Қоғам үшін «қолайсыз» адамбыз – семіздік сергелдеңі

Артық салмақпен алысу, өзіңді айнадан көргің келмеу және қоғамға деген өкпе-наз туралы

Айшолпан КЕРІМ

  • 14.12.2021

Соңғы елу жыл шамасында денесін май басқан адамдардың саны үш есе артқан. 2020 жылғы дерекке сай, жер бетіндегі халықтың 39 пайызында артық салмақ бар. Бұл үш миллиардтқа жуық адам. Ал оның 600 миллионы семіздіктен қатты қиналып жүргендер. Семіздік - дәрігерлер сөздігінде созылмалы ауру, оның дамуына генетика, физиология, қоршаған орта немесе адамның психологиялық күйі де әсер етуі мүмкін.

Дәрігерлер семіздік дегенде сырт келбеттің көрінісіне ғана мән берген дұрыс емес дейді.  Семіздік - ауру шақыратын ауру. Сондықтан, біртіндеп артық май жинай бастаудың аяғы неге әкеліп соғатынын түсініп, алдын ала қарекет жасау керек екенін айтады. Себебі, созылмалы аурудың бұл түрі асқынған жағдайда одан бүкіл ағза зардап шегеді. Денені май басқан соң жүрек пен тамыр, тыныс алу жүйелерінің жұмысы ауырлайды.  Сондай-ақ эндокриндік бұзылулар әсерінен қант диабетіне шалдығу ықтималдылығы артып, әйелдердің сырт келбеті ерлерге, ерлердің түрі әйел түріне ұқсай бастауы мүмкін.

Action IO халықаралық зерттеуі адамдардың артық салмақ мәселесімен дәрігерге қаралмайтынын анықтаған. Көпшілік семіздікті косметологиялық кемшілік деп есептеп, мұны өз бетінше «емдеуге» ұмтылады. Алайда дәрігерлер бұл мәселені шешудегі ең тиімді жол асқазанды кішірейту немесе ішек анатомиясын өзгертуге жасалатын бариатриялық операция екенін жиі айтып жүр.

Осы орайда Malim.kz тілшісі артық салмақпен күресіп жүргендермен сөйлесіп көрді. Бірі он жылдан аса диетада отырып, айнаға қарағысы келмейтінін айтса, енді бірі салмақ өлшейтін таразыдан өзі аңсаған цифрды көруге әлі де үмітті.

Кейіпкерлермен әңгімелескенде байқағанымыз,  арықтағысы келіп жүргендер сұхбатқа іштеріндегі өкпе-реніштерін тарқату үшін келіскендей. Алайда олардың бірде-бірі айнаға қарап тұрып, «өзіме өз денем ұнайды» деуге әлі дайын емес. Сол себептен болса керек, екеуі де шын есімдерін атамауды сұрады.

Қоғамға қолайсыз жан екенімді білу ауыр болды

Арлан, 26 жаста

Мектепте оқып жүргенде салмақ қоса бастадым. Ата-анам «томпақ» деп қоя салмай, бірден дәрігерге апарды. Түрлі диета, спорт та  салмақ тастауға көмектесе аламады. Жас өскен сайын салмақ та арта берді.

Мектеп бітірер шақта таразыға тұрып, 120 дегенді көріп, таңданып қалдым, түңіліп те кеттім. Мектепте бәрі әзілге жүйрік, мазақ етеді, оған үйреніп те кетеді екенсің. Уақыт өте семіздерді көпшіліктің ұната бермейтінін, қоғамға қолайсыз адам болғанымды білу ауыр тиді. Дәрігерлер тамырың көрінбейтінін айтып бір ұрысады. Автобусқа кірсең, жақтырмай қарайды. Бәрі шетінен ақыл айтуға құмар.

