ПРЕЗИДЕНТ МАҚАЛАСЫ–ДАМУ БАСПАЛДАҒЫНА БАСТАЙДЫ
2024 жылдан бастап ғылым және білім саласындағы педагог, ғалымдардың жалақысы өсті. Биыл елімізде халықаралық көшпенділер ойыны өтеді. Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымға төрағалық етеді. 2024 жылы академик Қаныш Сәтбаев сынды елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың мерейтойлары атап өтіледі. Айта берсе елде жаңалық көп, Конституциялық сот жұмысын бастады. Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінетін болды. Қазақ тарихын қайта зерттеу жұмыстары жалғасады деп күтілуде. Осындай жаңалықтар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында жарияланды.
Келелі сұхбатта қазақ халқының басты проблемалары бүкпесіз талқыланды. Көпшілікке жағатын тұсы да осы. Ғылым-білім, техника мен инновация туралы көбірек ойлануымыз керек деді, Президент өз сөзінде. Мақалада сондай ақ, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, отбасындағы зорлық-зомбылық, Атом станциясының құрылысы және Қаңтар қасіреті секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жайлы сан алуан ой-пікірлер айтылып жатыр. Назарларыңызға бірнеше маманның пікірін ұсынсақ.
Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Сұхбатпен танысып, мынадай пайым-тұжырымға келдім:
1.Президентіміз Қ.Тоқаев саяси тұлға ғана емес, терең ғылыми ойдың адамы.
Бүгінгі әлем және бүгінгі Қазақстан туралы айтқандары бір-бір монографияға арқау боларлық ізденісін паш етіп тұр.
2. Ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстанның ара жігі ашылды. Бұған дейін қоғамдық сана екіұдай халде еді. Қай жаққа шығарын білмей келгені де рас. Сұхбаттағы кеткесін кету керек деген сөз елбасизммен біржолата қоштасқанымыздың межелі сәті.
3.Соңғы жарты ғасырдағы тарихымыз мемлекет басында бір адамның тым ұзақ отырғаны дұрыс еместігін көрсетті. Осыны Қ.Тоқаев толық ұғынды деп есептеймін. Адам періште емес. Темірден де жаратылмаған. Ақыл жастан деген ғой бабаларымыз. Назарбаевтың қасіреті таққұмарлық құрсауынан шыға алмағаны. Тәп-тәуір бастап еді, аяғында өзі туындатқан кереғарлыққа ие бола алмай қалды. Сталин, Хрущев, Брежнев - бәрі осы дертпен ауырған. Қазақстан қасіретті тарихты қайталамауы керек. Бізге қалтыраған мемлекет басшысы емес, күш-қуаты тасыған төл мемлекетіміз қымбат.
4. Ескі Қазақстан мұрасынан - жағымпаздықтан, жемқорлықтан, малшашпақтықтан арылуды Қ.Тоқаев күн тәртібіне қойғалы бірнеше жыл өтті. Батыл, жүйелі қимылдайтын уақыт жетті. Ертең кеш қаламыз. Егер кеш қалсақ, реванш алатын күштер табылады. Олар ешкімді аямайды. Қаңтар баланың ойыны болып қалады. Иә, Қазақстанда қазір қуғын-сүргін жоқ. Оны болдырмаудың бірден бір жолы - биліктегі тепе-теңдік пен тежемелілікті орнату. Онсыз егемендігіміз бен тұтастығымыз сақталуы қиын. Демек, қоғамымызды демократияландыру ауадай қажет. Заңның үстемдігі ғана демократияға жол ашады.
5. Қазақстанның ұзына тарихы гуманизммен, оптимизммен, сеніммен суғарылған елі. Елбасизм тұсында сол құндылықтарымыз тым әлсіреп кетті. Қайтарылуы керек. Ешкім ештеңеге сенбеуге айналды. Мұндай мемлекетте болашақ жоқ. Ұлттық идеямызды, идеологиялық басымдықтарымызды пысықтап алсақ, артықтық етпес еді. Жастар мақсат-мұратымызды бес саусағындай білуі керек, соған адалдығымызға мерекелік шарада емес, күн сайын нақты істерден көргені ләзім.
Нұрдәулет Ақыш, М.О Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Egemen Qazaqstan» газетінде 3 қаңтарда жарияланған сұхбатпен толық таныстым. Көңілден шығатын мәселелер қозғалған екен. Көп жерін құптап, басымызды изедік. Бұл мақала біздің елдің озық ойлы адамдарына, зиялы қауым өкілдеріне, қайрақткерлерге, іскер жандарға серпін береді деп ойлаймын. Сұхбаттың ерекшелігі неде десек, біріншіден, Дихан Хамзабекұлы тек журналист ретінде емес, озық ойлы зерттеуші, ғалым екенін көрсете біліпті. Алыстан орағытпай өзекті, нақты әрі қарапайым сауалдарды қойған. Президентпен журналист ретінде ғана емес, әріптес ретінде сөйлескені көңіліме қонды.
