Командир министрді, министр президентті алдайды – шекаралық Мақаншы тұрғынымен сұхбат
Бірақ, күні бүгінге дейін еститін құлақ жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елімізде Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылғаны мәлім. Өңірлердің жаңа әкімшілік-аумақтық бөліністері нақтыланып жатыр. Ал бұрынғы Семей облысына қараған Мақаншы ауданының азаматтары облыс аумағында болған аудандарды қайта жасақтау кезінде Мақаншы назардан тыс қалмаса дейді. Себебі, шекаралық ауданға жататын Мақаншыға кейінгі кезде көңіл бөлінбей қалған. Malim.kz тілшісі өңірдің байырғы тұрғыны, қоғам қайраткері Әбен Разуевпен тілдесіп, аймақтағы өзекті мәселелерді сөз етті.
Мақаншылықтар бүгінгі күнге күйзеліспен жетті
- Мақаншының кешегісі мен бүгіні көз алдыңызда. Кезінде даңқы алысқа кеткен аудан тараған соң қандай халге түсті?
- Еліміздің картасына қарасаң Мақаншы оңтүстік шығыстағы шалғай жатқан жер. Екінің бірінің көзіне шалына бермеуі мүмкін. Бірақ оның шекаралық аудан деген маңызы бар. Бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын Кеңестер одағы кезінде 1928 жылы шекаралық өңірде Мақаншы ауданы құрылды. Ол шығыстағы алып Қытай мен қазақ елінің арасын шегендеген жер. Одан бері аудан ұжымдастыру, индустрияландыру, тың және тыңайған жерлерді игеру, кемелденген социализм кезеңдерін өткерді. Бірақ еш уақытта аймақ дамымаса құлдыраған жоқ. Мақаншының ең шарықтау шегі кеңестер одағының құлайтын уақытына тап келді. Мысалы, 1989-1991 жылдар аралығында Мақаншы халқының саны 50 мыңға жетті. Мал басына келсек, 500 мыңдай қой, 30 мыңға тарта ірі қара, 20 мыңдай жылқы болды. 159 мың гектар шабындық жерде мал азығы дайындалатын. 30 мың гектар суармалы жері қолданыста еді. Сол кезде Мақаншы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болғаны рас. Мемлекетке 70 мың тонна астық өткізіп республика көлемінде рекорд орнатып отырды. Әрине, оның барлығы сол кездегі басшыға байланысты еді. Осылайша өсіп, дамып келе жатқан аудан 45 шақырым жердегі Үржарға үш рет қосылып, үш рет бөлінді. Бұл сол кездегі басшылардың шекара бойына зер салмауынан, оған саяси тұрғыда мән бермеуінен деп есептеймін. Шекарадан 60 шақырымға дейінгі аралық шекаралық аудан деп аталады. 60 шақырымнан асса ол шекаралық аудан емес, тыл. Мақаншының Кеңес одағы кезінде үш мәрте Үржарға қосылуы оның қазақы аудан болуында. Қазақы ауданды дамытпаудың, өркендетпеудің себебінен осындай қадамға барды. Ол шақта Үржар ауданы басшылығында, облыста да орыстар көп болды. Сондықтан қазақи ауданның дауысы алысқа шықпады. Бұл жерде құйтырқы саясат жатты.
Мақаншы қарызға батып отырған ауданға қосылды
- Мақаншының Үржарға қосылуы қандай қиындықтарға лаып келді?
