Шерзат ісі: судья ескерту жасады

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Судья Ержан Жанұзақовтың айтуынша, процесті талқылауға, тергеу мен соттың жұмысына баға беруге жол берілмейді. Бұл сотқа қысым ретінде бағалануы мүмкін.
"Әлеуметтік желілерде блогерлер мен сот процесіне ешқандай қатысы жоқ басқа азаматтар жеке пікір білдіріп, тергеу әрекеттері мен сот процесінің барысына субъектив баға беріп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын еске саламыз. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады", - деді судья.
Ол сот процесі аяқталғанға дейін, үкім шығарылғанға және заңды күшіне енгенге дейін сот процесіне пікір білдіру, құқықтық баға беру заңсыз екенін мәлімдедіі.
"Сот істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық тексеруге, айыптаушы тараптың да, қорғаушы тараптың да дәлелдерін тексеруге міндетті. Істі қарайтын судья тәуелсіз және объектив болуы керек, процестің нәтижесіне жеке қызығушылығы болмауы керек және үшінші тұлғалардың ықпалына түспеуі керек. Сот бейтарап төреші ретінде әрекет етеді және тек заң негізінде шешім қабылдайды", - деді ол.
Қазір процесс сот тергеуі сатысында. Соңғы үкім әлі шығарылған жоқ.
Фото: әлеуметтік желі