Сапарбаев уәдесінде тұрмаса, жолды жауып, пойызды тоқтатамыз

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Ақшолақ ауылының тұрғындарына жергілікті билік уәде бергенімен, газ жұмыстары әлі жүргізілмепті.

  • 25.10.2021

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Ақшолақ ауылының тұрғындарына жергілікті билік уәде бергенімен, газ жұмыстары әлі жүргізілмепті. Қазір ауыл тұрғындары тапқан отындарын жағып, үйлерін жылытуға мәжбүр. Ақшолақ ауылының базынасын Malim.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Күн суық, ауыл үйлерінің мұржасынан түтін будақтап тұр. Ауыл мектебінде мектепалды даярлық пәнінің жетекшісі Меруерт Сабыралиеваны жолай кезіктірдік. Ол Тұрғынбек Сапарбай атындағы №35 үйдің тұрғыны.

– Мынау біздің үйдегі от жағатын пеш. Ал, мынау газдың орны! Бірақ, пешін әлі алмадық. Бізге үйге дейін 330 мың теңге бересіздер деді. Өтірік айтпай-ақ қояйын! Біз, тек жартылай бердік. Осы айда толықтай төлейміз. Тек қана бір-екі үй ғана төлемедік. Тұрғындардың көбісі төлеп қойды. Бірақ, ауылда ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Кейбір көршілеріміз банктен несие алған. Өзіміз қаладан үй алғанбыз. Содан кейін ақшасын толықтай бере алмадық. Өзімізде көмір бар. Кейбір тұрғындар көмірде ала алмай отыр. Оның орнына ағаш жағады. Әрине, үйімізге газ керек! Өзімізде бес бала-шаға. Кенжеміз төрт жаста.

Осы көше тұрғыны Жайнақов Мұхтар жергілікті билік өкілдері: «желтоқсанның 16-ы мен 17-не дейін кіргізіп береміз» деп, уәде берген дейді.

Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Бізге осы желтоқсанның 16-ы мен 17-не дейін кіргізіп береміз деді. Биылға көмір ала алмадық. Былтырдан шамалы қалғаны бар еді. Соны жағып жатырмыз. Бір фирма өз жұмысын бастайды деген. Бірақ, ешқандай да жұмыс көрінбейді.

Тұрғынбек Сапарбай көшесінде Салықбаев Қожагелдімен сұхбаттасып тұрғанымызда, бізді байқаған бірнеше ауыл тұрғындары қасымызға өздері келіп, ауылдағы газдан да басқа мәселелердің бар екендігін айтты.

–Біздің ауыл Тараз-Алматы трассасы бойында. Жолдың арғы бетіне өту қиын. Қатты жылдамдықпен ұйытқыған көліктерге, арнайы кедергілерді орнату керек. Балам жанармай бекетінде жұмыс істейді. Жұмысына барып келу қиын. Әкімшіліктің нені ойлайтынын білмеймін. Тура қасымызда жеке кәсіпкер қызылша, қызанақ т.б. көкөністерін егеді. Бірақ, олардан да ауылға пайда жоқ. Ауылдың ішімен өзіне электр сымдарын жүргізді. Алайда, тиісті биіктікті сақтамаған, өте төмен. Бір жағынан тұрғындарға да қауіпті.

Осы сәтте жанымызға Тұрғынбек Сапарбай көшесіндегі №21/1 үйдің тұрғыны Досбаев Жомартта келіп қосылды.

Өзім ауыл мектебінде қарауылмын. Біз пешімізді бұзбағанамыз жақсы болған екен. Ауыл тұрғындары биыл газ кіреді деп, біразы от жағатын пештерін алып тастаған. Енді оларға тіптен қиын. Көріп тұрсыз, күн қатты суып кетті! Үйге от жағып жатырмыз. Төрт тонна көмір алған едім. Оған 70 мың  теңгем кетті. Қазір бір мезгіл ғана жағамыз. Енді қатты аяз болса, бір қысқа төрт тонна жетпейді. Енді қарашада қар жауады деп жатыр.

Ауыл үлкендеріне амандасуға тоқтаған теміржолшы Бейсенбаев Қуанжан да біздің әңгімемізге араласты.

