Әжетхана дауынан кейін Түймебаев ректор болмай қалыпты
Қазақстан халқы ассамблеясы Жансейіт Түймебаевтың әлі ҚазҰУ ректоры болмағанын, әлі де ассамблея төрағасы орынбасары екенін айтып, оның әжетхана сатып алу туралы тендерге қатысы жоқтығын мәлімдеді.
"Жансейіт Қансейітұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне ресми түрде әлі кіріскен жоқ. 5 ақпан күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен өткен Республикалық комиссия кандидатурасын таңдағаны, бекіткені рас. Бірақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметке кірісу туралы бұйрығы әзірге шыққан жоқ. Сол себепті Жансейіт Қансейітұлының 5 ақпанда жарияланған мемлекеттік сатып алу шартына қатысы жоқтығын назарларыңызға саламыз", - дейді ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің қоғаммен байланыс және ақпараттық жұмыс басқармасының жетекшісі Қаншайым Байдәулет Facebook-тегі парақшасында.
Кеше orda.kz сайты Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әрқайсының құны 11 миллион теңгеден асатын 2 биодәретхана сатып алып орнатпақ екенін жазған. Бұл мәселеге назар аударған malim.kz сайты ұлттық университет мемлекеттік сатып алулар порталына биодәретхана сатып алатыны туралы хабарландыруды 5 ақпан күні кешкі сағат 20:05-те ілгенін жазған. Ал бұл уақытта қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жоғары оқу орындарындағы ректорлық лауазымға кандидаттарды анықтайтын Республикалық комиссияның отырысы өтіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болып Жансейіт Түймебаев сайланғанын әлеуметтік желіде жария еткен. Яғни ұлттық университет жаңа ректор сайлана салысымен мемлекеттік сатып алулар порталына 22 миллион теңгеге дәретхана сатып алатыны жайлы хабарландыру ілген.
Жансейіт Түймебаевтың 5 ақпан күні Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болғанын malim.kz, tengrinews.kz, vlast.kz, kapital.kz, orda.kz, inform.kz, тағы басқа бірқатар сайттар жарыса жазған. Қазақстан халықтар ассамблеясы сол уақытта Жансейіт Түймебаевтың оқу ордасына әлі ректор болып бармағанын, әлі де ассамблеяда істейтінін хабарламаған, журналистерді түзетпеген. Ал кеше 22 миллион теңгенің әжетханалары туралы дау көтерілген соң бірден Түймебаевтың ҚазҰУ-ға әлі ректор болмағанын айтып, әлі ассамблеяда жұмыс істейтінін айтып шыға келді.