Осындай күрделі кезеңде саясатты айналып өту мүмкін емес. Әсіресе ішкі және сыртқы саясат төңірегіндегі әңгімелердің астарында үлкен мағына жатыр. Бұл ретте біз Мемлекет басшысының сыртқы саясатты жүргізудегі мол тәжірибесіне сенім артамыз.
«Озық ойлы ұлт болуымыз керек» деген Президенттің сөзінде үлкен мән жатыр. Әрбір іске ғылыми тұрғыда қарау керек деп түсіндім. Озық ойлы ұлт болсақ, сыртқы саясат, экономика, әлеумет, сауда қатынастары барлығы өздігінен оңай шешіледі деп ойлаймын.
Президенттің тарих ғылымдары туралы айтқан ойлары өте орынды. Қазақ тарихына қатысты кей мәліметтердің бұлыңғыр екенін жасыра алмаймыз. Әр зерттеуші әр түрлі деректер келтіреді. Бірақ соның бәрін мүмкіндігінше ортақ ресми арнаға жақындату керек. Мәселен, Жошы ханның туған жылына байланысты түйткілдер бар. Біздің қазақ мемлекетіне 550 жыл деп атап өттік. Дегенмен, жеке тайпалар мен руларға кіретін қазақ мемлекеті болды ғой. Мысалы үйсіндер мемлекеті, наймандар елі болды, олардың бәрі қазақтың құрамында болған, олардың бәрі қазақтың бастауында тұрған құрылымдар. Тарихшыларымыз қазақ елінің тарихын нақты деректермен қайта жазуға кірісіп жатыр. Өйткені бұл жөнінде тек қазақ тарихшыларының ғана емес, шет елдердің тарихшыларында деректер баршылық. Соларды негізге алу керек. Ал енді Ұлттық құрылтайда ұлттық мәселелер көтерілсін деген ойлары да көңілге қонымды. Озық ойлы ұлт боламыз десе ғылымды дамыту керек деген сөзге толық қосыламын. Бір әттегенайы, нақты ғылымдарға көңіл бөлу жағы айтылмай қалыпты. Сосын шешілмей жатқан мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлықты да айту керек еді. Мүмкін бұл сұрақтар бір сұхбаттың аясына сыймаған шығар. Халықтың бір өкілі болғандықтан осы жағдайды айтып қалғымыз келді. Тағы бір қуанарлығы, Конституциялық соттың шешімін Президенттің өзі өзгертейік деді, бұл өте дұрыс шешім. Мен мұны демократияның айқын белгісі деп білем.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, білікті педагог:
2024 жыл жаңа бастау алды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты барша Қазақстан халқына арналған 2023 жылдың есебі іспетті. Бұл мақала алдағы жылға арналған жоспарларды да айқындап берді. 2023 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруда, яғни экономиканы әртараптандыруда, инфрақұрылымды жаңғыртуда, бизнесті қолдауда, инвестиция тартуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Елімізде қордаланған мәселелердің жеткілікті екенін бәріміз білеміз. Көптің көкейінде жүрген түрлі түйткілдер де елеусіз қалған жоқ.
Адамзатқа алдымен денсаулық, сосын білім керек. Еліміздің түкпір-түкпірінде денсаулық сақтау нысандарының, білім беру ошақтарының салынуы, «жайлы мектеп» бағдарламасының іске асып жатқандығы қуантады. Бұл шәкірттеріміздің білімді, білікті болуына деген үлкен сенім, үлкен үміт. Ұстаз ретінде, ана ретінде үлкен қуаныш - ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінудің реттелгендігі. Медицина қызметкерлері мен мектепте, колледжде, балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы өсті. Зиянды еңбек жағдайында тер төгетін отандастарымызға арнап төлемақы енгізілгенін көптен күткен оң шешім деп санаймын.
Ал енді біз өзіміз ел болып, жұрт болып 2024 жыл маңызды болсын десек, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Еңбекқорлыққа, білімпаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылып, өмірге байсалды, байыпты қарасақ деймін. Бар күш-жігерімізді бірлік пен тірлікке жұмсайық. Сонда ғана Президент айтып отырған айрықша жылға өз үлесімізді қосамыз. Сұхбат барысында айтылған көп дүниелер әрқайсымызға сабақ болуы тиіс. Өскелең ұрпақты татулыққа, тірлікке, бірлікке тәрбиелеу жолында өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
Авторы: Меруерт Төленова