Жыл басынан бері 50-ден астам ұйымдасқан қылмыстық іс қозғалды – ІІМ

Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу және тоқтату мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қылмыстық құрылымдардың басшылары мен мүшелеріне қатысты 51 қылмыстық іс қозғалған.
Алматы қаласында күзет қызметі ретінде жұмыс істеп, іс жүзінде бұзақылық, бопсалау және қаруды заңсыз сақтау сынды әрекеттерге барған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Топтың заңға қайшы әрекеттері қаңтар айында ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тарапынан тоқтатылған.
Сонымен қатар трансұлттық сипаттағы жеті ұйымдасқан қылмыстық топ және бір қылмыстық қауымдастық құру фактісі бойынша тергеу амалдары басталған. Бұл істер бойынша тек ел аумағында ғана емес, шетелде де ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған азаматтар анықталып отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және Бас прокуратурамен бірлесіп, дәлелдемелер жинау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 150-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
Соңғы екі жыл ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 90-нан астам іс аяқталып, сотқа жолданған. 13 топ бойынша сот үкімі шығып, 130-дан астам адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Мәселен, "Qarmet" АҚ нысандарынан ұрлық жасауға қатысы бар қылмыстық топқа қатысты іс бойынша 24 адам сотталды. Оның ішінде топ басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ұйымдасқан және трансұлттық сипаттағы қылмыспен күрес ІІМ ерекше бақылауында.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
