Қытайдың сапасыз тауары тұрғанда медмаска бизнесі көгермейді
Коронавирус індеті күнделікті өмірге қажетті дүниенің алдына медициналық масканы шығарды. Медмаскаға бұрын соңды болмаған сұраныс, бұрын соңды жасалмаған ұсыныс пайда болды. Нарықтағы осы сұранысқа тәуекел етіп, медмаска өндірісін қолға алған «Болашақ» ЖШС директорының орынбасары Индира Көпеновадан медмаска бизнесінің қыры мен сырын сұрадық.
– Медициналық маска бизнесіне қалай келдіңіз?
– Былтыр елде медмаска қат боп тұрған ақпан-наурыз айларында маска өндіру идеясы ойға келді. Бірақ елдегі қағазбастылықты білесіз, сонымен жазға дейін ісімізді бастай алмай жүріп қалдық. Маусымда ғана ресми ашылдық.
Негізі былтырғы медмаска тапшылығында оның бағасы қымбаттап кетті. Алайда, содан кейін Қытайдың сапасыз медмаскасы біздің нарықты басып қалды. Сорақысы сол көпшілік сапасыз масканы да таппай қалды ғой. Маска бизнесін ашу идеясы осы кезеңде келді. Жалпы медицина бизнесі көп қаржыны талап етеді. Нақты қанша сома құйғанымызды айтпай-ақ қойсам.
– Бір кездері бағасы шарықтаған маска құны бүгінде төмендеді. Бұл бизнесте пайда табу мүмкін бе?
– Медмасканың жарамдылық мерзімі яғни, жылдар бойы сақталып тұра беретін болған соң, пайдалы бизнес деп есептейді. Біз медмасканы алғаш шығарғанда оның құны 90 теңге еді, тауарымыздың алғашқы шығарылымын сатып бітпей-ақ, масканың шектік құны 25 теңгеге түсіп кетті. Шикізатты өзге бағамен алған едік. Шығынға батып қалдық. Есептемей-ақ, көрініп тұр ғой...
Бұл бизнесте бәсеке өте күшті. Оның үстіне ішкі нарықты Қытай өнімі басып алғанда отандық тауардың жолы ашылмайды. Қарапайым тұрғындарға қытайдың бір қабат бетпердесін тағудың медициналық тұрғыдан еш мәні жоқ екенін түсіндіру мүмкін емес. Өзіңіз де дәріханаға кіріп, «Маған үшқаббатты, отандық медмаска беріңіз» демейсіз ғой. Дәріхана басшылары да ең әуелі – кәсіпкер, олар үшін табыс маңызды. Тұтынушы сапалы, қажетті масканы ажырата алмайтын болған соң, Қытайдың арзан маскасын алып сату оларға әлдеқайда тиімді.
Көтерме саудагерлер Қытай маскасының медициналық талапқа сай емес екенін, құлақ резеңкесі тым қысқа екенін, жартысынан көбі сатуға жарамсыз екенін айтып шағымданады. Қазір билік жалпы жұртқа жаппай маска тағуды үйретті. Таққаны дұрыс. Бірақ, вирустан шындап қорғайтын бетперде ме, жоқ па – әзірге ешкімді қызықтырмайды.
– Онда қалай күн көріп, бизнес жасап отырсыздар?
– Біздің қазіргі тұтынушымыз – медицина саласының қызметкерлері. Жекелеген медициналық емханалар өздері тапсырыс беріп жатыр. Бекіткен бағасы тым төмен болса да, мемлекеттік тапсырыс – тендерге қатысып жатырмыз. Амал жоқ, әзірге масканың мәнін тек осы саланың ғана адамдары түсініп тұр.
Ал өндіріс қуатына келсек, станоктарымыз бір айда 5 миллион медмаска жасап шығаруға қауқарлы. Қазір айына орташа, 3 миллионға дейін шығарамыз.
– Медмаска бизнесінің болашағы бар ма?
– Былтыр бір масканың құны мың теңгеге дейін жеткенін көрдік. Ол кезде «өндіріс шығыны, шикізат бағасы артты» деп ақталатындар көп. Бірақ, дәл сол кездегі бағаның артуы – пайда көріп қалғысы келгендердің қолдан жасаған әрекеті еді. Бақылау әлсіз болған соң, дер кезінде қимылдап, пайда тапқандар бар, оны жасырып керек емес.
Қазір ғаламтордан іздеп көрсеңіз, медмаска өндіретін техника жаппай сатылып жатыр. Бұл сауданың сыры - медмаскаға шектік төмен бағаның белгіленуі. Былтырғы тапшылықта байып алғысы келгендер көп болды. Бірақ, баға арзандап, ішкі нарық сапасы нашар Қытай өніміне толып кеткен соң, айтарлықтай табыс табу қиын екені белгілі болды. Осыны түсінгендер, кезінде кәсіп бастамақ болғандар енді құрылғыларын арзанға сатып жатыр.
Бізде кәсіп ашу процессі көп уақыт алады. Тек қағаздарды реттеу үшін жарты жылымыз кетті. Шындап іске кіріскенше, төтенше режимді алып тастады. Бастамай жатып, бизнесіміз шығынға ұшырағандай болды. Бірақ сонша уақыт, қаржы шықты, цех жұмысшыларын оқыттық, техника сатып алдық – кері шегіну мүмкін емес еді.
Оның үстіне, медмаска енді ең қажетті дүние болып қала беретін сияқты. Мүмкін бір-екі жыл ішінде індеттен құтылармыз, бағасы да арзандар. Бірақ медициналық маска бәрібір әр адамның жан қалтасында, қол сөмкесінде әрдайым жүретін зат болып қала береді.
Адамдар қазір кез келген жерден індет жұқтырып алуы мүмкін екенін түсінді.