- 1997 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін қиындық болды. Дәуірлеп тұрған Кеңес одағынан кейін жаңа мемлекет құру оңайға соққан жоқ. Мүмкін облыстарды бөліп, оның құрамындағы аудандарды да таратып, көрші аудандарға қосу экономикалық тұрғыдан тиімді болған шығар. Елдегі ұлттардың тепе-теңдігін сақтау қажеттілігі де туындаған болар. Семей облысын таратып, Өскеменге қосты. Саясаттандыра бергенмен ел дамымайды. Мысалы, өзіңізге тиесілі аулаңыз 6 немесе 10 сотық болса күйіңіз жетіп, мәпелеп, әр уақытта алақанда ұстап отырасыз. Ал егер иелігіңіздегі жер кең болатын болса игере алмайсыз, шамаңыз жетпейді. Сол сияқты Таскескен, Мақаншы мен Үржарды біріктіріп жіберді. Үш жүз шаршы шақырым жерді бір аудан әкімінің басқаруға мүмкіндігі жетпейтіні белгілі. Осы жағынан қателіктер болды. Мақаншы Үржар ауданына қосылған кезде қалдық ақшасы 23 млн болатын. 1997 жылғы бағам бойынша бұл өте мол ақша еді. Міне, сондай мол мүмкіндікпен Үржар ауданына қосылдық. Өзіне пайда әкеліп отырған ауданды жайына қалдырмай, мемлекетке қарызға батып отырған ауданға қосты. Табиғи байлығы, жер көлемі, оның құнары экономикалық жағынан дамуға жетіп тұрды. Осындай аудан кері кетеді деуге болмайтын еді. Шекаралық аудандар тарағаннан кейін Мақаншыдан ел кете бастады. Өйткені, жұмыс жоқ, жастарға мүмкіндік те берілмейді. Еріксіз қала жағалауға тура келді. Кешегі күннен қарағанда бүгінгі күндері халық өте күйзелісте болды. Мақаншының жай-күйі төмендеп кетті.
- «Арқанкергендегі» қайғылы жағдай, Зайсан ауданындағы «Терісайырық» шекара бекетінде 11 жауынгердің шекараны тастап кетуі – ел қауіпсіздігіне мән берілмейтінін көрсетті. Шекарамыздың Мақаншы жағы қалай?
- Мемлекеттің шекаралық аудандарды жетілдіреміз, оны барынша әлеуметтік, экономикалық жағынан қолдаймыз дегені қағаз бетінде, сөз жүзінде қалды. Қаржы сол қажетті ауданға барып түспейінше оның ахуалы көтерілмейтіні мәлім. Үржар бүгінде шекаралық аудан болып отыр. Соған сәйкес, мемлекеттен бөлінетін қаржы ең бірінші Үржар ауданына барады. Ол шекараның бойында тұрған Мақаншы, оның айналасындағы 19 ауылды емес, Үржарды көркейтуге кетеді. Кім болса да өзімнің шыққан төбем биік болсын дейді. Ауданға қай әкім келсе де қаржыны сол жерде игеріп қалуға тырысады. Бөлінген миллиардтаған қаржының бір бөлігі шекаралық ауданға беріліп жатса онда біздің шулап неміз бар? Міне осындай жағдайлардан Мақаншы мен Үржар ауданының ара-жігі әлдеқайда алшақтап кетті. Сондықтан біз неғұрлым шекаралық ауданды нығайтсақ, күшейтсек, шекараға ел қоныстанса деген ниетпен әрекет жасап жатырмыз. Біз 25 жылдан бері осы ауданды қайта қалпына келтірсек деп барлық жерге жазып жүрдік. Бірақ, күні бүгінге дейін еститін құлақ жоқ. Шығыс Қазақстанның Марқакөл, Күршім, Тарбағатай аудандарында да осындай жағдай. Бұл – уақыттың талабы. Елдің өн бойындағы осындай кемшіліктер, дұрыс жоспарланбай, атүсті қаралған жағдайдың барлығы бірінші Президенттің құлағына жетпеуі мүмкін.
- Назарбаев «13 мың шақырымнан асатын 5 мемлекетпен шекарамызды шегендеп, заңдастырып алдық» деді. Тоқаев та «Ортақ шекарамызға қатысты барлық мәселенің түйіні тарқады» деп жүр... Шын мәнінде солай ма?
- Назарбаев шекарамызды шегендеп алдық деп айтты. Ал шындығына келсек шекара шегенделген жоқ. Шекарада қандай жағдай болып жатқанын көкейінде саңылауы бар адам болса ұғар еді. Көрпемізді басымызға жамылғанымыз не керек, етегіміз ашылып, іргеміз сөгіліп жатса. Шакараның арғы бетіндегі Шәуешек қаласы қалай дамып кеткен?! Көпқабатты, зәулім үйлер салынып жатыр. Бақтыдан Ақшоқы ауылына дейінгі 25-30 шақырым шекараның өн бойында, арғы бетте бір бос орын жоқ. Халық тығыз жайлап алған. Ал біздің жақта керісінше ешкім көрінбейді. Жақында шекара түбіне барғанымызда бақылау пунктінің үстінде жалғыз қуыршақтың тұрғанын көрдік. Қазақстан шекарасын қуыршақ күзетіп тұр. Сонда Қазақстанды халық емес, қуыршақ қорғайтын болған ба деп ойладық. Баяғыда бақшаға қарға-құзғын келмесін деп қарақшы қоюшы едік. Тура сол секілді. Арғы бетте тұрған Қытайдың әскерилері, халқы ақымақ емес қой. Бақылау орнындағы сұлбаның қозғалмай бірнеше сағат тұрғанын анық біледі.
- Шекараның арғы жағы қала, бергі жағы дала болып тұр ғой сонда...
- Тарбағатайдың Хабар асуы деген жерінен бастап Жалаңашкөлдің Ұзынбұлақ деген жеріне шейінгі біздің шекарамыз 220 шақырымға тарта созылып жатыр. Кезінде бұл өңірді 15 бақылау бекеті қорғаған. Кеңес одағы кезінде 1 заставада 50-60 адамға дейін жауынгер болатын. Оның кемінде 20-25-і қарулы топ еді. Бір дабыл түсе қалғанда олар тайлы тұяғымен қоңырау түскен нүктеге баратын. Кім шекара бұзды ұстап алатын. Әскерлер екіден-үштен иттерін ертіп, шекара бойымен келе жатады. Сонда кез келген уақытта сен ол әскердің қай нүктеден шыға келгенін байқамай қалатынсың. Сені тоқтатып, тексереді. Қазір ондай бақылау жоқ. Шекараның бойынан қанша жүріп өтсең де тоқтатып жатқан ешкімді көрмейсің. Біздің бақылауымыз қайда?! Қытайда шекара бойымен тартылған сым-темірдің ар жағында бақылау бекеті болса сол өңірде жол асфальтталған. Ал біздің елдің жолын шаң басып жатыр. Қытайлар джип көлігімен жүріп өтеді. Бізде УАЗ-бен жүрсек жүреміз, жүрмесек ол да жоқ. Халық тығыз орналасқан жерде әрбір 500 метр сайын киіз үй тігіліп қойылған. Оның ішінде компьютерлік жүйе орнатылған. Әрбір 100 метр сайын биік бағандардың басында бейнебақылау қондырғылары бар. Сол арқылы олар арғы бет пен бергі бетті киіз үй ішінен бақылап отырады. Түнгі уақытта кез келген бағанның басында самаладай болып жарық түсіп тұрады. Ал біздің шекарада тас түнек, қараңғы. Міне,айырмашылық қайда жатыр?! Қайсыбір уақытта киіз үйден екі-үш шекарашы шығады, бірі алдында бірі артында ортасындағы жауынгер Қытайдың туын алып өздерінің иелігіндегі участокте жүріп өтеді. «Осындай елде тұрамыз, біздің мемлекетіміз бар» деген сес қой ол. Ал біздің елде ондай сес жоқ. Біздің заставаларымыздың көпшілігі компьютерлік жүйеге қосылмаған. Байланыс жүйесі дұрыс істемейді. Қазір әрбір заставада шамамен 15-20 адам ғана бар. Оның біреуі командир, енді бірі орынбасары, біреуі кезекші болса, бір-екеуі аспаз болуы мүмкін, электрик-сантехнигі бар. Арғы жағында 12-13 адам қалады. 220 шақырым шекара болса 15 заставаның екеуі тарқады. Орнында пост ғана қалды. 13 заставаға 220 шақырымды бөліп көріңіз. Әр бір жарым шақырымға бір адамнан келеді. Бір адаммен біз қай жерді қорғаймыз.
