Қазақстандық әнші Sadraddin Бішкекте өткен "Бішкек Арена" стадионының салтанатты ашылуында өнер көрсетіп, күтпеген жағдай кезінде операторды құлап кетуден сақтап қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әншіні жақыннан түсіріп жүрген оператор сахнаның шетіне тым жақын келіп, артқа қарай бір қадам басқан сәтте тепе-теңдігін жоғалта жаздағаны көрінеді. Сахнаның биіктігі шамамен екі метр болған.
Қауіпті жағдайды бірден байқаған Sadraddin ән орындап тұрғанына қарамастан, сахна шетіне ұмтылып, операторды ұстап үлгерген. Осылайша түсірілім тобының мүшесі құлап кетуден аман қалған.
Оқиға сәті көрермендердің видеосына түсіп, Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде жылдам тарады. Желі қолданушылары әншінің жылдам әрекетіне тәнті болып, оның адам қауіпсіздігін бірінші орынға қойғанын атап өткен.
"Әнші нағыз азамат екен, адамды құтқарып қалды", "Оператордың жолы болды", "Бір сәт кешіккенде жағдай басқаша аяқталуы мүмкін еді" деп жазды желі қолданушылары.
Оператордың жағдайы жақсы екені айтылады.
Айта кетейік, бұл жолы Sadraddin-нің сахналық образы да көпшіліктің назарын аударған. Желі қолданушылары әншінің жаңа киім үлгісін оның бұған дейін қызу талқыға түскен күміс түсті образымен салыстырып, бұл жолғы таңдауын сәттірек деп бағалаған.
Sadraddin кім?
Sadraddin — шын аты Садраддин Болат, қазақстандық әнші әрі ән авторы. Ол 2003 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен қызығып, бес жасынан сахнаға шыға бастаған. Мектеп кезінде вокалмен айналысып, түрлі музыкалық байқауларға қатысқан.
2015 жылы 12 жасында “Аялаған Астана” республикалық балалар музыкалық телевизиялық байқауында бірінші орын иеленген. 2016 жылы “Dala Daryny” телевизиялық жобасының жеңімпазы атанып, сол жылы “Бала дауысы” ұлттық музыкалық байқауында да өнер көрсетті. 2017 жылы халықаралық “Во весь голос” жобасына қатысты. 2019 жылы “Star of Asia” халықаралық фестивалінде сахнаға шықты.
Садраддин кейін Алматыдағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің эстрадалық вокал бөліміне оқуға түсті. Оның жеке орындаушы ретіндегі танымалдығы 2020 жылы шыққан “Әлия” әнінен кейін арта түсті. Кейін “Aiga qarap”, “Jauap bar ma?”, “ANT”, “Taxi”, “Tun”, “Qansha kun?” секілді әндері тыңдарман арасында кең тарады.
Sadraddin әндерінің басым бөлігін өзі жазады және шығармашылығында лирикалық бағытқа басымдық береді. 2024 жылы Ticketon Award жүлдесінде “Қазақстандық жыл әртісі” аталымын жеңіп алды. Сондай-ақ ол “Эстрада” аталымы бойынша мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты атанды.
Қазір Sadraddin Қазақстандағы жас буын арасында танымал әншілердің бірі саналады. Оның шығармашылығы заманауи поп музыка мен лирикалық әуендерді ұштастыруымен ерекшеленеді.