Шымбұлақта орналасқан мейрамхананың әкімшісі қазақша қызмет көрсетуден бас тартып, халықтың ашуына тиді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында болған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы парақшасында жазған.
"А че разве это проблема, что если здесь никто не говорит на казахском?". Осы сөзді мен Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының администраторынан естідім. Администратордың есімі - Елена. Мен өте сабырлы түрде бір ғана сұрақ қойдым: мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма деп.Жауап ретінде - боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды: - "Я родилась в СССР и не обязана говорить и обслуживать на казахском языке" - "Мне казахский язык не нужен", - дейді жазба авторы (bakhytzhanoff).
Оның сөзінше, мейрамхана әкімшісі мәселені шешудің орнына арандатып, жанжалды ушықтырған. Осылайша жазба авторы болған жайтты видеоға түсіре бастаған.
"Тіпті мені қуып шығаруға тырысып, физикалық әрекетке дейін барды.Одан кейін полиция шақырылды. Соның салдарынан мен шамамен 3 сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта мені күтіп қалды. Оқиғаны растайтын видео бар, сондай-ақ бәрін растай алатын басқа куәгер де бар", - дейді ол.
Жазба авторы бұл жағдай кез келген жерде емес, еліміздің имиджі қалыптасатын туристік аймақта болғанын, ал мемлекеттік тілді қорлау - бұл жеке пікір де, ұсақ мәселе де емес екенін атап өтті.
"Мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайды", - дейді жазба авторы.
Ал мейрамхана өкілдері бұл жайтқа пікір білдірмеген. Біраз уақыт бұрын олардың әлеуметтік желідегі парақшалары ашық болған. Осы оқиғадан кейін олар парақшасын "жауып" тастаған.