Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы қалай іске асады?

Malim Админ

  • 26.04.2023

Ұлттың адастырмас темірқазығы,  айнымас бағдыры  - тіл.   Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы  ұлттың тарихта қалуы немесе   жоғалуына ықпал ететін бірден-бір фактор ретінде халықтың өзін тілге тиек етеді.  Тіл   мемлекет иесі – елдің біртұтас    болмысын сақтау үшін аса керек.  Ал біз  конституцияда  жазылған мемлекеттік тілдің мәртебесін қаншалықты лайықты көтеріп   отырмыз. Бұл – өте өзекті  мәселе.    

Ұлттың ұлт болып іргесін бекітуі үшін  ең алдымен тіл   дамуға  тиіс. Әлемде 6500-ден астам тіл болса,  соның   екі мыңға жуығы  «өлі тілдер» санатына кірген. Мамандардың зерттеуінше, әр екі апта сайын дүние жүзінде  бір тіл өледі. Осыдан қорытындылайтынымыз, тәуелсіз елдің тілі ешкімге тәуелді болмауы керек.   Сол себепті әр ел тілдерін сақтап қалу мақсатында заңмен қорғап, осы жолда қарекет қылуда.. Өткенде  Қырғызстанның   Жоғарғы кеңесі Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын қабылдады.  Заң бойынша  ана  тілін білмейтін қырғызстандықтар  мемлекеттік қызметке маңайлай алмайды. Мемлекеттік тілді кемі В1, яғни орташа деңгейде білетіндер ғана мемлекеттік қызметке тағайындалады.. Сонымен қатар мемлекеттік тілді  білу деңгейіне қойы­латын талап та жыл өткен сайын  қиындай түспек.
Көршілес Өзбекстан да 2021 жылы  «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, заң жобасын қайта қабылдап үлгерді. Өзге елдер жаһандық қауіптен тілдерін осылайша арашалап жатқанда, біз қандай әрекет жасай аламыз?
Осы ретте Қазақстан да қол қусырып отырған жоқ. Елімізде тіл сая­сатын дамытудың 2023–2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыға түсуде. Жақында Үкiмет жанындағы мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі комиссияның құрамы жаңартылды. Комиссия құрамына көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы Анар Салқынбай, қаламгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының докторы Құралай Күдеринова, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев сынды ғалымдар кіргені белгілі.
Қазақ тіліне Ата заңымызда мемлекеттік мәртебе берілген.   Ол – Қазақстанда тұратын барлық этностарды біріктіруші  фактор және елдің барлық рухани қазынасының қайнар бұлағы саналады. Сол себепті алдағы уақытта қазақ тілін үйрену, осы тілде сөйлеу әрі қызмет ету барлық азаматтың басты борышы.
Егемен ел атанған алғашқы уақытпен салыстыр­а қарар болсақ, титулды ұлт ретінде қазір қазақ халқының үлес салмағы жыл санап көбейе түсуде. Бұл - тілдік ортадағы қазақ тілі үстемдігінің нығайып келе жатқандығының бір айғағы. 2021 жылғы  Ұлттық халық санағының нәтижесі бойынша қазақ ұлтының үлесі 70,4 пайыздан асып жығылды. Бұл моноұлтты мемлекеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, қырғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілін сөйлеу тілі деңгейінде, ал 12 пайызы қазақша оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені мәлім болды. Славян диас­порасы ішінде орыстардың 25,1 пайызы, украиндардың 23,7 пайызы, белорустардың 22,8 пайызы, поляктардың 22,1пайызы, сондай-ақ неміс диаспорасының 25,2 ­пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диас­поралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі – 2,9 пайызды құрайды. Яғни, бұдан шығатын тұжырым, мемлекеттік тіл қолданысының сапасын әлі де болса арттыру керек.
Өңірлерге келіп тоқталар болсаң халықтың мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша  ол жерлерде бірыңғайлылық жоқ. Зерттеу нәтижесіне сүйенер болсақ, сауалнамаға қатысысқандардың арасындағы қазақ тілін мең­гергендердің көпшілігі – Атырау (78,8%), Маңғыстау (76,1%), Жамбыл (74,1%), Қызылорда (73,2%) облыстарының тұрғындары. Ал керісінше жалпақ тілмен айтқанда қазақ тіліне шорқақ азаматтардың үлесі Солтүстік Қазақстан (8,2%), Қостанай (9,0%), Қара­ғанды (6,5%) облысы тұрғындарына тиесілі. Бұл аталған өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттілігі күн өткен сайын өзекті болып бара жатыр деген сөз.
Енді мемлекеттік тіл туралы заң жан-жақты орындалуы үшін не істеуіміз керек? «Тіл туралы» заңды қайтадан қабылдап, заңды қатаңдату керек пе, яки мемлекеттік тілдің мәртебесінің үстемдігін айқындайтын арнайы әрекетерге көшуіміз қажет пе? Меніңше, екеуі де керек. Көршілес елдердің билігі мемлекеттік тіл туралы заңдарын қабылдап үлгерді. Ал біз ше? Тұжырымдаманы талқылап жатқанымызға расында көп уақыт өтті. Осы аптаның басында Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Максим Рожин, Ермұрат Бапи, Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршин, Нартай Сәрсенғалиев, Асқар Садықов, Ержан Бейсенбаев, Нұрлан Әуесбаев сынды ондаған депутаттар осы «Тіл туралы тұжырымдамаға» қатысты пікірлерін білдіріп, дабыл қақты. Енді осыған құлақ түрер болсақ,
«Тіл Тұжырымдамасы 2023 жылдың 11 сәуірінде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланды. Қоғам тарапынан 11-24 сәуір аралығында ашық порталда Тұжырымдама жобасына 4103 қаралым жасалынып, 126 пікір түсті. Барлығына жауап берілді. Ешқандай қарсы пікір жазылмаған. 11 дизлайкты айтпасақ 4103 қаралымның барлығы дерлік қолдау тапқан. ҚР Үкіметінің қаулысы жобасында: «Тілдік, этнодемографиялық және саяси жағдайларды ескере келе, қазақстандық қоғамның бірегейлігін нығайту факторы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе.Мұндай Заң мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты белгілеуге, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға өте үлкен мүмкіндік береді. Аталған Заңды қабылдаудың алғышарттарын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады» деп айқын жазылған. Осы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деп басталатын ең басты тұжырым Жобаның «Тіл саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» деген 5-бөлімінің «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу» атты 1-тарауының «Мемлекеттік тіл және қоғамдық салалар» деген 3-параграфынан алынып тасталған. Тұжырымдама жобасының алғашқы дұрыс нұсқасы 11 сәуір күні Ашық НҚА порталына орналасты­рылды. Ал мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапты шеткері қойып, өзгертілген бұрыс нұсқасы 20 сәуір күні қайта орналастырылды.Үкімет «Тұжырымдамадағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек» деген талапты алып тастау себебі неде? Тұжырымдамадағы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең негізгі талапқа халық қолдау білдіруде ғой? Олай болса үкімет халық талабына қарсы ма? Біздің талап: Тіл тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірдегі бастапқы нұсқасы қайта қойылып, тұтастай қабылдануы тиіс! – дейді 10 депутат үкіметке жолдаған жазбасында.
Ал Қазақстан Республикасында тіл сая­сатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасында «2025 жылға қарай «Мем­­­лекеттік тіл туралы» жаңа заң­ның жо­басы жазылады» деп атап көрсе­тілген.
Қалай айтқанмен тілге қатысты заң керек. Уақыт та соны талап етіп отыр.     