Мақаншыға ең алдымен саяси жағынан мән берген дұрыс. Біз шығыстағы айдаһардың бір тістегенінен аман қалмаймыз. Украина мен Ресейдің арасында соғыс болып жатыр. Егер біздің халық Ресейдегідей 80 миллион болса алаңдауға негіз жоқ еді. Сондықтан тыныштықты ойлайсың. Тыныштығымыз шекарамыздың нығаюына байланысты болмақ.
30 жылдан бері бекеттеріміздің сулары тартылып кетіп, оны жұрт тасымалдап ішкен. Былтырдан бері іске қосып жатыр, бірақ оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Бізде Шағантоғай деген застава болған. Онда осы күнге дейін жүйелі электр жарығы жоқ. Оның орнына дизель пайдаланылады. Ал сол Шағантоғайға электр тогы тартылды деп есеп берілді. Шын мәнінде олай емес. Осылайша жергілікті жердегілер өздерін өздері алдап отыр. Сол арқылы командирін, командир Қорғаныс министрлігін, министр барып Президентті алдайды. Төмендегілер Президентке жұмыс істелмей жатқанын айтуға қорқады. Өздерін өздері жамандыққа қиғысы, ұстап бергісі келмейді. Осындай шым-шытырық дүние.
Шекара халықпен бірге шекара
Шекара бойындағы халықты сауаттандырып, көзін ашып, шекара әр уақытта халықпен бірге шекара екенін айтқымыз келеді. Шекаралық аудан құрылса ол жерге халық шоғырланады. Кезінде шекараның бойында шөп шабылатын, астық егілетін, мал бағылатын. Малшылар таңның атысы, күннің батысы шекараның маңында ығы-жығы жүріп жататын. Комбайншылар астығын шауып жүретін. Шекара бұзған әлдебіреу болса, көп жағдайда заставаға сол шаруалар хабарлайтын. Кезінде Семей облыс болып тұрғанда үлкен кәсіпорындары шекарадағы 15 заставаға бекітілген-ді. Олар шекараны қамқорлыққа алатын. Қажетті материалдық көмегін көрсетіп, концертін қоятын. Ал бүгінде ондай үрдіс атымен жоқ. Шекара күнінде ғана мектеп оқушылары төбе көрсетіп қайтады. Осындай жағдайлар шекара мен халық арасындағы байланысты үзіп тастады. Біз осы үрдісті қалпына келтіргіміз келеді. Біздің бар өміріміз шекара бойыменен тікелей байланысты. Шекара қалай болса, сол шекараның бойындағы халықтың болмысы, өсу жолы да оған етене қатысты. Өйткені, шекараның бойында тұрған халық Отанның не екенін, елдің не екенін, ішкері жақтағы халықтан қарағанда жақсы түсінеміз. Олай дейтінім, шекараның арғы бетінде бір қадам жақындасаң сені арғы жақта беймәлім ел күтіп тұр. Ал беймәлім елмен біте қайнасып кету ол оңай шаруа емес. Осындай жағдайда әр уақытта елдің бүтіндігін ойлайсың.
- Дербес аудан статусын алу мәселесін көтеріп келесіздер. Мақаншының халық саны аудан құруға мүмкіндік бере ме?
