Астанада жолаушылар пойызында болған оқиғадан кейін жолаушы моральдық шығын үшін 3 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қызмет сапасының тиісті деңгейде көрсетілмегені тексеру материалдары мен өзге де дәлелдер арқылы расталды.
Істі Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты қарады. Талапкер тасымалдаушы компанияның қызметін сапасыз деп тануды, билет құнын қайтаруды және моральдық шығынды өтеуді талап еткен.
Сот мәліметінше, 2026 жылғы 7 наурызда Астана – Петропавл бағыты бойынша қатынаған жолаушылар пойызындағы санитарлық торапта техникалық ақау туындаған. Соның салдарынан дәретхана жүйесіндегі лас су жолаушының үстіне шашыраған.
Оқиға салдарынан жолаушы физикалық жайсыздыққа тап болып, моральдық күйзеліске түскен. Бұған қоса, оның киімі мен жеке заттарына зақым келген.
Іс бойынша ұсынылған дәлелдердің қатарында Астана қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының тексеру қорытындысы, фотоматериалдар және тасымалдаушыға қатысты толтырылған әкімшілік хаттама бар.
Сот барлық материалды зерделей келе, тасымалдаушы тараптың қызмет көрсету сапасына қатысты міндеттемелерді тиісінше орындамаған деген қорытындыға келді. Шешім қабылдау кезінде тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы заңнама талаптары мен Азаматтық кодекс нормалары басшылыққа алынған.
Нәтижесінде сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, жолаушының пайдасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.