Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 22-туры аясында Жезқазғанның «Ұлытауы» өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдап, тартысты матч 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу Жезқазғандағы «Металлург» стадионында өтті. Матчтың бас төрешісі болып Көкшетаулық Антон Кучма қызмет атқарды.
Ойынның алғашқы минуттарынан алаң иелері белсенді шабуылдап, бірнеше қауіпті мүмкіндік жасады. Алайда есепті бірінші болып қонақтар ашты. Матчтың 33-минутында финляндиялық Ойва Юкколаның нәтижелі пасынан кейін Дастан Сәтпаев қақпашымен жеке шығып, мүлт кеткен жоқ. Бұл жас шабуылшының биылғы ҚПЛ-дегі бесінші голы болды.
Бірінші тайм соңында ойын тағдырына әсер еткен маңызды сәт орын алды. Қосымша уақыттың екінші минутында «Қайрат» футболшысы Әділет Садыбеков қарсылас ойыншы Хироки Харадаға тізесімен қауіпті соққы жасап, тікелей қызыл қағаз алды. Осылайша алматылық клуб екінші таймды бір ойыншы кем өткізді.
Үзілістен кейін «Ұлытау» басымдықты өз қолына алып, шабуылды үдете түсті. Қонақтар уақыт созуға тырысқанымен, матчтың 82-минутында алаң иелері таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан асырылған доптан кейін Максим Чалкин баспен дәл соғып, есепті 1:1-ге жеткізді.
Осы нәтижеден кейін «Қайрат» 22 ұпаймен турнир кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Ал «Ұлытау» 15 ұпай жинап, үздік бестік қатарында келеді.
«Ұлытау» - «Қайрат» 1:1 (0:1)
Голдар:
- Сітпаев, 33 – 0:1
- Чалкин, 82 – 1:1
Қызыл қағаз:
- Садыбеков, 45+2 («Қайрат»).