Шақбатырова көшесінде тұрамын. Газ түгілі таста жоқ. Бәріміз көмір жағудамыз. Мына электр бағанасындағы сымдар бір-бірімен араласып кетсе, өртеніп те кетеді. Жазда қиын. Осыны жүргіздіріп алған кәсіпкердің аты-жөнін білмедік. Қаладан тұратын жеке кәсіпкер. Бұның тұрғындарға дым қажеті жоқ. Бұл электр сымдарын трассамен де жүргізсе болатын еді. Оған жолдағы қонақүйлер мен мейрамханалар рұхсат бермепті. Бізге ауыл көшелеріне жарық береміз деп сылтауратты. Тек әкімшілік орналасқан көшеге ғана шамдар қойылды. Мына қария туғалы, осы жерде тұрып жатыр. Ал бұлар болса өздері жерді көтеріп келгендей болады.

– Ауылдың бір жақсысы трассаның бойында екен?..

Трассаның бойында болғанынан түк пайда жоқ. Стратегиялық бағыттағы жол дейді. Осының кесірінен газ жылуынан қалып отырмыз. Рұхсат жоқ! Анау жоқ. Мынау жоқ деп. Облыстық әкімшілікке де талап қойдық. Желтоқсанның онына дейін газ берілмесе, онда жолды жабамыз. Бізден алыс ауылдарға да газ кірген. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Биыл Ақшолақ ауылына газ кіреді», - деп уәде берді. Елдің бәрі газ  құбырларын кіргізіп қойған. Жалпы магистралға қосуға, шамамен екі км ғана қалған. Үш ауылға 486 млн-дай қаражат бөліпті. Қазір сол ақша жоқ деп жатыр. Қызық! Қайда кетеді? Қасымызда аяқталмай қалған көне «Ақыртас» тарихи қалашығы бар. Соған көптеген туристтер келеді. Өзім білемін. Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы келгенде: «Сендерде қалай газ жоқ?» деп, таң қалып кеткен.

Ауылда қаңғыған иттер біздің көзімізше, көше шетінде жүрген тауықтарды қулай жөнелді. «Кет-ей, кет!» деп айқайлап жатып, тұрғындармен бірге иттерді қуып жібердік.

Жол бойында кафелер орналасқаннан кейін ауылымызда қаңғыбас иттер де көп. Оларды да атамыз деген. Бірақ, ешкім атқан емес. Әйтеуір, айқаймен ауылға мектеп соғылды. Біткен істің бірі сол ғана.   

Тұрғынбек Сапарбай көшесіндегі №11 үйдің тұрғыны Ботшабеков Манатбек көмір алуға шамасы келмей, үйінде жинаған ағаштарын жағуға мәжбүр.

Біз көмір ала алмадық. Көгілдір отынға сеніп отыр едік. Үш-төрт жылға жинаған ағашым бар еді. Енді ағаш қарыз боласыңдар. (күлді) Газдың бір қызметкері келіп, пеш дұрыс қойылмаған деді. Сөйтіп барлық құбырларды  ауыстыруға тура келді. Осы газға сенгенбіз.

Ауыл көшесінде сұхабытымыз қыза түсті. Бізден жырақта тұрған ауыл қариясын қасымызға тұрғындар шақырып алды. Осы қарияның да біраз айтары бар деп. Қарияға билік өіклдері: «шуламаңыздар, пойызды тоқтатуды қойыңыздар» - деп, өтініш айтыпты. Сондықтан да сұхбатымызға аты-жөнін көрсетуді қаламады.

– Не болды? Қойыш келді ме? Біз, мал баққанға «малшы» таппай жатырмыз. (бәрі күліп алды) Ауылға қойшы керек деп жазып қой!

