Үкімет қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде "Құрметті донор" марапаты тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
"Құрметті донор" төсбелгісін алғаш болып 481 қазақстандық алады. Олар – белгіленген талаптарға толық сай келетін, тұрақты түрде қан тапсырып жүрген донорлар.
Үкімет қаулысына сәйкес, бұл ведомстволық төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз донорлық жасағаны үшін беріледі. Ол үшін:
Қанды және (немесе) тромбоцитті кемінде 40 рет;
Қан плазмасын кемінде 70 рет тапсыру қажет.
Үкіметтің бұл шешімімен адамдардың өмірін құтқаруға тұрақты әрі ақысыз үлес қосып жүрген донорлардың еңбегі ресми түрде мойындалды. Енді олардың игі ісі "Құрметті донор" деген ерекше мәртебемен бағаланады.
Төсбелгілерді Қазақстан теңге сарайы жасады. Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен. Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.
Жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасайды. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құйылып, аман-есен сауығып кетеді.
Сондай-ақ халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болған қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.