Қозғалған һәм қозғалмаған іске Жақиянов жауап берді
Бұрынғы ДВК төрағасы Ғалымжан Жақиянов үстінен қылмыстық іс қозғалуына қатысты өзінің Facebook парақшасында жазба жариялады.
Бірнеше күн бойы өзіне қатысты жайтқа жұмған аузын ашпаған еді.
– Маған қатысты қозғалған қылмыстық істердің жақында қайта ашылуына байланысты сұрақтар көп болды. Мәселенің құқықтық жағы анықталмағанша пікір білдіргім келмеді.
Алдымен айтарым, бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезімде ашылған. Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК, немесе КНБ) басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, мені түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген «дәлел материалдар» бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде,- дейді өзінің жазбасында Ғалымжан Жақиянов.
Ол өзін Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері бопсалағанын, органның бұл қорқытып-үркітуіне көнбеген соң іс қозғалғанын айтады.
– Мен бұл бопсалауларына көнбей, КНБ-мен «қызметтесуден» үзілді-кесілді бас тартқаннан соң қылмыстық істер қозғалды. Ұзын саны 10-ға жуық, нақты қанша екенін тергеушілердің өздері де білмеді. Тегі, айыптаулардың заңдылық сапасы өте төмен болғандықтан, бұлар істердің санын көбейткен тәрізді. Алайда, бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына КНБ-ның ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым,- дейді Жақиянов.
Әрмен қарай сөзін Жақиянов былай жалғайды: «Содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау «конторасында» жатты. Шамасы, «х сағаты» жеткенде мені ноқталау үшін билік сол істердің қажеті болар деп сақтаған сияқты. Маған қарсы қозғалған істер ұмытылып кеткендей болды. Бірақ мен ұмытқан жоқпын. Осы 20 жыл бойы өзім және менің адвокаттарым тиісті мемлекеттік органдарға арыздар мен талаптарды жазып келдік. Әр жолы ҰҚК мен «құқық қорғау» органдарынан түрлі сылтауратқан мәнсіз жауаптар келіп тұрды. Енді міне, «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылды».
Ғалымжан Жақиянов іс жабылғанымен әділдік орнады деп айта алмаймын деп отыр.
– Мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан, ең маңыздысы, осының барлығы өзгелерге сабақ болуы тиіс. Бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе, мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек.
Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек,- деп сөзін түйіндейді Ғалымжан Жақиянов.