Қиын кезде украиндар қолындағы барын берді - Харьковта тұратын қазақ қызымен сұхбат

Бізге де үлкен күштің иесі болу үшін, бірінші санамызды өзгерту қажет.

Олжас Қасым

  • 14.03.2022

Бүгін Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне 20 күн болыпты. Қазір соғыс нүктесінде қалған қазақстандықтарды елге әкелу жұмыстары жүзеге асып жатыр. Елге 4-ші лекпен келген студент Назерке ӘСЕМБЕК Malim.kz тілшісіне сұхбат берді.  


- Назерке, Украинаға қалай бардың? Неше жылдан бері сол жақта тұрасың?  
- Мен Қостанай облысының тумасымын. 1998 жылы дүниеге келгенмін.  Украинаға төрт жыл бұрын оқуға барған едім. Харьков қаласындағы В.Н.Каразин атындағы ұлттық университетте оқимын. Бұл оқу орнында педагогика, ағылшын және орыс тілі мамандықтары бойынша тәлім аламыз. Қазір соңғы курста оқып жатырмын.  
 

- Сен тұратын Харьков қаласы әскери шабуылдардан қатты зардап шекті.  Шаһардың астаң-кестеңі шықты деп жатыр. Көзбен көрген адам ретінде қаланың көрінісі туралы айтып берші.   
- Харьков халық саны жөнінен  2-ші ірі қала саналады. Қазір қаладағы жағдай өте қиын. Күндіз-түні атылған оқ пен жарылған бомбаның дауысын естисің. Шабуылдаушылар Харьковтегі облыстық полиция басқармасы ғимаратын, орталық алаңды, қалалық әкімшілік секілді маңызды нысандарды талқандап тастады. Кейіннен  тұрғын үйлерді де бомбалай бастады. Шаһардың орталық бөлігіндегі Деревянко, Клочковский көшелерінде снарядтар жарылды. Ресейліктер  Харьков қаласын алу үшін неше түрлі құйтырқылық әрекеттер жасап жатыр. Бірақ бұл олардың қолдарынан келмеді. Елдің барлық қалаларындағы халық метроларда жан бағып отыр. Метро жарылғыш заттардан қалқан болып тұр. Ресей әскерінің қанатты және баллистикалық зымыран соққыларынан Харьков қана емес, Киев те, басқа да ірі қалалар мен елді-мекендер бүлінді. Әскери ғана емес азаматтық инфрақұрылымдарға да шабуыл жасалуда. Бейбіт тұрғындар арасында мерт болып жатқандардың саны  көп.  Одан бөлек, Мариуполь қаласында балалар ауруханасы мен перзентхана бомбаның астында қалды деп естідік. Қаза тауып, ауыр жарақат алып жатқандар да аз емес. 
 

- «Ерді кебенек ішінде таны» дейді ғой.  Соғыс кезінде украиналықтардың шынайы бет-бейнесін таныған шығарсың?   
- Украин халқын өте еркін халық деп таныдым. Ешкім де бейтарап қалып жатқан жоқ,  әркім өз ойын еркін айта алады. Бес саусақ бірдей емес дегендей, ел билігі жайында да әр түрлі көзқарастар болды. Бір тобы мемлекет саясатына қарсылық білдірсе, енді бірі биліктің қадамын дұрыс санайды. Бірақ осы саяси оқиға басталғалы бері халық арасындағы кейбір келіспеушіліктер дереу тиылды. 
Осыған дейін украиндарды индивидуалистер деп есептеп келдім. Бірақ соғыс басталғанда халық 180 градусқа өзгерді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түсінді. Бұл жағдайды Корея халқының осыдан жарты ғасыр бұрынғы оқиғасына ұқсатамын. Басына осындай қиындық түскенде, бүкілі бірікті де, елін көтеруге әр азамат ат салысты. Бұқара бірігіп, алдына бір мақсат қойды. Яғни қандай қауіп төнсе де елімізді, жерімізді қорғаймыз деп отыр. 
 

- Украинаның шығысынан батысына қарай жету қиын екенін оралған азаматтар айтып жатыр. Діттеген жерге бару да оңай болмаған шығар... 
- Жарылыстар басталған күннен бастап бүкіл пойыздар Польшаға тегін жүретін болды. Бірақ қала ішіндегі транспорт тоқтап, метро жабылып, көліктер күрт азайды. Такси табу мүмкін емес жағдайға жетіп, вокзалға жаяу баруға тура келді. Осыған байланысты қолыма артық ештеңе алмадым.
Пойызда адам саны аса көп болмады. Бір жатын орында 2-3 адамнан ғана отырдық. Ал ертесі Киевке жеткенде, одан кейін Львовта жолаушылар өте көп болды. Сыймай жатқанымыз сонша, адамдар алған чемодандарын қалдырып кетіп жатты. Өте бір қорқынышты көрініс, оған қоса жарылыстардың дауысы зәремізді алды. Мен Львовтағы біздің елшілікке барамын деп шештім. Өкінішке орай, елшілікте біздің адамдар болмады. Тек бір украин әйел жұмыс істеп отыр екен. Ол кісі "менің жұмысым сіздерге тек Польшаға дейінгі автобусты жалдап беру" деді. Таңертең барып, ол жерден автобус таба алмай түнге дейін күтуге тура келді.
Оңай болмады. Жол бойы толған көлік. Иін тірескен кептеліс. Біз сол кептелісте үш күн бойы тұрдық. Қалтамызда қағаз ақша да болмады. Ішетін тамағымыз да таусылып қалды. Сонымен, ақылы түрде Польшаға жеттік, шекарада 3 тәулік бөгелдік. Жалпы  алты күнде Харьковтан Алматыға жеттім. Алматыға жеткенде, тағы әрі қарай жол жүретін адамдарды қонақ үймен қамтамасыз етті, ол жақта 2 күн дем алып алып, кейін үйіме, Қостанай облысына жол тарттым.  
 

