Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкіметтегі баспасөз конференциясында Қазақстанда жүргізушісіз көлік құралдарын енгізу қалай жоспарланып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Қазақстанда жолдарды салу барысында болашақта қолданылатын жүргізушісіз жүк көліктері үшін арнайы датчиктер орнату жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл датчиктер көліктің бағдарын айқындауға арналған.
"Халықаралық болжамдар бойынша 2036-2040 жылдары жүк көліктері іштен жанатын қозғалтқышсыз, электр қуатымен жұмыс істейді. Екіншіден, олар автопоезд жүйесін қолданады және жүргізушісіз басқарыланады. Әлемде қазірдің өзінде қалаларда жүргізушісіз таксилер жүреді. Жүк көліктерін жүргізушісіз басқару уақыт еншісінде", – деді министр.
Оның айтуынша, пилотсыз жүк көліктерін енгізу бойынша пилоттық жобаны Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен бірлесіп, шекара бекеттерінде іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл учаскелерде жүргізушісіз көліктерді пайдалану өткізу процесін айтарлықтай жеделдетеді. Кейін бұл жүйені бүкіл ел аумағына енгізу көзделген.
"Бағдарламамыз бар. Егер 2027 жылы көрші мемлекеттермен бірлесіп ауқымды пилоттық жобаны іске қоссақ, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше серпін береді деп ойлаймын. Бүгінде жүргізушілердің жалақысы жүк тасымалы құнының елеулі бөлігін құрайды. Сонымен қатар жүргізуші көліктің жүрісін шектейді, тахограф талаптары бойынша ол үздіксіз небәрі 8 сағат қана жүре алады. Ал автопилотпен басқарылатын көлік тәулігіне 24 сағат жүре алады. Жылдамдық бірнеше есе артады, экологиялық тиімділік те жақсарады", – деп түйіндеді Нұрлан Сауранбаев.