Ұзақ уақыт спортпен айналысып, ішіп-жегенімді қадағалап, жиырма кг салмақ тастадым. Артынша отбасылық мәселелер, жұмыс қарбаласып, уақыт жағынан салмақты бақылауда ұстау қиын болып кетті. Оның үстіне салмақ тек тамақты көп жегеннен емес, күйзеліс кесірінен де қосылуы мүмкін. Төрт айда тастаған килограммдар төрт аптаға жетпей тағы қосылды. Осындайда  семіздердің ерік-жігерін сынайтындар әдеттегідей бас көтереді (күліп). Сол сыншылар жұмыстан келгенінде кітаптың бір бетін оқуға ерінетін жандар болса, тіпті күлкің келеді.

Оқи отырыңыз: Халық "онкология" деген сөзден қатты қоқады - онколог-дәрігер қатерлі ісік жайлы 

Қазір арықтауға аса құлшыныс жоқ. Тек деннің саулығы үшін бір қалыпта болу үшін спортпен шұғылданамын. Кезінде кесіп алып, лақтырып тастағым келген қарынмен достасып алғам.

Мойыннан төменгі Мерейді ұнатпаймын

Мерей, 20 жаста

Толық екенімді алғаш төртінші сынып оқып жүргенде байқадым. Бастауышпен қоштасар сәтте фотоальбомды қолымызға алғанда, қатты ұялдым, суреттердің бәрі өте нашар шыққан. Бәрін сызып, бояп тастағам. Достарыма үнемі мені әлеуметттік желіге салмауын, мені қиып тастауын сұраймын. Мойыннан төменгі Мерейді ұнатпаймын.

Ес білгелі арықтап келемін. «Неге бәрі әдемі, неге бәрі кішкентай киім киеді, ал маған ештеңе жараспайды?» деген сұрақ та ес білгелі санамнан өшкен емес. Оның үстіне киім алуға барғанда сатушылар да «Бұл қызға келетін өлшем жоқ, сыймайды» деп тұра беретін. Бала болған соң сол киімді қинап, тартып болсын киіп көресің. Оған қоса анам да бәрінің көзінше, «Ой, саған арықтау керек, көп тамақ жей берме дегенді айтатын.

Қазір ойлап қарасам, өз денемді жек көруімнің басты себебі сол анамның сөздері екенін түсінемін.  Себебі одан өзге ешкім семіз екенімді айтып, сынаған емес. Жақсысы мектепте де буллингке ұшыраған емеспін, ешбір досым, сыныптасым толықтығымды  бетіме басқан емес.

Үйде үлкен айна жоқ

Сонда да мектепте сыныптан көп шықпауға тырысатынмын. 9 сыныпқа дейін мектептің асханасына да кірмейтінмін. Осы күнге дейін тек күресіп қоймай, себебін де іздеуге тырыстым. Медициналық тұрғыда бұл анамнан берілген нәрсе. Ал психолог мұның себебін түрліше түсіндірді: Үйдің үлкені болғандықтан, ата-ана кішкентайларын көп еркелетеді. Мен сол ата-ана назарын «үлкен» болып, артық салмақпен қаратқым келген болуы мүмкін екенін айтты. Немесе біреу-міреу әлімжеттік көрсете ме деген қорқыныш пайда болып, қорғаныш ретінде салмақ жинай бастаған боларсың дегендей болды.

 

Он жасымнан бастап бітпейтін диета.  Жаманы - бала болып оның не екенін түсіну қиын. Сіркесу ішіп көріп, ақыры ауруханадан бір-ақ шыққаным бар. Бұл ақымақтың әрекеті екенін түсінсең де, салмақ тастау деген қалау басым түсіп кете береді. Осы жағдайдан бері үйде үлкен айна жоқ. Тек бетің көрінетін кішкентай дөңгелек айна бар.

Оқи отырыңыз: Қазақ ауруын "Құдай сақтасынмен" емдеп жүр - дәрігер

Достарым «Арықтаймын дегеніңе он жыл болды, мүмкін өзіңді осы қалпыңда қабылдайтын уақыт келген болар» деп жиі сұрайды. Содан келіп, айнаға қарап, «күрес бітті» дегендей боласың. Бес минутқа жетпей Инстаграмға кіріп, өмірден қайтадан түңіліп кетесің.

