Ассамблея басшысы неге ауысты?

Елнұр Бақытқызы

  • 29.04.2021

Қазақстан халқы ассамблеясын 1995 жылдан бері басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ассамблея төрағалығынан кетіп, бұл қызметті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Қазақстан халқы ассамблеясындағы өкілетін Тоқаевқа өткізіп берген Назарбаев "барлық мәселе бір қолда болуы керектігін" айтты. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясынан кетуі нені білдіреді?

"Саяси бастамаларды қолдайтын инструмент"

1995 жылы "ұлтаралық татулықты нығайту" үшін Назарбаевтың бастамасын құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы – елдегі бүкіл ұлт пен ұлыстарды біріктіретін консультативті-кеңесші орган. Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске тоғыз депутат ассамблеядан сайланады.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрыла салған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың  бірқатар бастамасын қолдап, ұсыныстар көтеріп, билікке қызмет ететін саяси тетікке айналды.

1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы президент Н.Назарбаевтың президент өкілетін 2000 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Көп ұзамай Н.Назарбаев 1995 жылдың 29 сәуірінде өз өкілетін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды қарастыратын референдум өткізу туралы қаулыға қол қойды. Ресми мәлімет бойынша, референдумға қатысқан халықтың 95,46 пайызы Н.Назарбаевтың өкілетін ұзартуды қолдап дауыс берді, тек 3,8 пайыз дауыс беруші бұл бастаманы қолдамаған.

1995 жылы президент Н.Назараев өз билігін күшейтетін жаңа Конституцияның жобасын Қазақстан халқы ассамблеясының екінші сессиясында таныстырған. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда халықтың 90 пайызы сол конституцияны қолдап дауыс берді.

Кейін, 2010 жылы президент Н.Назарбаев өкілетін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту мәселесі көтерілгенде де ассамблея белсенділік танытып, бұл қызу ұсынысты қолдап, мәлімдеме жасады.

Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев Қазақстан халқы ассамблеясы әу бастан Назарбаевқа қолдау көрсететін саяси инструмент қызметін атқарды дейді.

"Бұл құрылым әу бастан жасанды болды, ұлтаралық қатынастар саласындағы мәселелерді шешу үшін құрылмаған еді. Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткеннен кейін сақтап қалған қызметтердің ішінде Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалығы – ең маңызды тетік емес. Бұл құрылым екі мақсат үшін керек еді. Біріншіден, Қазақстан ұзақ уақыт бойы өзін ресми түрде ұлтаралық тұрақты, тату-тәтті ел ретінде әспеттеді. Екіншіден, Назарбаевтың бастамаларын қолдайтын саяси инструмент ретінде керек болды", - дейді Досым Сәтбаев.

Былтыр Қордай ауданында этникалық дүнгендер тұратын төрт ауылда қақтығыс туындап, арты қантөгіске ұласты.  Осы оқиғадан кейін Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі сынға алынды.Назарбаев Тоқаевқа ассамблеядағы қызметін бергеннен бір күн бұрын Тараздағы сот Қордай оқиғасына қатысқан 51 айыпталушыға үкім шығарды. Олардың бірі ақталса, қалғандары 1-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Ассамблея елде ауық-ауық болып тұратын ұлтаралық шиеленістің бірде-бірінде екі тарапты бітістіруші немесе осындай шиеленістердің алдын алушы модератор рөлін атқара алмады.

Н.Назарбаев көп уақыт бойы өзіне қызмет еткен Қазақстан халқы ассамбеясы төрағасы қызметін Тоқаевқа тапсыру арқылы бұдан былай ұлтаралық қарым-қатынас үшін жауапкершілікті Тоқаевқа жүктеді.

"Былтыр Қордай оқиғасы елде белгілі бір дәрежеде ұлтаралық шиенеліс бар, таза тұрмыстық кикілжің жарылысқа апарып соқтыруы мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан енді Тоқаев ұлтаралық қарым-қатынасқа жауапты болу қосымша міндеті жүктелді", - дейді Досым Сәтпаев.

