Халық табысын еселейтін нәтижелі бағдарлама

Malim Админ

  • 26.03.2024

Кейінгі бір-екі жыл ішінде  еңбек ету бойынша ел қазынасын толтыратын кіріс мөлшері көбейе бастады.  Бұл ең алдымен  2025 жылға дейін халық табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның  діттеген мақсатына жетіп келе жатқанын байқатады.  Даму көрсеткішіне  нақты қолдау, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету ісі пәрмен беруде. 

Осы тұрғыда елдің бірқатар  аймақтарында  «Мен кәсіпкер» атты    тиімді жоба қолға алынғаны мәлім. Іскер жандарды бір арнаға тоғыстыра білген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы жұмыстың орындалуына септігін тигізуде.   Аз уақытта нәтижеге жеткізетін  оң бастама  еңбекке құштар азаматтарға мол мүмкіндік сыйлап отыр. 

Оңтүстік өңірде кәсіпкерлер легін қалыптастырып жатқан нәзік жандылар жетерлік.  Мәселен, шымкент шаһарының қыз-келіншектері арнайы тігін  курсын меңгеруге кірісіп кетті.  Табысымды еселеймін деп ынта-жігерін танытушыларға Нулуфар  Сайдұллаева бағыт-бағдар беріп жүр. Жеті баланы асырып отырған ана өзінің дербес тігін цехында киім тігудің сан қырын, көптеген тәсілдерін үйретеді.  Оның сөзінше, ісмерлік өнерге баулиитын курста қазіргі таңда 100-ден аса ынталы азамат бар.   

«Көпбалалы отбасыға оңай емес.  Бала-шағамызға қаржы-қаражат аз жұмсалмайтыны белгілі.   Кәсіпті жүргізе бастауымның бір себебі осында. Негізінен көп бала асырайтын, сондай-ақ жалғызбасты, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандарға басымдық беремін. Басқа да ниетті азаматшаларға білген-түйген тәжірибемді бөлісуден аянбаймын», - дейді кәсіп иесі.  

Кәсіпкердің орталығында тәжірибесін дамытып жүрген қыз-келіншектердің   27-сі ақысыз негізде іс тігуді үйренеді.  Оларды оқытуға   Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналып ашылған   орталық жәрдем беруде.   Ал 80-і  «Жұмыспен қамту»  мекемесінің демеуімен кәсіпкерлікке бейімделуді көздеген.    Солардың бірі - Ләззат Бекасылқызы.   Өзін дизайнер ретінде көргісі келген ол әуелі   осы мастер кластан  түрлі киім үлгісін тігуге машықтануды жөн көрген. Оның айтуынша, тігінші болу үшін  қай  жаста да кеш болмайды.     

Қаладағы «Атамекен» филиалының өкілі   Айдана Бейсебекова курстан мүдірмей, кідірмей өткендерге  қиналмай  жұмыс табуға болатынын жеткізді.   «Шаһарымызда орналасқан    тігін цехтары  және шеберханалар осындай мамандарға зәру. Кәсіби жағынан шыңдалған  жұмысшылардың   жалақысы көп, сонымен қатар  қызметке жол ашық.   Сапаға жұмыс істейтін жоба Кәсіпкерлер палатасы қолға алған   әйелдердің кәсібін  қолдайтын  бағдарлама  арқасында жемісін беріп жатыр.

«Мен кәсіпкер»-дің  оқыту  курстары азаматтардың   ынта-тілегіне  байланысты іске асып отырады. IT,   Тігін тігу, массаж,   блогер лекциялары  да өткізіледі. Сондай-ақ қазір трендтегі  СММ курсы,   іске асуда. Ақысыз түрде  біліктілігімді арттырамын деген  әйелдер  кез-келген кезде  палатаның әйелдерді сауаттандыру орталығына хабарласып, тиісті ақпараттарын ала алады.    

2025 жылға дейін  халық игілігіне жұмыс істейтін  қайтарымсыз грант бойынша ісін ілгерілетіп, шаруасын ширатып отырған аналар аз емес.  Айталық, Кентау қаласындағы көпбалалы ана қызға берілетін жасаудың түр-түрін меңгеріп алған.  Динара Есіркенова жасаудан бөлек төл киімдерімізді ұлттық мәнерде әзірлейді. Ол аз десеңіз,  сәукеле мен тойбастарды да шеберлікпен даярлайды. 

«5 жыл мұғдарында осы істі жаныма серік еттім. Мен кәсіп бастауға арналған жоба-жоспарымды ұсынып, ол қабылданған соң бір миллион 400 мыңдай болатын грантты иелендім. Қаржының қайтарымсыз түрде берілгені қуантты.  Ол қаражатты тиімді жұмсап, тігін мәшинесі мен мата, жіп өзге де керекті деген жабдықтарды алдым. Шаңырағымда бес баланы өсіріп отырған анамын. Қыз жасауын отбасындағы қызық-қуанышта, той-думандарға арнап алатын жерлестерім аз емес. Ендігі кезекте жәрдемдесетін жұмыскерлерді көбейтсем деп отырмын. Сол кезде өнімдеріміз де арта түседі. Кентаулықтар алыстан арбаламай, қажетті заттарын жақыннан алуға қол жеткізеді. Бұл дегеніңіз, сізге де, бізге де оңтайлы емес пе?! Мемлекеттің қарапайым тұрғындарға жасаған қолдауы бізді шабыттандырады, еңбекпен тапқан несібеміз елдің де игілігіне айналады», - деп ағынан жарылды кәсіпкер  Динара Жанығалиқызы.        

Бірнеше жыл бойы бастапқы сынып оқушыларын білімге тәрбиелеген педагог қазір бірыңғай тігіншілікті табыс көзіне айналдыруда.  Осы бағытты ұстанып, арнайы кәсіби оқуды да тәмамдап үлгерген. 

Кәсіпкерлер палатасының филиалдардағы өкілдері азаматтарды бизнеске бағыттау ісін дамытып отыр.  «Мен - кәсіпкер» жобасына қызығушылық танытушылардың қарасы мол.  Мәселен, Петропавл қаласында жоба шеңберінде бизнесті нейрондық желілерді қолданып қалай ілгерілетуге болатыны жайында курстар өткізілуде.  Ақысыз өткізілетін курста мамандар   тұрғындарға лекция оқиды, сондай-ақ тәжірибесін бөліседі.  Айта кетуге тиіспіз,  маркетплейс қосымшасымен жұмыс істеу оңай деуге келмейді.  Белгілі бір өнімді электронды сауда алаңына шығару үшін техниканың тілін жетік меңгерген абзал. 30-дан астам адам қатысқан бес күндік оқыту шарасы азаматтар үшін пайдалы болды.  Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсел Самұратқызының айтуынша, болашақ кәсіп иелері таңдаған электрондық сауда нарығын зерттеп-зерделей алады.  «Әсіресе нейрондық жүйелерді пайдалана білу маңызды. Сонымен қатар кәсіпті ашу, бастау жолдары, ары қарай дамыту жөнінде  ойласып, қажетті мәлімет бердік»,-дейді ол. 

Шарбану Есімбекова мебель өнімдерін сатылымға шығаратын кәсіпорынға жетекшілік етіп жүр. Оның пікіріне сенсек, мұндай курстар бизнес әлеміне енді ғана әрекет жасап жатқан азаматтарға тиімді болары анық. «Әрбір сауда саласындағы маман осындай курстарды оқып, меңгеруге тиіс. Себебі, нарыққа жол бастайтын алаңдарды бес саусағыңдай білуің қажет. Бұл ретте мобильді қосымшаның дизайны көркем де назар аудартарлық болғаны жөн»,-деп түсіндіреді «Mln mebel» компаниясының басшысы.      

Жобаның мақсатты аудиториясы нық қалыптасып үлгерді деуге негіз бар. Өйткені, еліміздің әр қиырында кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған түрлі орталықтар жұмысын дөңгелетіп жатыр. Бір ерекшелігі, осының аясында бизнесмен әйелдер халықаралық аренаға жол тарта алады.  Жүйелі жұмыстар елімізде өндірілетін тауарлар санын да еселей түспек.  Іргелі бастама шеңберінде жүзеге асырылып келе жатқан «Бір ауыл – бір өнім» атты жоба шағын елдімекендердегі қыз-келіншектердің үлкен нарықты бағындаруына бастамашы болуда. Осылайша еліміздің кіріс көлемі ұлғайтылмақ.  Сәйкесінше, ел нарығы импортқа тәуелділіктен ажырап, бірте-бірте экспортқа айрықша көңіл бөлетін болады. Бұл игі үрдістің отандық өндірушілер арасында бәсекелестікке пәрмен беріп,  мемлекет қазынасын қампайтары сөзсіз. 

Көрнекі фото: gov.kz  

Байланысты жаналықтар

Жұмыс іздеуге арналған платформа іске қосылды

28.08.2024

Олжас Бектенов: Мұнай-газ саласы халық игілігі үшін қызмет етуі керек

14.08.2024

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

18.07.2024

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды. Ипотеканы кімдер ала алады

15.07.2024

Нұрлан имам TikTok арқылы 2000 доллар табыс тапқанын білмеген

11.07.2024

Қайыр сұрайтындар күніне қанша ақша табатыны белгілі болды

19.06.2024
MalimBlocks
Жұмыс іздеуге арналған платформа іске қосылды

Үміткерлерге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі жазылған

Олжас Бектенов: Мұнай-газ саласы халық игілігі үшін қызмет етуі керек

Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформалар жоспарлап отыр

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

Қазақстандағы өнер иелерінің қосымша кәсіптері туралы дерек жария болды.

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды. Ипотеканы кімдер ала алады

Ұпайлар қалай есептеледі?

Нұрлан имам TikTok арқылы 2000 доллар табыс тапқанын білмеген

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында танымал мобилограф Қыран Талапбекпен бірге отырған видеосын жариялады.

Қайыр сұрайтындар күніне қанша ақша табатыны белгілі болды

Тілші қайыр сұрап тұрған адамдардың жанына өзі де қайыршы ретінде барды