 

Байланысты жаналықтар

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

11.11.2024

Роман Скляр қытайлықтардың алдында қазақша сөйледі

25.09.2024

«Айтушы мен тыңдаушы...»: мектептегі тіл жайы

17.08.2023

Тоқаев қазақ тілін білмейтіндерге қысым жасамауды тапсырды

27.04.2023

Қазақ әнін менсінбейтін мейрамхана қателігін мойындады

16.03.2023

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

30.11.2022
MalimBlocks
Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

Роман Скляр қытайлықтардың алдында қазақша сөйледі

Желі қолданушылары оның іскерлік топ алдында таза қазақша сөйлегенін таңданыспен қабылдады

«Айтушы мен тыңдаушы...»: мектептегі тіл жайы

«Неге ана тіліңде сөйлемейсің?» деген сауалға «Бұл – мода, маған ыңғайлысы осы тіл» деп жауап береді

Тоқаев қазақ тілін білмейтіндерге қысым жасамауды тапсырды

Бұл пікір енді оңалып келе жатқан тілдік ахуалға қалай әсер етеді?

Қазақ әнін менсінбейтін мейрамхана қателігін мойындады

Алматылықтар байкот жариялаған

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

Имaм, қaжылaрдың медреселермен ісі  болмaй, құлқындaрының қaмын ойлaуы, көп  әйел aлғаны сынғa  aлынaды