Жазғы туристік маусым қарсаңында Қазақстанда ішкі бағыттардағы көлік қатынасын күшейтуге бағытталған қосымша шаралар қолға алынды. Көлік министрлігінің мәліметінше, сұраныс жоғары бағыттарда қосымша пойыздар мен әуе рейстері іске қосылады, деп хабарлайды Malim.kz.
Осы жазда ел бойынша 15 қосымша теміржол бағыты ұйымдастырылып, пойыздар 16 маусымнан бастап қатынай бастайды. Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодардан Достық пен Балқаш секілді туристік аймақтарға қатынайтын бағыттар ашылады. Бұл шамамен 550 мың қосымша жолаушы орнын ұсынуға мүмкіндік береді.
Жолаушылар саны артқан жағдайда қолданыстағы пойыз құрамдары да ұзартылмақ. Жаз мезгілінде бір пойыздағы вагон саны орта есеппен 19–21-ге дейін көбейеді. Сонымен қатар 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша жаңа жолаушылар пойызы қатынайды.
Әуе қатынасы да кеңейтіледі. Маусым мен тамыз аралығында Астана мен Алматыдан Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттарына аптасына жеті рейске дейін қосымша ұшақтар қатынайды. Бұл бағыттардағы билет бағасы әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталып, 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда аптасына 813 рейс орындалып, 60 ішкі әуе бағытына қызмет көрсетіліп жатыр. Ал субсидиялау бағдарламасы аясында 24 тұрақты бағытқа 6,4 млрд теңге бөлінген, оның басым бөлігі туристік бағыттарды қамтиды.