Бізге облыс әкімінің орынбасары Дәулетов Рүстем Рысбайұлы келген. Алдында Қордай ауданына әкім болыпты. Нақты 100 пайыз кіреді деп кетті. Міне, газымыз әлі кіріп келе жатыр. Облыс әкіміне кіргізбейді. Әкімге кіру үшін арнайы жазылып, екі айдан аса күтеміз. Енді Шымкент қаласындағы ЖШС «Комби-Строй-І» компаниясы жұмыс істейді дейді. Жұмысшылары мен қажетті материалдарын дайындап жатыр деген. Олар бізге де шарт қойды. Біз келетін болсақ, осы жерде жатып істейміз деп. Жарайды. Енді сендер үшін, қолымыздан келгенше біз жүгірейік дедім. Бір-екі кафені дайындатып та қойдық. Ішінде уақытша тұруға болады. Бізге тағы арнайы су соратын насос қажет деген. Соған қарағанда техникалары бар ма, жоқ па белгісіз. Біздің ауылда бір жігітте бензовоз бар. Соны сұрап береміз дедік. Оғанда келісті. Бес жұлдызды қонақүйде дайын тұр (қасымыздағылар күлді). Қазір сол не боп жатыр деп далаға шыққанмын. Бүгін Құдай тамақ береміз. Келіп қатысыңдар. Құдайдан да сұрап жатырмыз ғой! Оны да жазып қой.  

– Облыс әкімінің орынбасары Дәулетов Рүстем Рысбайұлы нақты қай кезде бітіреміз дейді?

Әкім орынбасарының өзі үйіме келді. Талай рет ит сияқты әкімшілікке сандалып кіре алмайтынмын. Енді қазір өздері келді. Қасында аудан әкімі орынбасары да бар екен. Өзім Қордай ауданынан облысқа ауысқаныма бір айдай болды деді. Ол жақтағы газдың мәселесін нақты білемін деген. Бірінші кезекте, құжаттарын толықтай дайындап алсаңыздар деп алдын-ала ескертті. Әйтпесе, құжатына да біраз уақыт жоғалтып аласыздар дейді. Қасында екі жауапты қызметкері болған. Соларға кешке дейін деп тапсырма берді. Жігіттер бір-екі күнде бастайды деген. Бірақ, қазіргі кезде екі апта өтті. Бұлар қонақүйге орналасып, тамақты босқа ішіп жатыр ма деп те ойлап қоямын. Әкім орынбасарына «берген уәде уақытымен орындалса, сені Нобель сыйлығына ұсынысқа береміз» дегенмін. Өзі бетіме қарап күлген. Қазір біздің құжаттарымыз заңды. Бұл жоба республикалық масштабта. Өйткені, 2018-2021 жылдар аралығында Байзақ ауданы газбен толықтай қамтылу керек. Егер де биыл қалып кетсе, онда біздің ауылға газ кірмейді.

Ауыл тұрғындары шағымдарын айтып тұрған сәтте, ауылдағы жеке кәсіпкерге: «Шымкенттік жұмысшыларға жататын орын тауып берші» - деп, біреудің хабарласқандығын айтып қалды. Біз енді жол бойындағы жеке маркет пен қонақүйдің егесі Ербол Жүнісбайұлын іздеп таптық. Жеке кәсіпкерден орын туралы сұраушылар болыпты. Бірақ, ешқандай да жұмысшылар әлі келмеген. Жеке кәсіп иесі: «жататын орын табылады» - дейді.   

Осылайша, Malim.kz сайты облыс орталығынан 30 шақырымдай қашықтықтағы Ақшолақтықтардың арыз-шағымдарын тыңдап қайтты. Тұрғындардың көбісі желтоқсанның ортасына дейін газ кірмесе, жолды жауып, пойызды тоқтатамыз дейді.

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ

Байланысты жаналықтар

Жамбыл облысында жасөспірім қыз жоғарғы қабаттан секіріп кеткен

10.11.2024

Жамбыл облысында ағайындылар қарындасын 6 жыл бойы зорлап келген

01.11.2024

Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

23.09.2024

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

19.09.2024

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

07.09.2024

Елдос Сметовке жерлестері 5 бөлмелі пәтер сыйлап, көлік мінгізді

05.08.2024
MalimBlocks
Жамбыл облысында жасөспірім қыз жоғарғы қабаттан секіріп кеткен

Сол күні кешке достарын шақырып, кеш ұйымдастырған

Жамбыл облысында ағайындылар қарындасын 6 жыл бойы зорлап келген

Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

АШМ облыста 64 жер заңнамасының бұзылуын анықтады

Елдос Сметовке жерлестері 5 бөлмелі пәтер сыйлап, көлік мінгізді

Сметовті Жамбыл жұртшылығы Тараз қаласының шығыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды