Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр: Тоқаев кінәлілерді жазалауды тапсырды
Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.
Президент Жамбыл облысында жансақтау бөлімінде жатқан сарбаздың денсаулығына алаңдап, оқиғаға кінәлілерді жазалауды тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты.
Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті.
Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды, – деді ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Анасының айтуынша, ұлына “әлімжеттік жасаған”.
Сарбаздың анасына әскери полиция қызметкері хабарласып, ұлының ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін айтқан.
[Әскери полицей] “уайымдамаңыз, бәрі жақсы” деді. Баламда бәрі дұрыс болса, балам маған хабарлассын дедім. Жексенбі күні балалар ата-аналарына хабарласады. Әскери полицей “жарайды, айтамыз” деді. Түстен соң командирі хабарласып, ұлыңыз жансақтау бөліміне түсті деп айтты. “Есі бар ма?” деп сұрап едім, “ес-түссіз жатыр” деді. Ол – кома ғой, – дейді сарбаздың анасы.
Фото: RFE/RL/Коллаж Ulysmedia.kz