Талғар ауданында хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Ғалымжан Шерзатұлының денесі қайта қазылып алынды. Бұл туралы заңгер Бағдат Амандосұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Заңгердің сөзінше, бұл жағдай бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесіне айналған.
"Ғ.Шерзатұлының денесі жерден қазылып алынды. Бұл – бір отбасының емес, бүтін қоғамның дерті. Әділет кешікпеуі керек. Үнсіз қалмау – бәріміздің міндетіміз", – деп мәлімдеді заңгер.
Оқиға қалай өрбіді?
Orda.kz дерегіне сәйкес, Ғалымжан Шерзатұлы Түркістан облысы Келес ауданының тумасы. Алматыда әкесімен бірге тұрып, жұмыс істеген, қосымша такси қызметін атқарған.
Марқұмның анасы Гүлнәр Момынованың айтуынша, 2025 жылғы 24 желтоқсанда ұлы танысу сайты арқылы бір адаммен кездесуге барған. Кейін кездескен адамның 14 жастағы жасөспірім екені анықталып, байланыс тоқтатылған. Алайда сол кезде екі жақтың телефондары ауысып кеткендіктен, Ғалымжан келесі күні Талғарға қайта барған.
Туыстарының мәліметінше, дәл сол күні оны Талғар аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Ғалымжан қалдырған хатта полиция бөлімінде азаптауға ұшырағаны, бейнебақылау камераларының өшіріліп, басына пакет кигізіп соққы көрсетілгені жазылған.
Айыпталған жайттардан кейін ол үйіне жіберілген. Сол түні анасымен ұзақ сөйлесіп, хал-жағдайын сұраған. Келесі күні таңертең үйінен шығып кетіп, ұялы телефоны мен қоштасу хатын пәтерде қалдырған.
40 күннен кейін ашылған дерек
Әкесі мен туыстары оны іздеп, түрлі мекемелерге жүгінген. Алайда кейін белгілі болғандай, Жетісу аудандық полициясы оның денесін қала сыртынан тауып, "туысы жоқ адам" ретінде жерлеген. Бұл туралы отбасы тек 40 күн өткен соң ғана хабардар болған.
Марқұмның жақындары бұл жағдайға күмән келтіріп отыр.
"40 күн ішінде денедегі азап іздері жойылып кететінін біліп, әдейі уақыт созған сияқты. Сүйегі де терісінен ажырап кеткен. Бұл істе бір шикілік бар", – дейді туыстары.