- Шығыстағы аудандардың ішінде табиғи байлығы, әлеуметтік жағдайы жоғары - Мақаншы. Бүгінде елді мекенде 31 мыңнан астам халық тұрады. Осы жағынан алғанда Абай, Курчатов, Көкпекті халқынан көппіз, Жармамен тепе-теңбіз. Егер 31 мың халық Мақаншыға бөлініп кетер болса, Үржардың өзінде 31 мың тұрғын қалуы мүмкін. Сол 31 мыңның 7-8 мыңы бұрынғы Таскескен ауданының тұрғындары. Сондықтан, біздің әлеуетіміз аудан болуға толық жеткілікті. Осы бағытта арнайы делегация құрылып отыр. Енді облыс әкімі тағайындалып, облыстық мәслихат жасақталар болса өзіміздің қандай деңгейдегі аудан, ел екенімізді дәлелдеп, Президентке аудандық мәртебе алуды ұсынуға ықпал етуін сұраймыз. Оған Үржар ауданының әкімдігі мен мәслихаты қарсы емес. Үржар ауданында 27 ауылдық округ бар. Шығыс қазақстандағы ең үлкен аудан – Үржар. Егер аудан әкімі бір күнде бір ауылдың әлеуметтік жағдайымен танысамын дейтін болса ол 27 ауылды бір айда аралап бітеді. Ал әкімнің одан да басқа қат-қабат шаруалары бар емес пе? Мақаншы жеке аудан болып шықса Үржарға да бұдан да зор көңіл бөлінер еді. Мен ұрпақтарыма, сол ауылдың жастарына жаным ашиды. Егер аудан ашыла қалса, халық саны көбейеді. Қоныстану басталады. Еңбек күші келеді. Демографиялық үлес артады. Аудандарды бөлу туралы жарлық 8-маусымда күшіне енеді. Облыс әкімі тағайындалса бір бірімен қосылған аудандарымыздың тағдыры шешілетін шығар деп отырмыз.
Жалаңашкөл - жеке адамның емес, халықтың игілігі
- Мақаншының дәл қазіргі хал-ахуалына тоқталайықшы. Әлеуметтік, экономикалық мүмкіндігі қаншалықты жеткілікті?
- Қазіргі кезде Мақаншының өз басында 13 мың адам тұрады. Қала деген статусы бар Курчатовтың өзінде 12 мың халық бар. Аймақтағы Бақты кеденінің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үлкен қаржы көзі. Алакөліміз де туризмнің нүктесіне айналып үлгерді. 300-ге тарта демалыс орны ауданның бюджетіне қыруар қаржы құйып отыр. Егер аудан құрыла қалып, іскер басшы қаржы көздерін таба білсе... Сонымен қатар, Жалаңашкөлдің көмір кенін де айрықша атап айтар едік. Ол жер бүгінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп отыр. Ол неге біздің Үржар мен Мақаншыға қызмет көрсетпейді?! Біздің байлық емес пе? Жалаңашкөл жеке адамдардың емес, халықтың игілігі еді ғой. Өкінішке қарай, ел көмір кенішінің пайдасын көріп отырған жоқ. Ертең «Барлық Арасан» шипажайы іске қосылар болса үлкен туристік аймаққа айналар еді. Алакөлге құйып жатқан трансшекаралық Еміл өзенінің бойынан ауқымды мұнай қоры табылды. Зерттелді, зерделенді. Тарбағатай тауындағы үлкен кен орындары - біздің болашағымыз. 159 мың гектар астықты, 30 мың гектар суармалы алқап, Келдімұрат, Көктерек, Ақшоқы, Қарабұта өзендері бар. Кезінде бұл өлкеге су қоймаларын салу жоспарланған. Тек Келдімұрат су қоймасы салынды, қалғандары салынбай қалды. Егер аталған су қоймалары қолданысқа берілсе 30 мың гектар ғана емес, 60 мың гектар суармалы жер пайда болады. Ал Алакөлдің табиғи байлығы – балық. Балық зауытын ашып неге шаруашылықты өркендетпеске?! Жоңғар қақпасы, Қабанбай батырдың жүріп өткен жолдары, Тарбағатай таулары мұның бәрі де туристік нысандар. Айта берсек, атқарылар шаруа шаш етектен. Ол үшін Мақаншы аудан статусын алуы керек.