Ресей Федерациясы Сирияның жаңа билігінің Башар Асадты экстрадициялау туралы өтінішіне теріс жауап берді. Бұл жөнінде The New York Times газетіне берген сұхбатында Сирияның уақытша президенті, «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) радикалды тобының жетекшісі Ахмед аш-Шараа мәлімдеді.
Аш-Шарааның айтуынша, экс-президент Асадтың экстрадициясына қатысты өтініш Ресейге биылғы жылдың қаңтар айында жолданған. Алайда, Мәскеу бұл сұранысты қанағаттандырудан бас тартқан.
Соған қарамастан, Сирияның жаңа әкімшілігі Ресеймен арадағы қарым-қатынасты үзуді көздемейді.
«Ресей — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның әскери техникасы толықтай дерлік ресейлік өнім. Сонымен қатар, азық-түлік пен энергия жеткізу бойынша көпжылдық келісімдер бар, және біз соларға тәуелдіміз», — деді Аш-Шараа сұхбатында.
The New York Times-тың жазуынша, Ресей азаматтық соғыс кезінде Башар Асадтың режиміне жан-жақты қолдау көрсетіп, Сирияға әскери ұшақтар, кемелер, кеңесшілер және әскер жіберген. Аш-Шараа қазіргі уақытта Сирия басқа елдерден ресейлік қару-жарақтың баламасын ұсынатын ұсыныстар алмағанын атап өтті.
Фото: Balkis Press/ABACA/Imago Images