«Таза Қазақстан»: Астанада заңсыз қоқыс алаңы ретке келтірілді
Осы мақсатта ластанған аумақтардың картасы әзірленді.
Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында AMANAT партиясы мен Парламент Мәжілісінің депутаттары әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бүгін олар Астанада заңсыз қоқыс алаңына айналған қараусыз учаскені ретке келтірді.
AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жоба арқылы жаңа экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті, әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандарназардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. «Жастар Рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуықволонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардыңбаспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірденқалыптастыруымыз керек.Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн.Сондықтан, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз», – деді ол.
Алдын ала елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Соның негізінде ел аумағында жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан 475 учаске анықталды. Партиялықтар әр бейсенбі сайын осындай тазалық жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Іс-шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді.Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітіледі.Олар сол учаскеде тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу сияқты абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.
Сенбілікке қалалық мәслихат депутаты, Сарыарқа ауданының AMANAT партиясы филиалының төрағасы Ерлан Дәкенов те қатысты.
«Қаламыздың тазалығы өзімізден басталады. Астана барлық мемлекеттерге тазалығымен сәнді болу керек. Сондықтан осындай акция арқылы ұрпақтарымызға эстетикалық мәдениетті дамытуға үлес қосқанымыз абзал», - деді Ерлан Дәкенов.
AMANAT партиясы ұйымының белсендісі Динара Маратқызы да сенбіліктің ерекшілігіне тоқталып өтті.
«Таза мемлекет – бұл тек үнемі тазаланатын емес, қоқыс тасталмайтын ел деген сөз. Біз тазаламасақ, кім тазалайды? Қазір тазаламасақ қашан тазалаймыз? Бұл менің елім, бұл менің қалам. Мен балаларым мен немерелерімнің таза қоршаған ортада өсіп, таза ауамен дем алып, таза су ішкенін қалаймын», – деп пікір білдірді.
Айта кетейік, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы сәуір айынан бері жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін акцияға 1 миллионнан аса адам қатысты.
Фото: Әли Ғалым