Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Басқаның бақытын ұрлап, өзі бақытты болам деу нағыз адасқандық!" – Қарақат Әбілдина

Қоғам
"Басқаның бақытын ұрлап, өзі бақытты болам деу нағыз адасқандық!" – Қарақат Әбілдина

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина өнердегі әріптестері Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанова арасындағы дау туралы өз пікірін білдірді.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, ел ішінде талқыланған оқиғаға байланысты өз ойын ашық айтты.

"Неше күн бойы жұрттың бәрі жарыса жазып жатқан подкастты мен де алғашқылардың бірі болып көрдім. Мөлдірдің жан сырын тыңдап, жылап та алдым. Жақсы танитын, төрінде отырып, құрметін көрген, бақытты сәттерінің куәсі болған отбасының шаңырағы шайқалғаны оңай тимей тұр. Бірінші күні эмоцияға беріліп пост жазбағаным да содан. Бірін даттап, бірін ақтау емес менің мақсатым. Екеуін де жақсы көретін жандар ретінде, мәселенің басы шығып, ел дүрліге бастағанда бір көйлек ерте тоздырған апайы әрі жанашыры ретінде "ақылға келіңдер" деп тоқтау айтқаным бар. Танымал адамдар болған соң, халықтың қырағы көзі бәрін байқайды. Бірақ осыншалықты ушығып кетеді деп ойламаған едік", – деді Қарақат Әбілдина.

Әнші қоғамдағы осындай жағдайлардың жиі кездесетінін айтып, біреудің отбасына қол сұғатын әйелдерді қатты сынға алды.

"Бұндай жағдай қоғамда жиі кездеседі. Сонда деймін, біреудің айрандай ұйып отырған отбасын ойран ететін қатындар не ойлайды екен?! Басқаның бақытын ұрлап, өзі бақытты болам деу нағыз адасқандық! Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді. Сен кездесіп жүрген, "сүйем", "сағындым" дейтін еркек біреудің өмірлік жары, бір үйдің тірегі, бір баланың асқар тау әкесі. Сол бақытты тартып алып, не күтесің? Бақыт па? Жоқ! Бақыт ешқашан біреудің көз жасынан, қарғысынан, обалынан құралмайды! Нағыз бақыт адал жолмен, армен, ұятпен, сауаппен келеді! Есіңді жи! Көз жасы жібермейді, Алланың қаһарына ұшырап қалма, біреудің отын өшірем деп, өзіңнің де шырағыңды сөндіріп алма", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Қарақат Әбілдина ер адамдарды әйелін бағалауға шақырды.

"Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен әйелінің қадіріне жете алмай жүрген ер адамдарға да айтатын сөз бар: Сіздің абыройыңыз үшін жастық шағын, бүкіл өмірін сарп еткен, ыстығына да, суығына да көнген, ұясын қызғыштай қорғап, отбасын сақтап қалу үшін соңына дейін баратын әйелдеріңізді құрметтеп, бағалаңыздар! Өмірде түрлі жағдай болады. Кім қателеспейді, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дейді. Ойлануға уақыт керек шығар. Құдай қаласа осы ауыр сынақтан да аман-есен шығып, отбасының сол байырғы әдемі күйге келетінінен үміт үзбейік. Тілектеспіз. Көпке үлгі отбасының бірі еді, бәлкім, тіл-көз тиген шығар. Сондықтан да ушықтырудың, оны одан сайын үдетіп қайта-қайта жазудың еш қажеті жоқ. Біз – текті елдің ұрпағымыз. Отбасы біз үшін киелі ұғым. Алланың атымен құрылған ақ некені бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Ешкімді түзу жолдан адастырмасын", – деді ол.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу