Жатақхана жыры: Нұрбекке Ғиният қосылды
Денсаулық министрінің жатақхана тапшылығын жоюға әрекеттенгенін байқамадық
2022 жылғы 9-қыркүйек күні Malim.kz cайтында еліміздегі жатақхана тапшылығы туралы «Үнділер жатақханада, қазақтар көшеде – Саясат Нұрбектің Тоқаев айтқан сайлауға қосқан үлесі» атты мақала жарияланған еді.
Бұл жазбада Жанар Қасымханқызы есімді азамат туысының С.Асфендияров атындағы медициналық университетінің жатақханасынан орын ала алмай отырғанына шағымданған болатын. Шағымданушы университеттің Шәріпов көшесіндегі жатақханасында бұрын 50 % қазақстандық студенттер, 50 %-ы шетелдік азаматтар тұрғанын айтқан. Қазір сол жатақханада түгелдей үндістандық студенттер тұрып жатқанын, неліктен ол орын оларға берілгеніне наразылық білдірген-ді.
Атын айтпауды өтінген азаматтардың осы жатақхана әлдеқашан сатылып кеткен деген ақпаратын да біз анықтап көруге тырыстық. Осы сұрақтар негізінде Асфендияров атындағы медицина университетіне хат жолдағанбыз. Біздің сауалдарымызға оқу орнының баспасөз қызметі жауап берді. Тек Алматы қаласында 32 мыңға жуық студентке жатақханаларда орын жетіспеушілігі бар деген Марина Тян әлемнен статистика келтіріп, бұл дағдарысты айдаладағы Ұлыбритания, АҚШ елдері бастан кешіп жатыр деп қайырды.
Ал баспасөз қызметі университеттің үндістандықтар қоныстанды деген жатақханасы сенімдік басқаруға берілгенін айтады. Нақтырақ айтқанда, бұл университеттің № 6 және №7 жатақханаларына қатысты.
«2014 жылдан бастап аталмыш жатақханалар бастапқыда шетелдік студенттерді (оның ішінде Ауғанстанмен, Тәжікстанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, сондай-ақ Үндістанмен, Иорданиямен үкіметаралық келісім аясында білім алатын) қоныстандыруға арналғанын ескере кеткен жөн. Шетелдік студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету Қазақ ұлттық медицина университеті мен бүкіл Қазақстанның білім беру рейтингтерін жоғарылатудың тәсілі ғана емес, сондай-ақ Республиканың халықаралық байланыстарын кеңейту, әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның мәртебесін көтеру», - дейді Марина Тян.
Сондай-ақ, университеттің баспасөз қызметі бұл жатақхананы жалға беру арқылы, өзге жатақханалардың жағдайын жақсартамыз деп отыр.
«Қолданыстағы сенімгерлік басқару келісім-шартында жалға алушы келісім-шарт талаптарын бұзған жағдайда мерзімінен бұрын бұзу қарастырылған. Осы орайда, университетке бұл жатақханаларды сенімгерлік басқаруға беру үнемделген қаражатқа басқа жатақханалар мен оқу корпустарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жақсартуға мүмкіндік туғызғанын ескеру қажет».
Оқу орны өкілінің айтуынша, 2018 жылы медицина университеті өз қаражатына 512 орындық жатақхана құрылысын аяқтаған.
«2022 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚазҰМУ жатақханаларына 2 796 студент қоныстандырылды (шетелдік студенттерді есепке алғанда)».
Айтпақшы, Malim.kz редакциясына хабарласып, мәселесін айтқан Жанар Қасымханқызының туысы жақында жатақханаға орналасыпты. «Айтысып, тартыспасақ оған да жетпегендей екенбіз. Осыған дейін қаншама уақытымыз кетті, ақыры дегенімізге жеттік», дейді ол.
