Талғардағы жалғыз стадион жеке адамға беріле ме? Тұрғындардың шуынан соң әкімдік жауап берді
Стадион апатты жағдайда тұр

Талғар тұрғындары қаладағы жалғыз қолжетімді «Жастар» стадионын жеке тұлғаларға беруге қарсы екендерін білдіріп бейнеүндеу жасады.Бейнеүндеуде талғарлықтар Алматы облысының әкіміне қалада орналасқан «Жастар» стадионын жөндеп беруді талап етіп және оның жеке тұлғаларға өтіп кетуіне қарсы екендерін жеткізді.
Бұған дейін қалада екі жиын өтіп, талғарлықтар спорт нысанының бір бөлігіне жабық кешен салып, екінші бөлігін шағын футбол алаңына айналдыруды жоспарлап отырған жеке инвесторларға беруге қарсылық білдірген болатын. Осылайша, Талғар жергілікті тұрғындарға үлкен футбол ойнауға арналған жалғыз стадионнан айырылуы мүмкін.
— Енді жергілікті билік бұл мәселені тұрғындармен талқыламай, бүгін, 5 мамырда әкімдік ғимаратында қоғамдық кеңес отырыс өткізуді ұйғарыпты. Бұл мүлікке әлдекімнің көзі түскен сияқты, - делінген жазбада.
Нысанды сату немесе жекеменшікке беру мәселесіне қатысты сұраққа Алматы облысы әкімдігі жауап берді.
Стадионның қазіргі апатты жағдайын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар оны 39 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныс жасады. Бұл – сатып алу құқығынсыз уақытша шара және қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді. Мұндай шешім бюджетке түсетін жүктемені азайтып, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту үшін жеке инвестиция тартуға жол ашады, – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінен.
Әкімдіктен атап өткендей, стадион сатылады немесе жекеменшікке беріледі деген ақпарат – жалған. Бұл шындыққа сәйкес келмейді және ешқандай заңды негізі жоқ.
Аталған мәселе бойынша 2025 жылғы 15 наурыз, 5 сәуір және 5 мамыр күндері Қарасай батыр көшесіндегі №6 орта мектепте қоғамдық тыңдаулар өтті. Оған қала тұрғындары, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен қоғам белсенділері қатысты. Мәселе әлі де талқыланып жатыр. Барлық ұсыныс-пікір ескерілетін болады. Қабылданатын шешімдер ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады, – деп түсіндірді әкімдіктен.
Осыған дейін Талғар тұрғындары қаладағы жалғыз қолжетімді «Жастар» стадионын жеке тұлғаларға беруге қарсы екендерін білдіріп бейнеүндеу жасаған еді.
Фото: qfl.kz