы соңғы 20 жылда жалпы 263%-ға өсіп, олардың әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3%-дан 14%-ға жоғарылады. Осындай қарқынды дамудың арқасында бұл елдерде көрсетілетін қаржылық қызметтерге, олардың ішінде мұсылман емес елдердегі инвестициялық құралдарға дейін сұраныс артты»,- дейді Ә. Қуандықов.

Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов

Айтуынша заманауи цифрлық IT шешімдерді белсенді түрде енгізу ісі де ислам банктері көрсететін қызметтердің қол жетімділігі мен тартымдылығын арттыра түскен. Қазіргі уақытта әлемде ислам қаржысымен байланысы бар 375 финтех компаниялар жұмыс істеп жатыр.

«Түптеп келгенде ислам банкингін дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар шешуші рөл атқарады» дейді мамандар. Яғни, ислам банкингін дамытуға бірінші кезекте мемлекет мүдделі болса, тиісті инфрақұрылымдар жасап, қаржылық жеңілдіктер көрсетілсе, ислам қаржысы ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қоса алады.

Бүгінде дүние жүзінде ресми түрде 193 мемлекет бар десек, соның 40-тан астамында ислам банктері жұмыс істейді екен.

«2022 жылдың басына қарай әлемде жұмыс істеп жатқан банктердің саны шамамен 21,5 мыңдай болды. Олардың 316-сы (1%-дан астамы) – толыққанды ислам банктері. Олардан басқа дәстүрлі банктердің бөлімшелерінде клиенттерге шариғат қағидаларына сәйкес өнімдер, қызметтер көрсететін 250 ислам терезесі  бар. Осылайша, соңғы 3 жылда ислам банктерінің жиынтық активі орта есеппен 15%-ға өсіп, 2022 жылдың басына қарай 2,8 трлн долларға жетті», -деп дерек ұсынды Jusan Analytics жетекшісі.

Ислам банкингінің тартымды болуының тағы бір қыры – оның ислам құқығы – шариғат қағидаларынан бастау алатындығында. «Ал ол әсіресе қаржы әлеміне өте қажетті адалдық, шынайылық, тазалық, тең әріптестік секілді құндылықтарға негізделген» дейді мамандар.

«Діни негізге қарамастан, ислам банктері де кәдімгі банктер секілді барынша пайда табуға ұмтылады. Бірақ мұнда ақша – тек айырбас құралы. Оларға пайыздық сыйақы есептелмейді. Банк пен салымшы – бір-біріне ешқандай ақпаратты жасырмайтын тең әріптестер, тең инвесторлар, тең үлескерлер. Банк жиналған қаражатты тек шариғат рұқсат еткен халал жобаларға ғана салады. Олардан түскен пайда банк пен салымшылар арасында әділ түрде үлестіріледі. Пайданың түсу-түспеуіне қатысты қауіп-қатер де екі жаққа тең бөлінеді. Бұл жерде құрғақ уәдеге жол жоқ», -дейді Әнуар Қуандықов.

Айта кетелік, ислам банкингінде мысалы, құмар ойындарды, бағалы қағаздармен операциялар жүргізуді, шошқа еті немесе алкогольге қатысты өндірісті, темекі бұйымдары мен қару-жарақ өндірісін қаржыландыруға тыйым салынған.

Ислам банктері әсіресе, парсы шығанағы елдерінде жақсы дамыған. Әлемдегі ең ірі 10 ислам банкінің 8-і осы аймақта орналасқан. Әрине, олардың бұлай шоғырлануына мұсылман халықтары үлесінің жоғары екендігі және экономиканың қарыштап дамуына тығыз байланысты.  

Осы ретте жекелеген елдерде ислам банкингін дамыту моделі де әлем жұртшылығының қызығушылғын тудыруда.

