Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге арнайы тұрғызылған кей үйлердің құжаттары әлі күнге дейін дайын емес, - деп хабарлайды kazinform.kz.
2024 жылы тасқыннан кейін пайда болған «Бірлік» шағын ауданында қазір 700 үй бар. Тұрғындардың алды мұнда 1,5 жыл бұрын көшіп келген. Бірақ әлі күнге дейін меншік иесі екенін растайтын құжатты қолдарына алмаған.
Амангелді Бекмұратов Бескөл ауылында тұрған, тасқында үй-жайы толық суға кетті. Жаңа үйге көшіп, мәселе шешілді деген қуанышы ұзаққа бармаған.
- Құжаттарды бір рет жинап апарып тапсырдым әкімдікке, кейін оны жоғалтып алдық деп айтты. Барлығын қайтадан жинап, тапсырдым. Әне-міне береміз дейді үй құжаттарын. Ауырып қалдым, ертең бірдеңе болса, бұл үйді балаларымнан тартып алады ғой, - дейді Амангелді Бекмұратов.
Тұрғындардың айтуынша, құжаттың жоқтығы күнделікті өмірде көптеген қиындық туғызған. Наталья Прохорова 1,5 жыл бұрын Большая Малышкадан көшіп келген. Петропавл тұрғынының айтуынша, тіркеуге тұрмағандықтан жақын маңдағы емханаға қарала алмайды, салдарынан қаланың екінші басына баруға мәжбүр.
Былтыр жазда құжаттарды береміз деді, кейін жаңа жылға дейін қолдарыңа тиеді деді. Енді сәуір-мамырда аласыңдар деп отыр. Бар мәселе, айтуларынша, бағдарламаның дұрыс жұмыс істемеуінде.
Қазір біз барлық коммуналдық төлемдерді төлеп отырмыз. Бірақ, жылжымайтын мүлік біздікі емес, қала балансында тұр. Үйді атымызға түсірмегендіктен не тіркеуге тұра алмаймыз, мүлікті сату немесе мұраға қалдыру да мүмкін емес, - дейді «Біплік» шағын ауданының тұрғыны.
Петропавл әкімі тұрғындармен кездесті. Айтуынша, меншік құқығын рәсімдеу процесі ұзақ әрі күрделі. Бағдарламалар ауысқанға дейін 58 жер телімі тіркеліп үлгерген, ал шамамен 300 үйдің құжаттары дайындалған.
Маусым-қараша айлары аралығында бағдарлама ауысты. Дұрыс жұмыс істемеді. Қараша айынан бастап қана жұмыс істей бастады.
Адамдар үшін тұрғын үй құжаттарына қатысты мәселелер өте маңызды екенін түсінемін. Сондықтан жауапты бөлімшелерге 14 күн ішінде 700 жер учаскесін толық дайындау бойынша нақты тапсырмалар бердім.
Сонымен қатар, әрбір меншік иесімен нақты жұмысты ұйымдастыруды - құжаттарды ресімдеуде жеке көмек көрсетуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырдым, - деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.