Қарашөкеев кімді алдап жүр?

Қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп жатыр

Олжас Қасым

  • 12.10.2022

Елімізде бір жылда нан өндірісінің көлемі 3 пайызға төмендеп кеткен.  Биылғы қыркүйек айында нан бағасы өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға қымбаттады. Қара бидай мен бидай ұнынан пісірілген нан 24,7%, жоғары сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны 28,2%, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны 14,4%, кесілген нан 28,1%-ға шарықтады.

Барлық өңірде аспандаған бағаның арзандайтын түрі байқалмайды. Атап айтқанда Ұлытау, Ақмола облыстарында және  Алматы қаласында нан бірден  қымбаттаған.  Басқа да аймақтарда  ас атасының құны шарықтап барады.   

Президент Тоқаев Смайылов үкіметіне қамданыңдар деп талай ескертті. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған тиімсіз шаралардан кетіп,  тың жол іздеңдер, ескі әдісті қойыңдар дейді.

«Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.  Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», - деген президент.

Алайда, баяғы жартас – бір жартас, Үкімет қанша жиын өткізсе де алқымнан алған қымбатшылықтың беті әзір қайтпайтыны анық.

Ерте көктемде  Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің де  алдына «әлемде бидай қымбаттап жатыр, нан бағасы өсіп кетпей ме?» деген сұрақ көлденең қойылған. Өйткені, жалпы, азық-түлік құны бірден 80 пайызға қымбаттап кеткен-ді.  Алайда, Қарашөкеев нарықтағы жағдайдың тұрақты екенін айтып,  әлемде бидай бағасы өсіп жатқанына қарамастан, Қазақстанда нан бағасы қымбаттамайды деп сенімді сөйлеген еді.

«Біз қазір әлеуметтік нан үшін өңірлерге арзандатылған бидай жеткізіп жатырмыз. Сондықтан баға тұрақты болады. Нан бағасының өсуіне себеп болған емес, жоқ және болмайды» деп кесіп айтқан.

Одан бері үш ай өтті. Нанның бағасы шарықтай түсті, халықтың төлем қабілеті  төмендей түсті.  Мәселе уақыт өткен сайын ширығып, күрделеніп барады. Азық-түліктің басқа түрлерінің қымбаттауына еріксіз төзіп келген халық нанға келгенде қарап қалмасы анық. 

Бүгін Үкімет отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевті журналистер қаумалап, уәдесінен тайқығанын қайыра бір есіне салып,  нанның  қымбаттау себебін сұрады. Алайда, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астық қорын жинап қойған», деп арқаны кеңге сала сөйлеген министр:

«4 қазанда нан 11,9 пайызға қымбаттады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қаңтардан қыркүйекке дейін арзандатылған астық тоннасын 90 мың теңгеден жеткізді. Қазаннан бастап жылдың соңына дейін өңірлер жаңа астықты өздері сатып алып жатыр. Биыл астық бағасы жылдың ортасындағы бағамен салыстырғанда біршама төмендеді», - деді.

Қарашөкеев өзіне тиесілі  өнімнің қымбаттауын электр энергиясы, коммуналдық қызметтердің  шарықтауымен  байланыстырып, бұл қалыпты жағдай дегенге меңзеді.  Осыған дейін қанша мәрте сын естісе де  Қарашөкеевтің қаймығар түрі байқалмайды. Баға өсімін мойындайтынын айтып, «қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық іс-шараны қабылдаймыз» деп биылғы жылды бітірмей жатып, келесі жылға бірақ қарғыды.  Онымен қоймай, бағынбай бара жатқан «бағаның күрт көтерілуіне негіз жоқ», деп жұрттың жүйкесін жұқартатын сөз айтып отыр.  

Министрдің жаңылтпашы мұнымен бітпейді екен. Қара күзге дейін  реттей алмаған жұмысын ұнның өткен жылмен салыстырғанда мол өндірілгенімен байланыстыруға тырысып көрді.

«Бидай орташажылдық түсімнен жоғары екендігі анық. Тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Оның 900 мың тоннасы бидай болады», - деп тағы да уәде берді.  

Қанша уақыт нан бағасын бақылай алмай отырған ол енді ұнның бағасын бақылауда ұстаймын деп елдің ашу-ызасын тудырып отыр.       

Экономист Мақсат Халық жалғыз нан ғана емес, газ, көмір басқа да өнімдер енді арзандамайтынын айтып отыр. Ол бұрынғы тұрақтандыру шараларын субсидия арқылы жасап келген Үкіметтің бүйірі үңірейгенін айтады.

«Бұған дейін баға төмен болу үшін мемлекет субсидия беріп  келген.  Сондықтан да төмен бағамен сатылды. Негізінде баға нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың негізінде белгіленуі  керек. Бірақ,  ұзақ жылдар бойы үкімет қолдан реттестіріп келді. Енді мына жағдай жан-жақтан қысып отыр, арзан бидай, астық сырттан келмей қалды. Ресей астығы біздікінен әлдеқайда арзан болатын. Өткен жылдан бастап Ресей астығын Қазақстанға жіберуді тоқтатты.  Ал біздің астықтың құны қымбат. Нанның қымбаттап кетуіне осы фактор қатты әсер етіп отыр», - дейді ол. 