Көшеге шығамын, адамдарды көремін. Адамдар саған не дейді?

Ештеңе демесе де, мен оларға әдемі емес болып көрінемін ғой. «Мә, мына қыз томпақ» дейтін шығар.

Дейді делік, десе не бопты?

Ол жағын ойланып көрмеппін, шынымен, десе, не болыпты?..

Тегін ақыл айтқыштарға айтарым мынау: арықтап жүргеніме он жыл болды. Қазір айтқалы тұрған кеңесіңді бұған дейін естіп, амалын істеп қойғанмын. Сондықтан менің денемнің мөлшеріне қатысты пікіріңізге зәру емеспін.

Денем салбырап, маған ренжіп тұрғандай

Қазір кішкене болса да, өзімді қабылдауға, өз-өзіммен жүздесуге тырысып жүрмін. Үйде айна жоқ, ал сауда орталықтарынан айна көрсем, тұра қашам. Бірақ кейде дүкенге кіріп, өз денеме ұрланып болса да, қарауға тырысамын. Денем салбырап, маған ренжіп тұрғандай.

Бір жерге барып, еркін отырып, тамақ та жей алмайсың. Жеп отырсаң, жаныңдағылар «Мынау Мерей өзі топ-томпақ болып алып, тамаққа тоймайды екен» дейтіндей болады. Тіпті ашық айтып, артынша «әзіл ғой» дей салатындар бар. Өзің де ол әңгіменің жай ғана әзіл екеніне сенгің келіп тұрады, ішің жылап тұрып, күлесің. Тіпті басқалардан бұрын өзің денеңді мазақ қып, қалжыңдауға тырысасың. Бұл шынымен күлкілі болғаннан емес, біреу мені күлкі қылмастан бұрын, өзім күлейін деген ой ғана.

Салмақ дегеннің ауыр жүк екені соншалық, тіпті намаз оқып отырып та, ойың бөлініп кете береді. Намаз кезінде аяқтарым бір-біріне жанасқан сәтте, тағы жылағым келеді. Көбі Құдаймен сырласқан сәтте жеңілдеп қалатынын айтады. Менде бұл да керісінше, «менің денем неге осындай?» деген ой келіп, тіпті қиналып кетемін.

Оқи отырыңыз: Ата-анам "жезөкше" де сөкті - слатшейминг несімен қауіпті?

Қазір кіп-кішкентай Мерейді қатты аяймын. Таңғы төртте тауға шығып, түнгі онға дейін биде болып, жоғары сыныптар күледі деп қорқып, қоңырауда сыныптан шықпай отырған кішкентай қызды аяймын. Ол Мерейдің қазір мектеп, колледж кезінен бірде-бір фотосы жоқ, бәрін жыртып тастаған. Ол Мерей апта сайын өзін жақсы көруге уәде беріп, сертінде тұру қиын екенін біліп, қайта жылайды. Кішкентайында «Арықтауың керек» дегенді көп айтып, семіз екенін санасына сіңірген анасына да, анасын осыған мәжбүрлеген қоғамға да ренжулі.

Сол себепті сұлулықтың стандартын алып тастау керек. Себебі артық салмақ барын байқаған соң, дәрігер де, ата-ана да оны тамақтан тиюға тырысады. Алайда кішкентай бала оны қайдан түсінсін. Дастанға торт жеуге рұқсат, бірақ саған ұн өнімін жеуге болмайды дегенді үш жасар бала түсінбейді. Оның үстіне, он жасында медициналық қаралымға барған балаға, қазір аз тамақ жемесең, ертең жүре алмай қаласың, тұрмысқа шыға алмай қаласың деудің өзі қате. Орнына осыны позитивті мысалмен түсіндіруге тырысу керек. Егер сау болуды қаласаң, былай істеп көр деп немесе мүмкін саған мына салмақта қолайлырақ болады деу керек шығар.