- Украиналықтар сендерге көмек қолын созды ма?  
- Сондай қиын кезде украиндар қолындағы барын беріп, қарнымызды аштырмады. Қазақтар отырған автобусқа келіп ыстық тамақ, тәтті-дәмдісін, шайын, жеміс-жидектеріне дейін таратып берді. Сонысына риза болдық. Осы ретте оларға рахмет айтқым келеді. Бұл жолы украин халқының рухы биік екеніне көзім жетті. Қару-жарағының аздығына қарамастан, мүмкіндіктерінің керемет еместігін білсе де артқа бір қадам шегінбей күресіп жатыр. Ресейге аяғына дейін қарсы тұрамыз, сөзсіз жеңеміз деп рухтанып отыр. Қазір Ресейдің бұрынғы қарқыны басылған, украиндар күтіп алып тойтарыс беріп жатыр. Біз Украина шекарасынан шығайық деп кептелісте тұрған кезде елге қарай кіріп келе жатқан көліктердің көптігін байқадық. Сосын олардан не үшін келе жатырсыздар деп сұрағанымызда Украинаны қорғауға деген жауап алдық. Көп елде соғыс бола қалса керек-жарағын сайлап, шетелге тайып тұратындар аз емес. Олар болса перзенттік парыздарын атқаруға сын-қатерлерге қарамай келіп жатты. Көптеген азамат өз еркімен қолына қару алып,  майданға  кірді.
 

- Украина – Ресей арасындағы жағдайдан нендей ой түйдіңіз? Қазақстан осы шиеленістен қандай сабақ алуы тиіс деп ойлайсыз?   

- Бұл соғыс біз сияқты мемлекеттерге бейқам отырмауды ескертеді. Қазақстандықтар қазірден бастап жан-жаққа тартпай бірігуі керек. Басымызға іс түскенде халықтың қандай екені көрінеді. Украиналықтар бұған дейін анаған бір, мынаған бір қарап ішінен бөлініп келді. Ақыры не болғанын көрдіңіздер! Қазір олар оянды,  санасында төңкеріс болып жатыр.    Бізге де үлкен күштің иесі болу үшін, бірінші санамызды өзгерту қажет. "Сен тимесең мен тимені" ысырып қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Егер ел басына қиын ахуал орнаса басқа елдер де көмек қолын созбайды.  Екі алып мемлекеттік арасында отырмыз деп үрейлене бермей, позициямызды ашық айтып үйренуге тиіспіз.  Украина-Ресей қақтығысы саны жағынан көптің емес, бірлігі мығым, рухы мықтылардың  жеңетінін көрсетіп берді. Бұқпантайлап, бұға бермеген абзал. «Бұға берсең сұға береді» деп бекер айтылмаған ғой.  
 

- Украинадағы Қазақстан елшілігі біздің азаматтарды эвакуациялау жұмыстарын қалай жүргізіп жатыр? 
- Үнемі  байланысып отырдық. Елшілік эвакуация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстан азаматтарына қолдан келгенше қызмет көрсетті. Қауіпті кездерде Елшіліктің ғимаратын көшірді. Сол шақта адамдарды қақтығыс аймақтарынан алып шығу оңайға түспеді. Елшіліктің жәрдемінсіз елге оралу өте қиын еді. Күн өткен сайын елдегі жағдай ушығып барады. Қала бораған оқтың астында қалғанда, жерлестеріміз елшіліктің ғимаратында бой тасалады. 
 

Байланысты жаналықтар

Украина «сутенер», ал Ресей «опасыз» санайды

21.11.2024

Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына 1000 күн. Текетірес тоқтай ма? 

19.11.2024

Қарақшылық жасаған адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

11.11.2024

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

10.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады

07.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024
MalimBlocks
Украина «сутенер», ал Ресей «опасыз» санайды

Арчаковты Украина қарулы күштерімен және Украина жағында соғысып жатқан шешен батальонымен байланысы бар деп, ұзақ мерзімге соттауы мүмкін

Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына 1000 күн. Текетірес тоқтай ма? 

Қазір ресейліктер 66 мың 932 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр

Қарақшылық жасаған адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

Сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

Қазір үш ірі компанияны біріктіру мәселесі талқыланып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады

Сергей Лавров Қазақстанға ресми сапармен келді

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған