Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасында шығысқазақстандық «Алтай» футбол клубы өз алаңында елордалық «Астана» командасын қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ойынды тамашалауға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов келді.

Алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталған кездесуде екі команда да қорғаныста жатпай, кезек-кезек шабуылға шықты. Десе де бірінші таймда есеп ашылмады.
Ал екінші таймның басында қонақтар гол соғып кетті. Нәтижелі соққыны 81 нөмірдегі Рамазан Кәрімов жасады. Осыдан соң алаң иелері есепті теңестіру үшін барын салды. 67 минутта Дмитрий Шмидтің соққысын «Астана» қақпашысы қайтара алмады. Осылайша «Алтай» ойыншылары турнирлік кестеде алдыңғы лекте тұрған командамен тең тарқасты. Қорытынды есеп - 1:1.

Енді шығысқазақстандық футбол клубы Премьер-лигадағы келесі ойынын 14 маусымда «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.