Енді ұлтаралық ахуал үшін сынды кітапхана емес, Ақорда естиді. Осылайша кітапхана соңғы кездері бас ауруға айналып, сынға ұшыраған тетіктен құтылды. Алайда саясаттанушының ойынша, бұл Тоқаев өкілеті күшейді дегенді білдірмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Н.Назарбаевқа ассамблеяның құрметті төрағасы болуды ұсынып, экс-президент бұл ұсынысты қабыл алған.

"Назарбаев ештеңеге жауапты болмағанымен, бәрін бақылап отыр. Ассамблеяда да солай. Егер Назарбаев Тоқаевқа саясат пен экономиканың негізгі тетіктерін басқаратын Қауіпсіздік кеңесі, Nur Otan немесе "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорындағы өкілетін берсе, онда Тоқаевқа қосымша өкілеттілік берілді деуге болар еді. Ал қазір ол Тоқаевқа суға батқалы тұрған кемені ұстатты", - дейді Д.Сәтпаев.

Алайда дипломат Қазбек Бейсебаев Н.Назарбаев билігін бере бастады дейді. Себебі Қазақстан халқы ассамблеясынан мәжіліске 9 депутат сайланады.

"Назарбаев бүкіл билікті болмаса да, биліктің кішкентай бөлігін берді. Бұл бұрынғы президенттің қолында бәрін ұстауға мүмкіндігі жоқ екенін көрсетуі ықтимал. Қазір ресми жоғары органдардың басында елбасының туыстары жоқ. Туысы делінген Есімов "Самұрық-Қазына" қорынан кетті. Президент, сенат пен мәжіліс спикерлері, үкімет жетекшісі туысы емес. Сондықтан Назарбаев билікті ақырындап беріп жатыр", - дейді Қ.Бейсебаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев номенклатуралық тұрғыдан қарағанда, ассамблея 9 депутатты сайлайтындықтан, бұл Тоқаевқа берілген кішігірім бонус қана дейді.

"Төменгі палатада Nur Otan басым екенін ескерсек, оны Тоқаев бақыламайды. Бірақ ассамблея арқылы өз кандидаттарын мәжіліске жібере алады", - дейді Д.Сәтпаев.

"Суға кеткелі тұрған кеме"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев қазіргі күйдегі ассамблея түбі тесік немесе суға кеткелі тұрған кеме іспетті, сондықтан оны құтқарудың бірден-бір жолы реформа жүргізіп, қызметін ретке келтіру дейді. Алайда ассамблеяның құрметті төрағасы тұрғанда президентке оны іске асыру қиын болуы мүмкін.

"Бір жағынан ассамблеяны ұлтаралық қарым-қатынасты бақылап, уақытында қақтығыстың алдын алатын құрылымға айналдыру керек. Егер оны модернизацияламаса, онда ассамблея ерте ме, кеш пе құрдымға кетеді. Назарбаев тұрғанда Тоқаевтң бұл ұйымды жабуы екіталай. Бәлкім, ішінде аз ғана өзгеріс жасайтын шығар".

Түптеп келгенде ұлтаралық келісім мен татулықтың сақталуы қолдан жасалған жасанды институттың бар-жоғына байланысты емес. "Билікке сенім мен  өмір сүрудің жоғары деңгейі бар жерде ұлтаралық шиеленіс төмендейді немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейтіндей деңгейде болады", - дейді Д.Сәтпаев.

 

Байланысты жаналықтар

Биыл қанша азаматтың «қандас» мәртебесін алғаны белгілі болды

22.10.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентімен телефон арқылы сөйлесті

22.10.2024

Мемлекет басшысы Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдады

21.10.2024

Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды

18.10.2024

Тоқаев елордадағы жаңа өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты

17.10.2024

Президент Astana Think Tank форумына қатысты

17.10.2024
MalimBlocks
Биыл қанша азаматтың «қандас» мәртебесін алғаны белгілі болды

1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралған

Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Президенттер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екендерін растап, өзара ықпалдастықтың басым бағыттарын қарастырды

Мемлекет басшысы Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдады

Қазақстан Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Чехиямен тығыз ықпалдастық жасауға бейіл

Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды

Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болған

Тоқаев елордадағы жаңа өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты

Президент Astana Think Tank форумына қатысты

Адамзат сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр