Павлодарда шақырту бойынша келген жедел жәрдем бригадасы пациентке жете алмады: көлік жолын шлагбаум бөгеді, деп хабарлайды Malim.kz news_pvl-ге сілтеме жасап.
Дәрігерлер тобы 9-қабаттан құлап кеткен балаға көмектесуге келген, алайда шлагбаумды ашатын пульті бар бірде-бір адам табылмаған.
Баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет болғандықтан, жедел жәрдем қызметкерлері шлагбаумды сындыруға мәжбүр болды.
Бұған дейін қазақстандықтар Астанадағы "Көркем-3" тұрғын үй кешенінде үш баланың өмірін қиған өрт кезінде құтқарушылардың "20 минут бойы әрекетсіз отырғанын" сынаған болатын. Өрт сөндірушілер автосаты мен автоцистернаның өтуіне кедергі келтірген көлікті 20 минут бойы соқпай, күтіп тұрған.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков жедел қызметтерге шақырту орнына баруға кедергі келтіретін көліктерді, шлагбаумдар мен басқа да нысандарды ысырып тастауға рұқсат беруді ұсынды. Ол тиісті сауалын премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.
Төтенше жағдайлар министрлігі көліктерді қасақана соғуға жол берілмейтінін мәлімдеп, өз ұстанымдарын негіздеді. Атап айтқанда, ведомство өкілдері өрт сөндіру кезінде заңды түрде әрекет еткен өрт сөндірушілер келтірілген шығынды өтеуден босатылатынын атап өтті. Бұл ретте ТЖМ өкілдері заңда азаматтардың көлігін соғуға мүмкіндік беретін тікелей норма қарастырылмағанын және Қазақстан Конституциясы бойынша жеке меншік мемлекеттік меншікпен тең дәрежеде танылатынын әрі қорғалатынын баса айтты.