Жетісулық полицейлер өзен жағасындағы қызды аман алып қалды

Жетісу облысында тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, қыз баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 12 шілде күні таңғы сағат 04:30 шамасында Алматы – Өскемен автожолының 240-шақырымында, Көксу ауданының Балпық би кенті маңында орын алған. Жол бойындағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп жүрген әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Марат Ұзақпаев пен Көксу ауданының учаскелік инспекторы Жұмабек Бақбергенге көлік жүргізушісі келіп, Көксу өзенінің каналы бойында жалғыз тұрған бойжеткенді байқап қалғанын жеткізген.
Ақпаратты алған бойда тәртіп сақшылары дереу оқиға орнына барып, өзен жағасында тұрған қыз баланы тауып, оны қауіпсіз жерге алып шыққан. Қыздың өміріне төнген қауіптің алдын алған полицейлердің кәсіби және жедел әрекеті арқасында қайғылы жағдайдың болуына жол берілмеді.
Қазіргі уақытта бойжеткен тиісті мамандардың бақылауына алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Фото: polisia.kz


Ең көп оқылған
