freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Шешесінің етегін жібермейді": Роза Әлқожа отбасы мәселесі туралы шындықты айтты

Қоғам
"Шешесінің етегін жібермейді": Роза Әлқожа отбасы мәселесі туралы шындықты айтты
Роза Әлқожа. Фото: instagram.com/roza_alqozha

Әнші Роза Әлқожа қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе туралы пікір білдіріп, отбасындағы әйелдерге түсетін жауапкершілік пен қысым жайында ойын ортаға салды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің жазуынша, оқырмандарының бірі одан көпшілік талқылап жатқан "Барни" оқиғасына қатысты неге үнсіз қалғанын сұраған. Осыған жауап берген әнші қоғамда осындай жағдайда жүрген қыз-келіншектердің аз емес екенін айтты.

"Сіз неге барни жайлы үндемедіңіз?" депті бір оқырман. Не дейін? Әдетте әңгіме бәрі біткенде ғана айтылады, ашылады. Ал сол халде жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Торға түскен торғайдай, "келінді күң қылады күте алмағанның" күйін кешіп жүр. Кетейін десе "кел" дейтін анасы жоқ. Ата-ананың абыройы, аға-бауырдың намысы деп іштей тұншығады. Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?! Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек? Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек? Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!" – деп жазды өнер иесі.

Роза Әлқожа бұл мәселенің түп-төркіні әлдеқайда тереңде жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, кей әйелдер отбасы мен туыстардың абыройын ойлап, өз мәселесін ашық айта алмайды.

"Жазайын десең сөз көп. Айтсаң ар жағы ақтарылып кете ме деп аузыңды ашпайсың. Әйтпесе әндетпек түгілі, зар дастан айтуға бармыз. Үндемегенге сүмелек, жасырғанға жасық деп қалмаңыздар. Сұрайтын адам болмаған соң да ішімізде. Күйбеңнің қамытын бәр келінге артып қойып, қызықтап отыратын бұл азаптар алаңы емес. Оның да арманы бар, қалауы бар, көңілі бар. Оның да жүйкесі бар, ашуы бар, адам деген аты бар, Алланың аманаты жекеменшік емес. Сүйегінің сұрауы бар, затының тегі бар. Тек, "жұрты қалар баламның көшіп көрсем" деп босағасын тастай алмай жүр… Отбасы деген – жауапкершілік. Әуелде шамасы келмейтін балаға келін алмау керек. Жараспаса жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы. Шешесінің етегін жібермейтін еркек көп. Ананы сыйлау әйелді жығып беру емес. Есею керек ерлерге. Отбасының тізгінін ұстай алмаған Отанды қалай қорғайды?!" – деп түйіндеді Роза Әлқожа.

Еске сала кетейік, Роза Әлқожа бұған дейін Шымкент қаласында өткен концертіне қарамастан қаржылық пайда көрмегенін айтып, өз наразылығын білдірген.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылғы 1 қазанда Өзбекстанның Амангелді ауылында дүниеге келген.

Отбасындағы тұңғыш перзент болған Роза Әлқожа ата-әжесінің тәрбиесінде өседі. Бала кезінен өнерге қызығушылық танытып, домбыра үйірмесіне қатысқан және түрлі байқауларда бақ сынаған. Мектепті үздік тәмамдағаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

Студенттік жылдары ән жазып, шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң біраз уақыт журналистика саласында еңбек етіп, кейін кәсіби түрде өнер жолын таңдаған.

Әншінің көпшілікке танылуына студенттік сахнада орындаған "Орамалды" әні ықпал етті. 2008 жылы оның "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомы жарық көрді.

Роза Әлқожаның "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" секілді әндері тыңдарман арасында кең тарады. Ол шығармашылығында қазақтың дәстүрлі әуендерін заманауи музыкалық бағыттармен ұштастырып, өзіндік орындаушылық мәнерін қалыптастырды.

Өнер иесі ән орындаумен қатар, өлең жазып, әнге әуен шығаратын автор ретінде де танылған. Бүгінде Роза Әлқожа шығармашылық қызметін жалғастырып, түрлі концерттік бағдарламаларға қатысып жүр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу