Зерттеуші: «Басын кесіп, прокурордың бөлмесіне іліп қойған...»

Басын шапқанда «менің қандай жазығым бар еді» деп айтып үлгереді.

Олжас Қасым

  • 30.03.2022

ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы саясаттағы сұрқиялылық, кәмпеске, жаппай ашаршылық, эпидемия, асыра сілтеушілік, қоғамдық тәртіпті оғаш бұзушылық – ақыл-ойдың асқар таулары қазақ зиялыларын тұтастай жойып жіберді. Зұлматтың зардаптарын қуғын көрген тұлғалардың ұрпақтары бертінге дейін тартып келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен бүгінде тар жол, тайғақ кешкен жандарды толық ақтау ісі жүргізіліп жатыр.  Халықты қынадай қырған репрессия қазақтың әрбір елді-мекенін шарпыды.  Үлкен қалаларды айтпағанда аудан, ауылдардың тоз-тозы шыққаны жабулы қазан күйінде қалып келгені рас. Біз осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовпен Сарыарқа аймағы, Қызылжар, Жетісу өңірлерінде болған зобалаң жылдар жөнінде сұхбаттастық.  


- Сіздің зерттеу еңбектеріңізде Сарыарқаның өнер адамдары кеңінен қамтылғаны белгілі.  Тар заманның қиянатын көрген Сәрінжіп Әзбергенұлы жөнінде монография жаздыңыз. Сәрінжіп ақынның қайраткер ретіндегі ұстанымы қандай болды?  
- Сұрқия саясаттың қара дауылына қарсы шығып, Кеңестік саясатқа азаматтық, ақындық ұстанымы бой бермей, ығына жығылмай, турасын айтқандықтан, аттары ұмыт болғандардың ішінде ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы бар. Сарыарқасын жан-тәнімен сүйген, ұлтының тағдыры үшін жанын шүберекке түйген, намыс отына күйген көктұйғын Сәрінжіп Әзбергенұлы (1862-1934) ой-парасат биігінен елдің сөзін сөйлеген турашыл, әділетті, өжет те өткір тілді, парасатты жан болған. Ел-жұрттың біртұтастығына, ынтымақшылдығына, ұйымшылдығы үшін  қызмет еткен.
Еңбек ардагері Жүніс Ыбышев: «1930 жылдарда бытырап кеткен елдің басын қосуда көп еңбек сіңірген Сәрінжіп ақын еді. Ол кісі Теңіз бойына шашырап кеткен жұртты қайта көшіріп әкеліп «Жас терек», «Жас тілек» деген екі ауыл ұйымдастырды» –деп жазады «Көз көргендер» деген естелігінде. 
Шын мәнісінде, ел басына күн туғанда ұшан-теңіз мол қайратын ұлт игілігіне жұмсап, ірілік, кесектік, көшелілік көрсету – Сәрінжіп ақынның сүйегіне біткен асыл қасиеті. «Елге ел қосылса – құт» деген халық қағидасын сана-зердесіне, көңіліне мықтап түйген.  
Сәрінжіп ақынның өлең-жырлары сол бір сұм заманның зарлы толғауы, сұрқия шежіренамасы. 
1931 жылы Найзакескен деген жерде қайғылы жағдай орын алыпты. Топтап кісі атқанда соңынан іздеп барған Сәрінжіптің айтқан мына бір зар-налаға толы жоқтауынан ақынның нағыз «елім» деп етегі жасқа толып еңіреген ер екенін анық көреміз.

Көрмеймін деп едім,
Шыққыр көзім не көрдің?
Қайран қазақ баласы,
Ажалыңнан өлмедің.
Біреуге себеп болар ма ем,
Ерте неге келмедім.
Осынша қазақ баласын,
Бір оқпенен атады деп,
Айтқандарға сенбедім.
Қазақтың: «Қайғыны қария көтереді, қорлықты дария көтереді» дегені рас болғаны ма?
- «Бұл жоқтауды кезінде Көпжан ақсақалдан алған едік» -дейді өлкетанушы Кәмел Жүністегі. Ол «Құба белдер. Апат» атты романында  Сәрінжіп тұлғасы арқылы сол бір қиын-қыстау заманның яғни тәркілеу мен ашаршылықтың гөй-гөйін көрсетеді. 
Жұрт қамын ойлау, жақсылық тілеу, елдің есеюіне, саналы, білімді, өнерлі болып жетілуіне өресі биік, зерделі, ата-бабаның батырлық-ерлік өр рухын, тамаша салт-дәстүрлерін бойына, болмысына дарытқан дара бітімді ел еркесі, ер серкесі Сәрінжіп Әзбергенұлы 1932 жылдары ашыққан халыққа мүмкіндігі бар кісілерді жинап, Балқаштан балық тасуды ұйымдастырған. Өртке қанатымен су сепкендей ақынның бұл ісі дүйім жұртты сақтап қала алмаса да, сол кезде халықтың қамын жемек түгіл олардың малын сыпырып алып, ойы шолақ тасқұлақ атқамінерлер, белсенділер мәз болып жүргенде, Сәрінжіп ақынның осынау ісінің шырылдаған жанның көз жасы мен тері екенін ел ұмытпайды. 
Ақынның халық басына түскен 1932 жылғы нәубет туралы жыр-толғаулары, қолжазбалары ұлы Хасеннің  үйі 1950 жылдары өртенгенде жанып кеткен, тек құйма құлақ – көне көз зеректердің айтуымен ХХ ғасырдың 90-жылдарына шет-пұшпағы жеткен.
1933 жылы Тағылы тауының баурайында яғни Қаражартас деген өңірде Сәрінжіп ақын елдің басын жинап, «Жас терек» ұжымшарын ұйымдастырады. Бірі – майлық, бірі – сулық болып дегендей, бұған Бексұлтан Қалмағамбетов, Төлеубек Құлатаев, Сары Кенебаев, Шөмек Байғаскин сияқты азаматтар жұмыла кіріседі.
«Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ, адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек» - деп, қара сөздің қас жүйрігі Жүсіпбек Аймауытов жазған еді. Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлының іс-әрекеттеріне лайық баға.Өйткені, ол адамдардың тағдыры мен жүрегінде терең із қалдырған ел мүддесін жоғары ұстаған көпшіл жан еді.
Сондықтан да Сәрінжіп ақын бейнесі аршынды істерімен қымбат. «Неғұрлым халық саңылаулы болса, ақыл жағын қуаттайды» дегенге ықыласпен ден қойсақ, тәуелсіздік тұсында естілер, шамшырақ шалдар Сәрінжіптің дәстүрін жандандырса, берекелі, аталы жұртқа айналар едік, атақонысымызды өгейсітпес едік, бытырап көшуден сап тыйылар едік.


- Елдің көсегесін көгерткен ел абыздары, ардақтылары Қарқаралының Үлкен көлінің басында атылып, суға батырылғанын айтып жүрсіз. Нақақтан-нақақ зомбылық, ит қорлық көрген халық басындағы  жағдайды көрсететін құжаттар қолыңызға түсіпті...   

- Қарағанды облысына қарасты  Қарқаралының Үлкен көлі талай қасіреттің куәгері.  Шет, Ағадыр жақтан аяғына кісен, қолына бұғау салынған,  жақсыларға осы көл «мола» болды. Қуғын-сүргін көргендердің  көріксіз сұрғылт күйін құжаттардан анық көреміз. 
Мәселен, Қарқаралы округі Шет ауданының тұрғыны Бәкен Ахмет әйелінің Қарқаралы окpyгтік тәркілеу жөніндегі комиссиясына жер аударылудан
босату туралы жазған өтініштері бар.   Өтініш 1928 жылы жолданған.  
Құжатта «Сіздерден өтiнiп сұрарым, мeнi Қарқаралы қаласына қыстатсаңыз екен, сeбeбi қолымда ақша, азық-түлік жоқ. Бұл ғанебін естеріңізге салып, күйеуім тұтқында жатыр. Егер мені түсінсеңіздер, тұтқын үйінен күйеуім Ахмет Аманбайұлын шығарсаңыздар, егерде күйеуім Аманбайұлын тұтқын үйіне қалдырып, мені кешірмесеңіздер, балалары жолшыбай қырылып қалуы мүмкін. Ахмет Аманбайұлын басқа Аманбай ұлдарына қатысқаны, не қатыспағандығы өздеріңізге де мәлімсіз, сондықтан көз жасымызға қарасаңыздар екен», деп жазылған екен.   Бәкен Ахмет әйелі тәркілеу жөніндегі комиссияға Қарқаралы қаласында қыстап қалуды, себебі, көшуге жетім бала, жесір қатынның шамасы келмейтінін жеткізген.  «Қалған алған жүгіміз жоқ. Жігіт жалдап алуға қолда ақша, азық жоқ болғандықтан, кешірсеңіздер, шиеттей жас балалар 1, 2, 3 жаста. Қостанай округіне жеткенше өліп қалуы мүмкін және ат-түйелеріміз жоқ. Сондықтан біздерді — жетім бала, жecip қатындарды-ергендерге кіргізбей, өз мүлкімізді өзiмiзгe қайтарсаңыздар. Шуелде өкіметтің беpгeн кеңдігінен үмiт етеміз. Осы жоғарыдағы кемшіліктерді естеріңізге салып, Қарқаралы қаласында қыстасақ екен деп қол қоямын» депті. 

- Кеңестік жүйе жасаған репрессиядан әсіресе қазақ байлары көп зиян шеккені мәлім. Ол кездегі дәулетті жандар жиған-тергенін ағарту ісіне, қарашаға қолғабыс етуге арнағанын білеміз. Солардың бірі Маман әулеті. 1928-32 жылдары бұл әулеттің 15 адамын атып, қалғандарын айдауға салған екен. Білуімізше, Сізге сабақ берген Ыбырайым Маманов та талай жылын қуғынмен өткізген дейді... 

- 1968-1969 ғалым Ыбырайым Маманов біздерге «Етістік» арнаулы курсы бойынша лекция оқыған еді. Ұстазымның білімдарлығы, сөйлеу мәдениеті, интеллектуалдық болмысы айрықша болатын!   
Жас науша Ыбырайым Есенғұлұлы Мамановтың бабалары бай болғандықтан олардың да басына қара бұлт үйірілді . Көзі ашық, көкірегі ояу ағартушы, медресе ұйымдастырған, қазақ романына бәйге жариялаған қажы Есенғұл кәмпескеленіп, Пенза губерниясына, әулетін Оралға қаңғыртып, қан қақсатады. Қудалау одан әрі өртше өршіп, алғыр да зерек Ыбырайым Мамановты тайганың түкпіріне, итжеккенге айдайды. Татар, орыс тілдеріне жүйрік Ы.Маманов ол жақта сабақ береді. Қолы епті жігіт сандық жасайды, скрипкада ойнайды, аңшылық пен балықшылық кәсіппен шұғылданады. 1932-1937 жылдарда Қызылжар қаласында, сонан соң Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданында, 1938 жылы Алматыдағы №35 мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. 1940 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ береді. Алайда 1952-1954 жылдарда тағы да қауіп төнгендіктен, Мәскеуге барып паналаған.
1947 жылы Санкт-Петербургтегі Марр атындағы Тіл және ойлау институты мен КСРО ғылым академиясы Орыс тілі институтының Ғылыми кеңесінде оқымысты-түркітанушы С.Е.Маловтың жетекшілігімен қорғаған кандидаттық диссертациясына академик И.И.Мещанинов, В.В.Струве, В.М.Жирмунский, С.Г.Бархударов және т.б. жоғары баға берген екен. Ыбырайым Есенқұлұлы өмірінің соңына дейін түрлі кедергілерге тап болып жүрді.  

- Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің тағдыры және Сталиндік қуғын-сүргінге душар болған халықтың мүшкіл жағдайы зерттеу еңбектеріңізде көрініс тапқан. Әкелі-балалы Малтай Бердіғұлұлы мен Қабдуәли Малтайұлының  тағдырлары да аса тауқыметті екен... 

- Қабдуәли Малтайұлы батырлығымен, билік-шешендік өнегесімен ел есінде қалған  Жолымбет бабаның немересі. Ол Қызылжар өңіріне белгілі зиялы адам болған. Қабдуәлидің баласы Қазиев Шияптың  жазбасындағы мынадай деректер бар.  Ел ардагері, тағдыры турасында ол:  «Әкем Қабдуәли 1898 жылы туып, 1932 жылдың көкек айының аяғында қапияда қаза тапты. Әкемнен мен 9 жасымда қалдым. Әкемнің әкесі Малтайдың немере-інілері Келдіғұлов Әбен, Оспанов Неғым, Телтаев Қази деген кісілер болған. Олар 1970-1990 жылдарда дүниеден озды. Сол ақсақалдардың айтуы бойынша және өзімнің көзіммен көрген жәйттерді баяндайын. Малтай әлді шаруа болған, бірақ ұлы кәмпескеге ілікпеген, жалғыз баласы Қабдуәли ерке, жомарт, қайырымды болған. 1931 жылдың күзінде Малтай атамның соңына шолақ белсенділер түсіп ұрып-соғып, мылтықтың дүмімен қабырғасын сындырып, ұстап алып кетті. Ақмоланың түрмесінде 2 айдан кейін қайтыс болып, қала ішіндегі бейітке жерленеді. Ал, Қабуәли әкемді ұйықтап жатқан жерінде басын екі рет шабады. Екінші рет қайтара басын шапқанда «менің қандай жазығым бар еді» деп айтып үлгереді. Басын аудан орталығына әкеліп, оны прокурордың бөлмесіне 2-3 тәулік іліп қояды. Сонсоң сүйегін бір шұңқырға лақтырған».
Қызыл империя адамдардың тағдырын ойыншыққа айналдырғанын мынадан да көруге болады. Айталық, ел сүйіктісі Қабдуәлидің ұсталу тарихын ұлы Қазиев Шияп былайша баяндайды: «Әкем Қабдуәли киім-кешек, шәй-қант алу үшін бір семіз биесін сойып, мені жанына ертіп, Қызылту селосындағы базарға сатуға апарды. Ат – семіз. Базарда сатып тұрғанда бір милиция жігіті келіп, ақшасын берместен өзі көтергенше бірсыпыра етті ала жөнелді. Сол кезде әкем қуып барып, әлгі етті қолынан тартып алды. Сол-ақ екен, бір милиция жігітін ертіп әкеліп, әкемді тұтқындап, етін, ат-арбасын бәрін милиция ауласына алып барды. Етті өздері жіліктеп бөліп алды. Әкемді абақтыға жапты. Мен шырылдап қала бердім».
Мұрағат қорларынан табылған деректер бойынша Қызылжардың Қызылту өлкесінен 51 азамат нақақтан қудаланған. Және де 1941-1955 жылдар аралығында 36 адам айыпталған екен.  Ең қиыны саясатпен шаруасы жоқ жазықсыз жандардың тағдырлары өзекті өртейді.

Әңгімеңізге рахмет! 

  

Байланысты жаналықтар

Жаңалық ауылында жерленген репрессия құрбандары зерттелуде

17.07.2023

Полиция қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға шектеу қойды

31.05.2023

Боқтампаз армия: Путин Сталиннің әрекетін қайталай ма?

27.09.2022

Депутат шеруге Сталин мен Берия портретін алып шыққандар туралы: Олардың өз таңдауы

11.05.2022

Қанышер Кайгородцев. Қуғындалған абыралылықтар

05.04.2022

Ашаршылық нәубеті: 100 отбасының тарихын баяндайтын кітап

31.03.2022
MalimBlocks
Жаңалық ауылында жерленген репрессия құрбандары зерттелуде

Елді мекеннен арнайы мұражай ұйымдастырылып, нәубет  құрбандарына еңселі ескерткіш қойылған

Полиция қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға шектеу қойды

Билік 4 миллионнан астам құрбан мен 25 мың атылған боздақтарды мансұқ етті

Боқтампаз армия: Путин Сталиннің әрекетін қайталай ма?

Неміс әскері Совет әскерінің тау болып үйілген өлігінен өте алмай қалған... Сталин үшін қару-жарақ мәселесі болмаса, адам жетіспеушілігі онша бір бас ауыртатын проблема болмаған. Путин үшін бұл екі жетіспеушілік те үлкен проблема болатын түрі бар.

Депутат шеруге Сталин мен Берия портретін алып шыққандар туралы: Олардың өз таңдауы

Бұрынғы коммунистер қазіргі Қазақстан халықтық партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ғазиз Құлмұхаметов 9 мамырда көшеге Иосиф Сталин мен Лаврентий Берияның портретін көтеріп шыққандардың бұл әрекетің олардың өз моралдық құқығы деп бағалады.

Қанышер Кайгородцев. Қуғындалған абыралылықтар

Жігіттердің саусағына ине сұғып, башпайларын отпен қарып, әрқайсысына көр қаздырған.

Ашаршылық нәубеті: 100 отбасының тарихын баяндайтын кітап

Алайда,  қасіретті оқиғалардың тікелей куәгерлері өмірден озған