Қазақстандықтар 2026 жылдың алғашқы жеті айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарының 435,2 млрд теңгесін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсаған. Бұл туралы БЖЗҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қаңтар-шілде айларында қордан жасалған барлық төлемдер мен аударымдардың жалпы көлемі 1,08 трлн теңгеден асты. Оның ішінде 170,95 млрд теңге зейнет жасына жеткен азаматтарға төленген. Орташа ай сайынғы төлем 38 993 теңгені құрады.
Зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға немесе емделуге тек ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалануға болады. Бұл мүмкіндік кейбір зейнеткерлерге, зейнетақы аннуитетін иеленушілерге және еңбек сіңірген жылдары үшін төлем алушыларға да беріледі.
1 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары 28,35 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 14,1%-ға немесе 3,5 трлн теңгеге өскен. Жыл басынан бері жеке зейнетақы шоттарына 2,1 трлн теңгеден астам жарна түскен.
Ал бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша БЖЗҚ активтері 26,8 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 6,7%-ға жоғары. Алты айда зейнетақы жарналары 1,5 трлн теңге, ал инвестициялық табыс 1,1 трлн теңге болды.