«Ұлыбритания – ислам банкингін (активтері – 7.5 млрд доллар) дамыту жөнінен Еуропадағы ең ірі нарық және осы жөнінен көш басындағы ел. Мұнда толыққанды 4 ислам банкі жұмыс істейді. Олардың үлесі бүкіл банк секторының  0,3%-ын құрайды. Бірақ соның өзі барлық еуропалық ислам банктері активтерінің 85%-ына тең. Бүгінде елдің банк секторындағы бүкіл қарыздың 0,03%-ы және депозиттердің 0,13%-ы осы 4 банкіне тиесілі. Бұл аз. Бірақ елде ислам банкингі дамудың даңғыл жолына түскен. Мемлекеттің қолдауы арқасында 2015 жылдан бастап ислам салымдары сақтандырылады. 2018 жылы кепілдік көлемі 85 мың фунт стерлингке өсті. Сөйтіп, соңғы 3 жылда салымдар көлемі  84%-ға көтерілді», - дейді аға сарапшы Сұңғат Рысбек.

Сұңғат Рысбек, сарапшы

Ислам банкингін ойдағыдай дамытып жатқан тағы бір мемлекет – Түркия. Мұнда 54 банктің 6-ы – ислам банктері. Активтері – 77 млрд доллар. Бұл бүкіл банк секторы активтерінің 7,8%-ына тең. Мемлекет болашақта олардың үлесін 15%-ға жеткізуді көздейді.

Түркияда ислам банктерінің жиынтық кредиттік портфелі 20,7 млрд долларға (бүкіл банктердің осы портфелінің 6.9%-ы), ал  салымдар 43,1 млрд долларға жеткен (10,5%). Елде ислам қаржысының дамуы мемлекетің қолдауына тікелей байланысты – ислам банктерінің жартысы мемлекетке қарайды. Оның үстіне 2018 жылдан бастап ислам салымдары 100 000 лирге дейін сақтандырылады.

Қазірде ислам банктеріне тән ортақ ерекшелік – ақшалай қордың басым бөлігі жеке тұлғалардың салымдарынан құралады. Ал жиналған қаражатты банктер негізінен ипотекалық несие беруге, коммерциялық жылжымайтын мүліктер мен заңды тұлғалардың бизнестерін қаржыландыруға жұмсайды.

Қазақстанға келер болсақ, елімізде ислам банкингін дамыту 1995 жылдан бастау алады. Осы жылы Қазақстан Ислам даму банкінің қатысушысы атанды. Бірақ ислам банктерін заң жүзінде реттеу тек 2009 жылы ғана толығымен аяқталды.

«Қазір Қазақстанда толыққанды 2 ислам банкі жұмыс істейді: «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ пен «Заман-Банк» «ИБ» АҚ. Соңғы 5 жылда елімізде ислам банктері активтерінің орташа өсімі 18%-ға жетті. Ал басқа дәстүрлі банктердегі орташа өсім 12% ғана. Өсу қарқыны жоғары болғанымен, исламдық активтердің үлесі банк секторындағы жиынтық активтердің 0,2%-ынан аспайды. Ислам банктерінің депозиттік портфелінде де, кредиттік портфелінде де корпоративтік клиенттер басым»,- дейді С. Рысбек.

Оның айтуынша, 2021 жылы мемлекет тарапынан ислам банкингін дамытуға маңызды қадам жасалды. Яғни, «к4» пруденциалдық нормативі дәстүрлі банктер үшін де ислам банктері үшін де теңестірілді. Бұл маңызды фактор. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бүгінде елімізде ислам банктеріндегі салымдарға кепілдік беру механизмі жоқ.

«Ал оның болуы салымдардың өсуіне септігін тигізер еді» дейді мамандар. Бұдан басқа, Қазақстанда ислам банктерінің қаражаттарын инвестициялауға арналған, шариғат қағидаларына сай келетін бағалы қағаздар – сукуки жоқ. Ал сукуки қаражатты халал жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сұңғат Рысбектің айтуынша осы ретте Түркия тәжірибесін Қазақстанға енгізу мүмкіндігі жоғары.

«Қазір отандық ислам банктеріне бәсекеге қабілетті өнімдер жасау қиын. Өйткені инфрақұрылым жеткілікті дамымаған. Мысалы, қазақстандық ислам салымдарының табыстылығы 8%-дан аспайды. Ал дәстүрлі мерзімсіз депозиттердің орташа табыстылығы 16,3%-ды құрайды. Сондықтан қазақстандық ислам банктері бәсекеге қабілетті болуы үшін өздері бірінші кезекте цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, банктік экожүйесін құруы тиіс», - деді С. Рысбек.

Ақжігіт Әділбеков