Дегенмен, «студенттерді жатақханамен қамту арқылы әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның мәртебесін көтереміз» деп марқайған университет басшылығы әлі 90 студентті жатақханамен қамти алмай отыр. Оның ықтимал себептерін олар студенттердің туыстарымен бірге тұруымен байланыстырады. Баласына орын ала алмай жүрген Гүлнар (аты өз өтінішімен өзгертіліп берілді) университеттің бұл мәліметімен келіспейді. Ол да алдыңғы кейіпкеріміз секілді баламның атын айтсам үйдей пәлеге жолығамын ба деп қауіптенеді және Жанар секілді қала маңындағы елдімекенде тұрады.
«Қатынау қиын. Ал жатақхана болса берілмей жатыр. Күтіп отырмыз. Әне-міне дегенше қазан айына да жетіп қалдық», - дейді Гүлнар.
Университеттің баспасөз хатшысы алдымен бірінші курс студенттері жатақханмен қамтылатынын айтады. Себебі олардың жартысы 18-ге толмаған. Олардан кейінгі қалған бос орындар өсу ретімен жоғары курс студенттеріне беріледі.
«Жатақханалардағы арнайы орындар «Студенттік жатақханалар туралы Ереже» негізінде тек әлеуметтік критерийлері бар (жетім балалар, бір ата-анасынан айырылу, көп балалы отбасылардан шыққан, т.б.) студенттерге беріледі, дегенмен бос орындар болған жағдайда әлеуметтік критерийлері жоқ студенттер де орын алады. Жатақханаларда бөлмелердің аудандарына байланысты екі-төрт адамға дейін тұрады».
Иә, медициналық университет басшылығы айтқандай, студенттерді жатақханаға орналастыру өте маңызды (!). 90 адамға орын табылмай жатыр десе де, олар жауапхатында «жатақханаларда бос төсек-орындар бар екенін айта кеткен жөн» деп өз-өзіне қарсы келеді. Сонда, университет бар жатақхананы студенттерге бермей отыр ма? Әлде, шетелдік студенттер келіп қала ма деп, сақтап қойды ма екен?
Жалпы, бұл тұста бізге беймәлім жағдаяттар көп секілді. Университеттің бұрынғы түлегі Сәкен Дөңесов:
«90-шы жылдары, біз оқып жүргенде Асфендияров мединститутында 12 жатақхана болатын. Байтұрсынов-Құрманғазы-Шагабутдинов-Шевченко квадратында орналасқан. Біреуі Қалқаманда. Ортасында “Бодрость” деген санаторий-профилакторий бар еді»,-дейді. Қазір олардың саны әлдеқайда қысқарған. Университеттің баспасөз хатшысы берген ресми дерекке сенсек, «2887 төсек-орынға арналған 8 жатақхана бар». Оның екеуі сенімгерлік басқаруға, шетелдіктерге беріліп қойған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыда әлі 20 мың студентке жатақхана жетіспейтінін айтты. Қазір аталған министрлік далада қалып қойғандарға арнап жедел штаб ашыпты. Алайда, бұл оқу орнының студенттері жедел штабқа да жүгіне алмайды. Себебі, медициналық университет Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Бұдан бөлек, осы министрлікке еліміздегі мемлекеттік статустағы бес медициналық ЖОО бағынысты. Олар: Астана, Қарағанды, Семей және Батыс Қазақстан облысындағы, мемлекеттік медицина университеттері. Қалған жекеменшік медициналық оқу орындары, осы бағыттағы барлық колледждер Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында.
Оқу жылының алғашқы айы болса, аяқталып қалды. Министр Нұрбек орын тапшылығын шеше алмай жатқанда, енді оған Ғиният қосылды. Әзірше Денсаулық министрінің жатақхана тапшылығын жоюға әрекеттенгенін байқамадық. Асфендияров атындағы білім беру мекемесі өз қазанында өзі қайнап жатқан секілді. Екі министрлік бөліп алып, билеп жатқан жатақхана «жыры» жақында бітпейтін түрі бар. Ал, далада қалған студенттер әлі біраз туыстарын аралап, «қыдыра» тұратын сияқты.
Коллаж: Malim.kz