Сарапшылар мұны негізінен  астық өндірушілер мен  наубайхана арасындағы делдал кәсіпорындардармен байланыстырады. Оның өзі екі жағдайдан туындауы мүмкін.

Қаржыгер Қуанышбек Дүйсенов: «біріншіден, болжам   өнім өндіруші фермерлер жеткілікті деңгейде, осы жылы тіпті алдыңғыдан да мол астық алады. Ал, оны сатып алып, ары қарай тарататын делдалдар бағаны жоғарылатады. Кейде жасырын келісімдермен жасалған осындай баға көтеру, түпкі өнімнің қымбаттауына әкеледі», - дейді. 

Сарапшы  екінші сценарийге сәйкес, отандық астықты сататын фирмалар, атап айтқанда, өндірушілер де, делдалдар да  шет елдік нарыққа көп көлемде астықты сатып жібереді немесе қымбаттайтын уақытты күтіп, қолдан дефицит тудырады. Нәтижесінде, отандық нарықтағы түпкі өнімнің бағасы қымбаттай түседі. Бұл болжамдардан тыс жалпы биыл  болып жатқан 15-20%-ға таяп қалған инфляцияға қосымша құнның өсуі одан сайын соққы болып тиіп отыр. 

Экономистерің айтуынша, Үкіметтің шамасы келсе, осы бағаны ұстап тұруға әрекет етіп көреді.   Бірақ олардың әрекеті ешқандай да жемісін бермейді. Дәл осы жағдайды халыққа жіліктеп түсіндіріп  бере алатын Үкіметте адам болмай отыр. Нанның бағасы жыл басымен салыстырғанда екі есе шарықтап кетті.  Бұл халықтың төлем қабілетіне кері әсер етеді. Баға қымбаттаған сайын азаматтардың наразылығын тудырады, әлеуметтік шиеленіс пайда болады. Азаматтардың әлеуметтік өмір сүру сапасын нашарлатады.  

Мақсат Халық «қымбатшылық жайламасын десе Үкімет диқан, фермер, шаруалардың жағдайын жасап беруі керек еді дейді. Оларға техникалары тозып кетсе, алмастырып беруге көмектесу, тұқымдары жетіспей жатса жәрдемдесу қажет еді», дейді.  Сонымен қатар, олардың өнімін форвард шарттары бойынша алдын ала сатып алып, оны төмен бағада нарыққа делдалсыз жеткізу жағын дұрыс ұйымдастырса баға әлдеқайда ретті болар еді. Ал өкінішке қарай бұл жұмыстар ақсап тұр.  

Ал Дүйсенов бұл мәселені реттеу үшін, Ауыл шаруашылық министрлігі, Сауда министрлігі мен Антимонополиялық комитет бірігіп жұмыс істеуі керектігін ұсынады.  Әйтпесе, жыл сайын қымбатшылық  «дәстүрге» айналып кетеді. Оны жаздан бергі  қант бағасының өсуі, одан бұрынғы    сәбіз бағасы  қымбаттағанда жауапты ведомстволардың   әрекетсіздігінен көреміз.  

Тоқаевтың тоқпағын аз көрмей отырса да, Үкіметтің оң өзгеріске бастар  түрі көрінбейді.  Бұған дейін бірнеше рет  ескерту алған премьер-министр Смайылов «Импорттық тәуелділікті азайту бойынша инвестициялық жобалар жүйелі негізде іске асырылып жатыр. Азық-түлік тауарлары мәселесін жүйелі шешу үшін Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспары қабылданып, іске асырылып отыр», деп ақталған.

Қарашөкеев кезінде «елімізде қант өндірісі 7 есеге өседі» деп семіз сөйлеп, арық шығып қалған еді. Одан кейін шекер тапшылығы халықты әбден титықтатқаны мәлім. Ақыры, министр ауыл шаруашылығы өнімдері бағасын реттей алмай Тоқаевтан  сөгіс те алған. Сол кезде ол ақырғы сөзін айтып, «Біз қазір жағдайды түзету және жұмыс тиімділігін арттыру бойынша қажетті шараларды қолға алып жатырмыз» деп уәдені үйіп-төккені есте.  Ал бүгінгі ушыққан ахуал атқамінерлердің ауыздары ғана сөйлей беретінін анық көрсетті. Құтырынған қымбатшылық  Смайылов пен Қарашөкеевті  тіпті де ақтап қала алмайды. 

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады

05.12.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесті

04.12.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

03.12.2024

Қияр мен қызанақ бағасы 40 пайызға қымбаттады

03.12.2024

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

29.11.2024

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

28.11.2024
MalimBlocks
Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады

ҰҚК мәліметінше, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесті

Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

Қазақстан президенті One Water саммитіне қатысады

Қияр мен қызанақ бағасы 40 пайызға қымбаттады

Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% өсті

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті